МЕКТЕП ПЕН ЖАТАҚХАНА САЛҒАНҒА ЖЕҢІЛДІК БАР

Студенттер жатақханалары мен мектептер, интернаттар салуға, оларды қайта жаңғыртуға қатысқан кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау, көмектер көрсетіліп, жеңілдіктер жасалады. Облыс кәсіпкерлері палатасында өткен кездесуде Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ өкілі әлеуметтік жобаларға қатысудың шарттарын түсіндірді.
Zoom форматында өткен кездесуде «Қаржы орталығының» өкілі Ақжол Құрмансейіт әлеуметтік нысандар құрылысты жүргізетін кәсіпкерлердің қаражатына салынатынын айтты. Кәсіпкер жатақхана салған жағдайда мемлекеттік тапсырыс аталған нысан пайдалануға берілген соң 8 жылға, бір төсек-орынға 122 АЕК-тен (355 мың теңге) беріледі, ғимаратты жатақхана етіп қайта жаңғыртса, бір төсек-орынға мемлекеттік тапсырыс 47 АЕК-тен (137 мың теңге) берілмек. АЕК мөлшері жыл сайынғы индекстеу көлеміне қарай өзгеріп отырады.
Инвестор кәсіпкерлерге мемлекеттік тапсырыс төлемінен басқа, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша соңғы өсімі 6 пайыздық банктік несиені субсидиялау, типтік және жеке үлгідегі дайын жобалау-сметалық құжаттарын беру, студенттердің тұруына 10 мың теңге көлемінде ақы төлеу, сондай-ақ жатақхана аумағындағы коммерциялық (спортзал, шаштараз, дүкен, коваркинг-орталық, т.б) алаңдардан табыс түсіру мүмкіндігі сияқты жеңілдіктер беріледі.
Жобаға қатысушы кәсіпкер жатақхана салған жағдайда 8 жыл бойы 1,6 млрд. теңге көлемінде кепілденген табыс түсіреді, кәсіпкер ғимаратты қайта жаңғыртып, 500 орындық жатақаханаға айналдырса, осы уақыт ішінде 630 млн. теңге кепілдендірілген табыс табады. Жатақханадағы орын саны құрылысты жүргізушінің есебімен 100 орындық және одан жоғары болуы мүмкін.
«Қазақстан Президенті жайлы мектептер мен жатақханалар салуды тапсырып отырғандықтан жергілікті билік органдары құрылыс салуға ниеттенген кәсіпкерлерді тез арада жер учаскелерімен қамтамасыз етуі тиіс. Жер беру мәселесі Білім және ғылым министрлігінің тікелей қадағалауында болады, проблема туындаған жағдайда кәсіпкерлер тікелей осы министрлікке шыға алады»,- деп нақтылады кәсіпкерлерге жер берудің мән жайын облыс кәсіпкерлері палатасының адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Әсет Әділхан.
Кездесуде білім беру нысандарының қызметіне лицензия беру тәртібінің жеңілдетілгені айтылды. «Мысалы, бұрын ғимаратта оқушылар үшін спортзал қарастырылмаған болса, онда лицензия берілмейтін, қазір спортзалды жақын маңдағы қандай да бір мекемеден жалға алып, спортзалды сол жерден ашуға болады. Әрине, мектеп иесі болашақта спортзалды жалға алмай, өз аумағынан ашуға тырысатыны анық», – дейді палата бөлімінің басшысы.
Мемлекеттік тапсырысты мектептер бойынша бөлуде бір оқушыға жылына 470 мың теңге төленеді, сонымен бірге мектеп салған жағдайда 96 АЕК (280 мың теңге) инвестициялық шығын, ғимаратты жаңғыртудан өткізіп, мектепке айналдырған жағдайда 47 АЕК (137 мың теңге) шығын төленеді. Мектеп салынып, пайдалануға берілгеннен кейін 8 жыл ішінде инвестор кәсіпкерге (500 орындық мектепке) 1,3 млрд. теңге кепілденген табыс түседі, ғимаратты мектеп ретінде жаңғыртса 8 жылдағы кепілденген табыс көлемі – 629 млн. теңге.
Жекеменшік мектептер мен интернаттарды салу, қайта жаңғырту жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру бойынша жүргізіледі. Осы орайда мемлекет ғимаратты салу кезінде бір орынға 122 АЕК (335 мың теңге), ғимаратты қайта жаңғыртуда бір орынға 47 АЕК (137 мың теңге) төлем төлейді.
«Мектептер мен интернаттар салу жобалары аса қызықты әрі қажетті, болашағы бар әлеуметтік маңызды жобалар деп білеміз. Біздің облыста студенттер жатақханасы мен мектептерге деген қажеттілік аса жоғары. Бильярд, автожуу ашқанша, неге осындай қызықты жобаны жүзеге асырып, айналыспасқа?! Пандемия кезінде көптеген дәстүрлі бизнес түрлері шырғалаңға түсті. Сондықтан білім саласы нысандарына қаржы салу тиімдірек. Себебі, білім және ғылым министрлігі пандемия кезінде де білім беру саласын қаржыландыруды тоқтатқан жоқ, студенттер жатақханада тұрмаса да, оқушылар мектепке бармаса да мемлекеттік тапсырысты толық көлемде төледі», – деді кәсіпкерлерге әлеуметтік жобаларға қаржы салудың тиімділігі турасында Әсет Әділхан.
Әлеуметтік жобалар туралы толық ақпараттарды 8-800-080-28-28 (қоңырау шалу Қазақстан бойынша тегін) телефонынан, www.fincenter.kz. сайтынан және облыс кәсіпкерлері палатасынан 8 (7232) 742-954, 742-102 телефоны арқылы алуға болады.
Жанаргүл Мұқатай