Мектеп сахнасында – «Әпке» драмасы
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі жатақханасының тәрбиеленушілері белгілі жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековтің «Әпке» драмалық қойылымын сахналады.
-Жатақханадағы «Лира» әдеби клубы мүшелерінің күшімен көрерменге жол тартқан пьеса шәкірттеріміздің театр саласындағы алғашқы қадамы, – дейді зияткерлік мектептің баспасөз қызметінің жетекшісі Ермек Исабаев. Қойылымды тамашалауға келгендер қарасы аз болған жоқ. Мектеп басшылығы, ұстаздар, оқушылар, тіптен ана-аналар да келіп, жас өнерпаздардың талпынысына шынайы көңілмен қол соқты.
– Дулат Исабековтің «Әпке» драмасы бүгінгі заман ағысымен ұлттық құндылықтарды жоғалта бастаған, адамгершілік, парыз, борыш ұғымдарын жете түсінбейтін жастардың бейнесін ашып көрсететін шығарма,- дейді «Лира» әдеби клубының жетекшісі, тәрбиеші Мұхамет Жеңісұлы, – осы пьесаны арнайы таңдап алуымыздың да өзіндік себебі бар. Біз осы қойылым арқылы әр оқушымызға отбасындағы тәрбиенің рөлі үлкен екенін, ағайын, туыс, бауыр арасындағы қарым-қатынастың маңызын айтқымыз келді. Балалардың мінез-құлқына, қабілетіне қарай шығармадағы рөлдер бөлініп беріліп, қысқа уақыт ішінде дайындық жүргіздік.
Шиеленісті оқиғадан басталған қойылымның желісі өрбіген сайын залдағы көрерменнің де жас әртістермен бір толқында күй кешкені анық. Көрерменін қуанта да, мұңайта да да білген кейіпкерлердің өнері бас бармақпен бағалауға тұрарлық.
Дарынды балалардың өнеріне тәнті болған ұстаздар драманың мектеп сахнасында қайта қойылуын сұрады.
Раушан Нұғманбекова
Семей.