«Мектепке жол» акциясы басталады
Кеше облыста жыл сайынғы республикалық «Мектепке жол» акциясымен қатар, «Нұр Отан» партиясының «Баланы мектепке жинайық!» қайырымдылық шарасы бастау алды.
Екі акцияның да мақсаты бір. Ол – аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға материалдық көмек көрсету.
Акцияның бастау алуына орай өткізілген баспасөз мәслихатында партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Олег Чугунков өңір меценаттарының қолдауымен алдағы оқу жылына мыңға тарта баланы мектепке дайындау міндеті тұрғандығын атап өтті. Өткен жылы «Баланы мектепке жинайық» акциясының барысында облыста 80-ге жуық іс-шара өткізіліп, мыңдаған бала материалдық көмекке ие болған еді.
– Партия бизнес қауымдастығы өкілдерін «Баланы мектепке жинайық!» акциясына белсенді қатысуға шақырады. Айта кету керек, материалдық көмекке зәру отбасылар жергілікті жердегі партияның қоғамдық қабылдауына жүгінулеріне болады. Сонымен қатар, мемлекеттік өкілетті органдарға өтініш бере алады. Акция аясында аула бойынша жүргізілген рейд барысында анықталған материалдық көмекке мұқтаж жандар да назардан тыс қалмайды,-дейді Олег Чугунков.
Акцияға демеушілер ғана емес, партия өкілдері де біркісідей атсалысады. Партияның белсенді өкілдерінің бірі – Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова баспасөз мәслихатына арнайы келіп, облыс тұрғындары мен бизнес өкілдерін аталмыш акцияға үн қосуға шақырды.
– Бұл өте игілікті іс екендігін атап өткім келеді. Өйткені, арамызда түрлі отбасылар мен топтар бар. Баланы мектепке жинаудың оңай емес екендігін ана ретінде өзім де сезініп жүрмін. Сондықтан бар баланың көңілін табуға мүмкіндігі жетпей жатқан отбасылар мен жандарға қол ұшын созайық,-деді ол.
Айта кету керек, партияның ұйымдастыруымен өтетін акция 1 тамыз бен 31 тамыз аралығын қамтиды. Ал Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен өтетін «Мектепке жол» акциясы 1 тамыздан 31 қыркүйекке дейін жалғасады.
Облыстық білім басқармасының өкілі Жанар Ислямованың айтуынша, өңірде 28 836 бала аз қамтылған отбасында тәрбиеленуде. Сондай-ақ 874 жетім бала тіркелсе, 1137 бала ата-ана қамқорлығынсыз қалған. «Мектепке жол» акциясы барысында осы балалардың барлығын мектепке жинау жоспарланған. Басқарма өкілінің айтуынша, акция барысында ата-аналар кеңесі, педагогтар мен құқық қорғау органдарының қатысуымен аулаларды аралап, орта біліммен қамтылмай жүрген балаларға ерекше назар аударылады.
Лаура Тілеубайқызы