«Мектеп – колледж- ЖОО» байланысы нығайып келеді

Әлемді жайлаған індетке байланысты былтырдан бері мектеп оқушыларының қашықтан оқуға көшкені белгілі. Қашықтан білім алудың өзіндік машақаты да жетерлік. Ол туралы талай айтылып, талай жазылды да. Осыған орай Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасымен облыстық білім басқармасы өңір мектептері оқушыларының білім сапасын арттыру бойынша кешенді іс-шаралар жоспарын жасап, нақты қимылға көшті. Бұл күнде «Мектеп-колледж-ЖОО» үштағаны бірлесе әрекет етіп, ортақ іске кірісіп те кетті.
«Аманжолов онлайн мектебі» іске қосылды
Облыстағы жалпы білім беретін мектеп оқушыларының білім сапасын арттыру және олқылықтардың орнын толтыру бойынша облыстық білім басқармасы аймақтағы жоғары оқу орындарымен, педагогикалық колледждермен бірлесе жұмыс істеуге кірісіп кетті. Ең алдымен, жоғары оқу орындарымен, колледждермен кешенді іс-шаралар жоспарына қол қойылды.
Бұл бастамаға ерекше қолдау білдірген оқу орнының бірі – С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті.
- Бірінші кезеңде облыстық білім басқармасымен бірлескен жұмыс алгоритмі әзірленіп, 1 наурыздан бастап кешенді жоспарды іске асыру басталып кетті. Жоспар шеңберінде білім беру саласындағы «Педагогикалық ғылымдар» студенттерінің педагогикалық және өндірістік практикасын ұйымдастыру мәселесі қайта қаралып, практикадан өту аясында 3-4 курс студенттері мен магистранттары оқу сабақтарын өткізуге жұмылдырылды. Университеттің білім алушылары арасынан мектеп оқушыларымен жеке жұмыс істеу бойынша волонтерлер бекітілді. Өскемен қаласының 31 мектебінен және жеті ауданның 16 мектебінен барлығы 2908 оқушы қамтылды, – дейді аталған университет ректоры Мұхтар Төлеген.
Сондай-ақ мектеп оқушылары мен педагогтар үшін облыс мектептеріне қолдау көрсету бойынша университеттің меншікті платформасы «Аманжолов онлайн –мектебі» іске қосылыпты. Платформаның бөлімдерінде бейнесабақтар, кітапхана ресурстары және оқу-әдістемелік материалдар қамтылған. Платформаға кіру университеттің ресми сайтынан жүзеге асырылады және мұндағы барлық ақпарат тегін және барлық санаттағы студенттерге қолжетімді.
Кешенді жоспарға сәйкес 1 наурыз бен 14 сәуір аралығындағы бір жарым айдың ішінде «Аманжолов онлайн – мектебі» платформасында:
– BirgeOqu бағыты аясында 352 онлайн сабақ өткізіліп, оған 5280 оқушы қатысыпты;
-негізгі мектеп пәндері бойынша 16 ТЕDx-конференция ұйымдастырылып, YouTube-те «ШҚУ қашықтан білім беру технологиялары» бейнежазбалары орналастырылған, оның жалпы қаралымы 3,5 мыңнан асып кеткен. Қаралым саны бойынша оқушылардың химия, шет тілдері, биология, физика, математикаға қызығушылық танытқаны байқалады.
– бейнесабақтар бөлімінде оқу үрдісінде пайдалану және пәндер бойынша бейнежазбаның жекелеген тақырыптарын зерделеу үшін ұсынылған (1 мыңнан астам бейнесабақ орналастырылған, қаралым саны 20 мыңнан астам адамды құраған);
– педагогикалық бағыт бойынша 300-ден астам қатысушыны қамтитын бес бейінді мектеп сабағы ұйымдастырылған;
– көктемгі демалыс кезінде облыс мектептерінің мұғалімдеріне арналған STEM білім беру бойынша екі күндік вебинар өткізіліп, оған 284 мұғалім қатысқан.
-Өткізілген жұмыс барысында мектептердің ерікті студенттерді өз әріптестері ретінде қабылдай бастағанын байқадық, – дейді университет ректоры Мұхтар Төлеген.
Сонымен қатар ректор бұл бірлескен жұмыс түлектердің жұмысқа орналасу ықтималдығын арттыра түсетініне сенімді. Мысалы, Өскемен қаласының Шәкәрім атындағы №1 орта мектебінде коучинг өткізіліп, оған мектеп мұғалімдерімен қатар университеттің «Тарих», «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Шет тілі: екі шет тілі» бөлімдерінің студенттері қатысыпты. Осылайша, мектеп еріктілермен жұмыс барысында 4 курс студенттерінің ішінен мектепте жұмыс істеу үшін әлеуетті мұғалімдерді таңдау мүмкіндігіне ие болған екен.
