Мектеп күрделі жөндеуден өтеді
Өскеменнің маңындағы Шығыс ауылында орналасқан Абай атындағы №33 орта мектептің мәселесі партия бақылауына алынды. Жарты жылдай жабық тұрған оқу ордасының проблемасына партия өкілдері араласты.
Жаңа оқу жылында мектепте балаларды оқытуға байланысты ауыл тұрғындарымен өткен жиынға Amanat партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Айгүл Байжанова қатысты.
– Жаңа оқу жылында бастауыш сынып балаларын бұрынғы мектепте, ал 5-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушыларды №33 мектепте оқытамыз. Мектепте туындаған мәселеге байланысты күрделі жөндеу қыркүйек, қазан, қараша айларында жүреді. Жөндеу жұмыстарына байланысты мектептің бірінші қабаты жабылады. Екінші-үшінші қабаттарда балаларды оқытамыз. Қазір осы қабаттар оқу жылына толық дайын. Біз тиісті құзырлы мекемелерге күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан кезде балаларды оқытуға байланысты ресми хат жолдаймыз, егер олар рұқсат берсе, балалар оқитын болады, рұқсат етпесе, онлайн оқытуға тура келеді, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Сәуле Алагөзова.
Осы көктемде 28-ші тұрғын ауданда орналасқан Абай атындағы №33 орта мектептің қабырғасы жарылған болатын. «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында салынған бұл ауылда 300-ден астам отбасы тұрады. 600 орынға арналған білім ордасы 2011 жылы қолданысқа берілген. Он жылдан кейін пайда болған жарықшақтарды тәуелсіз сарапшылар тексеріп, «су құбыры жарылуынан асхана, дәліз едендері отырып, қабырғалары жарылды» деп баға берген.
– Балаларымыз онлайн оқып, сауатсыз болуға айналды. Дәстүрлі түрде мектепке барып оқыса дейміз. Партия өкілдері араласқаннан бері мәселе оңға басты. Жиында мектептің күрделі жөнделетіні айтылды. Осы жұмыстар тез аяқталып, балаларымыздың мектепке оралғанын қалаймыз, – дейді ауыл тұрғыны Меруерт Халидолла.
Құрамына ауыл тұрғындары, партия мүшелері мен депутаттар енген арнайы топ жөндеу жұмыстарын бақылайтын болады. Мәселе партия назарына алынды.
Ержан Әбіш