Мектепте өлкелік мұражай ашылды

Көне домбыраны, жүзжылдық тарихы бар ұршықты, әскери жылдардағы ордендер мен медальдарды, кеңестік түрлі кәдесыйларды және бұдан басқа да тарихи жәдігерлерді енді ауылдағы білім ордасынан-ақ тамашалай аласыз. Зырян ауданы, Чапаев ауылындағы орта мектепте «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында өлкелік мұражай ашылып, қызметін бастады.
Мұнда мектеп оқушылары мен ұстаздар зерттеу жұмыстарымен шындап айналысқан. Ақсақалдармен әңгімелесіп, ауылдың тарихына қатысты деректерді жинақтап, ұмыт болған салт-дәстүрлерді қайта жаңғыртқан. Мәселен, оқушылардың денін таңғалдырған ырымның бірі – ертеде қыздар өзінің жіп иіретін ұршығын, ешкімге, тіпті уақытша да бермеген екен. Егер олай етсе, өртке немесе басқа да бақытсыздыққа әкеліп соқтырады деген сенім болған. Ал жігіттер сол ұршыққа өзінің атын жазар болса, міндетті түрде ұршықтың иесіне үйлену керек болған.
– Мектеп мұражайын құру аудан әкімі Нұржан Тоқсейітовтің тапсырмасынан бастау алды, – деп түсіндіреді аудандық білім, денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары Бақытгүл Қанафина. – Іздеу және зерттеу жұмыстары барлық ауылдық округтерде, кенттер мен қалаларда жүргізіліп жатыр. Оқушылар туған өлкенің тарихын зерттеуде. Аудан мектептерінде өлкетану бұрыштары болса, қазірдің өзінде он мектепте мұражай ашылған. Жақында ғана Серебрянка қаласында Инюшин атындағы №1 мектепте этнозалдың тұсаукесерін жасадық.
Чапаев мектебінің директоры Галина Рыбинаның айтуынша, жаңа кабинеттің ұстаздар үшін жасөспірімдерді тәрбиелеу мәселесінде алатын рөлі зор. Мәселен, жаңартылған білім беру жүйесіне сәйкес кейбір, тарих немесе география секілді пәндер мектеп мұражайында өткізілуі тиіс. Мектеп басшысы жәдігерлерді жинауға белсенді қолдау көрсеткен округ әкімшілігіне, ауылдастарына, зыряндық ауылшаруашылық колледжіндегі әріптестеріне ризашылығын білдіруде. Айтпақшы, мұражайға негізінен кітапханашы Зинаида Натарова жинақтаған материалдар қойылған.
Мұражайдың ашылу салтанатына өзге де білім ошақтарының басшылары жиналды. Чапаев ауылдық округінің әкімі Ғабдырашит Ғабдиев өз сөзінде бұл шараның ауылдықтар үшін маңызы үлкен екендігін атап өтті. Ауылдың тарихы, ардагерлердің жеңісі – мақтанарлық қана емес, сонымен бірге өскелең жастарға үлгі-өнеге боларлық дүние болмақ.

Мұражайдың жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі Алла Ермакованың айтуынша, материалдарды жинауда ауылдастардың еңбегі ерен болған. Олар үйдегі атадан балаға жалғасып, сақталып келе жатқан құнды жәдігерлерді, қасиетті мұраларды, бағалы ескі тұрмыстық заттарды, құжаттарды ойланбастан осында тапсырған.
– Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Оконечниковтың туыстары оның майданнан оралған соң, жасалған портретін және марапаттарын бізге тапсырды. Олардың ішінде «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Жауынгерлік Қызыл Ту» ордені, «Батырлығы үшін» медалі бар дейді, – педагог. – Соғыстан соң майдангер ұстаздық етті, Снегиреводағы және Лаптихадағы мектептерді басқарды. 39 жылдық ұстаздық қызметінде жас буынның тәрбиесіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Қазір бізде оның немересі Вера Петрова жұмыс істейді.
Музейге сыйланған өткен ғасырдың еншісіндегі ұршықты, әлі де жұмыс бабындағы жазу мәшінкесін осыннан табасыз. Ауылдастар сыйлаған заттардың арасында бұлармен бірге музыкалық аспаптар – домбыра мен сылдырмақ, қолдан тоқылған тоқыма, үлдір шілтерлер, ыдыс-аяқ, өткен ғасырлық кішкене мүсіндер де бар.
Жаңа мұражай оқушылардың да жиі бас сұғар сүйікті мекеніне айналары сөзсіз. Бұл жерден олар туған өлке туралы көптеген мәліметтерге қанықпақ. Мұражайда «Біздің ауылдың тарихы», «Олар Жеңіске жеткізді», «Мектеп тарихы» атауларымен бірнеше тақырыптық бұрыштар да ашылған. Қазақ, орыс халықтарының күнделікті тұрмысы мен салт дәстүрінен мол ақпарат беретін ұлттық киімдер, ыдыстар, сандықтар, шойын қазандар да орын тепкен. Мұражайды безендірудегі мұғалімдер мен оқушылардың табанды еңбегін де айтып өткен орынды. Олар көптеген заттардың макетін шын нұсқасынан айнытпай картоннан қиып та жасаған.

Жас зерттеушілер бүгінгі күннің батырларын да ұмыт қалдырмаған. Ауылдың жылнамасына шаруа қожалықтарының жетекшілері мен үздік жұмысшылар, дәрігерлер мен мұғалімдердің есімдері де енгізілген. Айтпақшы, мұражай орналасқан мектеп 2015 жылы жаңадан пайдалануға берілген, мұның өзі енді тарихқа айналып барады. Галина Рыбинаның айтуынша, іздеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таба береді. Себебі, алда мұражай қорын толықтыру жоспары тұр.
Оксана Сосновская
Мақала Зырян аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен әзірленді.