Қоғам

Мектеп оқушысы дәнекерлеу аппаратын жасады

Семейдегі №3 орта мектебінде 1-7 сынып оқушылары арасында өткен «Зерде» республикалық зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар байқауының қорытынды кезеңі аяқталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Байқауға №6 гимназия, №47 орта мектебі мен Шәкәрім атындағы гимназия оқушылары қатысты.

Байқауда «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан үздіктер министрліктің I, II және III дәрежелі дипломдары мен медальдарын иеленді. Республикалық байқаудың қорытындысы бойынша 12 оқушы алтын, үш оқушы күміс және сегізі қола медальға ие болды. Білім және ғылым министрлігінің дипломдарымен Шәкәрім атындағы гимназия, №37 мектеп гимназия, Экономикалық лицей, Т.Аманов атындағы №16 мектеп, №№19, 17, 2 жалпы білім беретін мектеп оқушылары марапатталды.

– Шығыс Қазақстаннан 44 оқушы қатысты. Оның 23-і – Семей қаласынан. Олардың 12-сі жеңімпаз атанды. Бұл – мұғалімдер мен оқушылардың ортақ қуанышы. Біз балаларымыздың оқып, осындай жоғары жетістіктерге жеткеніне дән ризамыз, – дейді қалалық білім бөлімінің дарынды балалармен жұмыс жөніндегі маманы Гүлнар Жәкеева.

Байқауға қатысушылардың әрқайсы бір жылдан астам уақыт дайындалды. Қола жүлдегер, 9-сынып оқушысы Степан Пикулев осы зияткерлік жарысқа екі жыл дайындалған. Ол бала кезінен нақты ғылымдарға қызығушылық танытып келеді және болашақта өмірін осы саламен байланыстыруды жоспарлап отыр. Ол қуаты 625 Ватт қысқатолқынды пештен дәл контактілі дәнекерлеу аппаратын жасап шығарған.

– Әрине, оңай болған жоқ. Қазақстанда 7 миллионға жуық қысқатолқынды пеш қоқысқа кетеді. Олардың ішінен бірдей мөлшерде дәнекерлеу машиналарын жасауға болады. Мен физикаға көптен бері қызығамын. Бұған дейін әкем маған физика заңдарын үйреткен. Мен өмірімді осы саламен байланыстырғым келеді. Мектепті бітіргеннен кейін мен әскери немесе ядролық физикаға бет бұрамын деп ойлаймын, – дейді Степан.

Оқушылардың ғылыми жетекшілері де «Дарын» республикалық практикалық орталығының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Флора Левина

Осы айдарда

Back to top button