Қоғам

Мектеп кітапханалары неге жұпыны?

Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада Халықаралық мектеп кітапханашыларының айлығы аясында мектеп кітапханашылары «Жаңа Қазақстанда заманауи кітапхана» атты ақпараттық күнін өткізді.

Кітапханашылар алдымен Алтайдың «Кербұғысы» атанған жазушы Оралхан Бөкейдің әдеби залын аралап, ондағы жазушының қолжазбалары мен суреттерін тамашалады. Сондай-ақ bokey.kz электронды кітапханасының жұмысымен танысты. Мұнда жазушының өмірі мен  шығармашылығы, естеліктер топтастырылған. Биыл Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толып отыр. Кітапханашылар жазушының «Абай жолы» романы негізінде ашылған кітап көрмесін де тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Тіпті кейбірі қабырғадағы QR код арқылы Әуезов әлеміне саяхат жасады. Үлкен залдағы «Әдеби дастарқан» алты бөлімнен құралған. «Дархан даланың тарлан тарихы» атты көрмеге қазақ тарихы, хандығы, батырлары және Алаш заманындағы қазақ зиялылары туралы жазылған кітаптар қойылған. Әр дәуірдің тарихынан сыр шертетін құнды кітаптар келушілерді таңғалдырды. Қонақтар тек кітап көрмесін ғана емес, қазақ қолөнерінің ерекше түрі – оюларды да тамашалады. Кітап сөрелерінің бетіндегі қошқар мүйіз оюлар еріксіз көз тартады.

– Кітапхана жаңа технологиямен жабдықталыпты. Өзімізге көптеген идея алып, тәжірибе жинауымызға үлкен мүмкіндік болды. Мектеп кітапханалары бұл жағынан олқы түсіп жатады. Бәріміз бір салада қызмет істеп жүргендіктен бізде де осындай жаңа дүниелердің болғанын қалаймыз. Меніңше, кітапхана осындай болуы керек, – дейді қаладағы №47 жалпы білім беретін мектептің кітапханашысы Гүлнар Альтенова.

Осы орайда кейбір мектеп кітапханашылары мектептегі кітапхана мен Оралхан Бөкей кітапханасының айырмашылығы жайлы аз-кем тоқталды.

– Бұл кітапхананың мектеп кітапханасымен салыстырғанда айырмашылығы өте үлкен. Кітапхана толықтай жаңа технологиямен жабдықталыпты. Балалардың қосымша білім алуына барынша жағдай жасалыпты. Әртүрлі тіл үйірмелерімен таныстық. Өкінішке қарай, мектеп кітапханаларында тек кітаптар ғана бар. Оның өзі ескі кітаптар. Оған оқушылар қызықпайды. «Жастар – елдің болашағы» деп айтқанымызбен, біз сол жас буынның болашағына сай жағдай жасауымыз керек, – дейді кітапханашы Жұлдызай Маратбекова.

Айта кетейік, бұл іс-шараның басты мақсаты – өзге әріптестермен тәжірибе алмасып, ой бөлісу.

Кездесу соңында кітапхана директоры Хабиба Мырзаханқызы жалпы кітапханашылардың ортақ мәселелері және кітапханаларды заман талабына сай жабдықтау туралы ойларымен бөлісті. Жастарды кітап оқуға қалай баулу керектігі туралы кітапханашылармен еркін сұхбат құрды.

Мейрам Екпін 

Осы айдарда

Back to top button