– «Аманжолов онлайн-мектебі» платформасын ашу жобасы онлайн-құралдардың көмегімен студенттердің кәсіби дағдылары мен құзыреттерін іс жүзінде игеріп, бекітуге, сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшыларына әлеуетті педагогтарды іріктеп алуға болатынын көрсетті, бұл түлектерді жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етеді, – дейді ректор.
Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысының материалдық-техникалық базасы мен кадрлық әлеуеті С.Аманжолов атындағы ШҚУ педагогикалық мамандарды даярлаудағы жаңа қажеттіліктерге жауап беруге әбден қабілетті. Облыстық білім басқармасымен ынтымақтастық – бұл оқушыларды оқытудағы олқылықтардың орнын толтыру және өңір мектептерінің кадрлық әлеуетінарттыру ғана емес, сонымен қатар пандемия және пандемиядан кейінгі кезеңде аралас формат үшін оқытудың жаңа технологияларын енгізу. Заманауи білім беру тренді – әлеуметтік медиа. YouTube, Facebook, Twitter, Wiki, блогтар, подкасттар, әлеуметтік бетбелгілер – мұның бәрін оқуда қолдануға болады және қажет. Мысалы, блогтар мұғалім мен студенттердің кері байланыс құралы ретінде білімге жақсы кіреді, ал YouTube-те оқу сабақтары, TEDx дәрістері көрсетіледі. Интерактивті және виртуалды білім беру ойындарын оқытуға енгізу – қазіргі заманымыздың тағы бір жаңа бағыты болып табылады.
-Біз бүгін мемлекет, қоғам және бизнес жоғары оқу орнының алдына қойып отырған міндеттерді шешуге дайынбыз. Осыған байланысты «STEM-білім беру», «Химия және нанотехнология», «Физика және наноматериалдар», «Биология және молекулярлық генетика» атты жаңа білім беру бағдарламаларын ашу жоспарлануда, олар Қазақстанда әзірленген «Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласына» сәйкес өңірде 5-10 жыл бұрын сұранысқа ие, – дейді С.Аманжолов атындағы университет ректоры Мұхтар Төлеген.
«Еріктілер жасағы» құрылды
Облыстағы жалпы білім беретін мектеп оқушыларының білім сапасын арттыру және олқылықтардың орнын толтыру бойынша өңірлік жоғары оқу орындары, педагогикалық колледждердің және білім басқармасының 2021 жылға арналған іс-шаралар жоспары аясында Өскемендегі Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі де Өскемен, Риддер қалалары мен Күршім, Катонқарағай, Алтай, Шемонайха, Глубокое, Зайсан, Тарбағатай, Ұлан аудандарының мектеп оқушыларына жекелеген пәндер бойынша оқу бағдарламасының күрделі тақырыптарын зерделеп, консультациялық көмек көрсету жұмыстарын бастап кеткен көрінеді. Аталған колледж жалпы білім беретін облыс мектептерімен өзара жоспар құрған екен. Колледж Өскемен қаласы мен облыстық білім басқармасы бекіткен 10 аудан оқушыларының білімдегі олқылықтарды жою, көмек көрсетуді ұйымдастыру және педагогикалық еріктілер жасағы жұмысына студенттерді тарту бойынша қала және облыс мектептері директорларының қатысуымен ұйымдастыру кеңестерін өткізіп, өзара іс-қимылды мұқият пысықтапты.
Колледж директоры Ф.Құрмановтың айтуынша, бүгінгі таңда колледждің 3-4 курстағы үздік оқитын студенттер арасынан конкурстық негізде 117 жас іріктеліп, «Педагогикалық еріктілер жасағы» құрылыпты. Аталған жасақтың 40 студенті қала мектептерінде, 77 студенті аудан мектептерінде еріктілер жұмысын атқаруда. Офлайн оқитын мектептерде еріктілер үлгерімі төмен оқушылармен тікелей жұмыс істесе, онлайн оқитын оқушылармен ZOOM платформасында сабақтар өткізуде. vkgk.kz сайтында Абай атындағы онлайн мектеп айдары құрылып, онда ZOOM платформасы арқылы онлайн режимде және офлайн форматта қосымша сабақтар кестесі, бейнесабақтар, колледждің ютюб каналында оқушыларға көмек ретінде барлық пәндер бойынша студенттердің бейнесабақтары орналастырылған.
Жас ұрпақты заман талабына сай білімді, қабілетті етіп тәрбиелеудің маңызын Семей қаласы білім бөлімінің басшысы Н.Фесенко да айтады. Ендеше жоғары оқу орындары, колледждер мен мектеп арасындағы байланысты нығайту өте маңызды. Осыған орай алдағы жоспарлар да көп. Семей қаласы білім бөлімі осы мәселеге байланысты алдағы уақытта түрлі конференциялар мен семинарлар, дөңгелек үстел мен түрлі форматтағы басқосулар алаңын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Мейрамтай Иманғали