Білім

«Мектепке жол» акциясына белсене қатысты

«Мектепке жол» акциясына белсене қатысты
Биыл «Менің таңдауым – балаларға көмек» ұранымен ұйымдастырылған «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетілді. Жомарт жандардың бірі, ағаш өңдеу және жиһаз жасау шеберханасын ашып, халыққа сапалы қызмет көрсетіп жүрген кәсіпкер Равиль Сәбитов бірнеше жылдан бері қайырымдылық іс-шарларын жүзеге асыруды әдетіне айналдырып, биыл да аз қамтылған отбасында тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерді жаңа оқу жылында керек-жарақтарымен қамтамасыз етті.
Аудандық білім бөлімімен байланыс орнатқан кәсіпкер алдымен көпбалалы отбасында тәрбиеленіп отырған және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың тізімін алады.
-Балғындар жазғы демалыста болғандықтан, анам екеуіміз әр баланы мекенжайлары бойынша аралап қайтуды жөн санадық. Ең алдымен Жамбыл ауылының тұрғындары, ата-ана қамқорлығынсыз қалған Мүсілім мен Самира Сүлейменоваға, сондай-ақ көпбалалы отбасында тәрбие алып отырған бірінші сынып оқушысы Айым Ракишеваға оқу құралдарын табыс еттік. Қаратал ауылына да ат басын бұрып, Руслан Ақылбековті жаңа оқу жылына қажетті құрал-жабдықтармен қамтыдық, – дейді шеберхана иесі.
Игі бастама аудандағы өзге кәсіпкерлер арасында да жалғасын табуда. Мәселен, жеке кәсіпкерлер А.Қоңырханов, Д.Абжанов, Р.Сәбитов те осы акцияға өз үлестерін қосып келеді. Д.Абжанов 16 балаға көмек қолын созса, кәсіпкер Р.Сәбитов жеті, А.Қоңырханов он бүлдіршінге материалдық көмек көрсетті. Аудандық мешіт өкілдері де жиырма оқушыны мектепке дайындады.
Биыл кәсіпкерлердің көмегімен «Мектепке жол» акциясы аясында 313 бүлдіршін бюджеттен тыс құны 1 млн. 982 мың теңгені құрайтын материалдық көмек алды. Аудан әкімінің ұйымдастыруымен 103 оқушы мектепке қажетті оқу-құралдарымен толық қамтылды. Бұдан бөлек, міндетті білім беру қоры арқылы балаларға көмек көрсетілмек.

Айжанат Бақытқызы
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button