Білім

Мектеп бітіру кешінен бас тартқан жөн бе?

 Мектеп бітіру кешінен бас тартқан жөн бе?


Әлеуметтік желіні эстафета кезіп жүр. Эстафета болғанда мектеп бітіруші түлектердің видеосәлемі. Күн сайын еліміздің бір мектебінің түлектері «сәнді киім, қымбат мейрамханадан» бас тартқандарын паш етіп, замандастарына видеосәлем жолдайды. Алғашында Нұр-Сұлтан қаласынан басталған эстафета көп кешікпей Шығысқа да келіп жетті. Күні кеше Зайсан ауданы, Сарытерек ауылының мектеп бітіруші түлектері мектеп бітіру кешіне жиналған қаражатты қымбат мейрамхана мен аста-төк дастарханға емес, өздері 11 жыл оқыған білім ордасының ауласын гүлдендіруге жұмсайтындарын айтып, өзге құрбыларына видеосәлем жолдады.

Әлеуметтік желіде желдей ескен осынау эстафетаның шығу төркінінің қайда жатқанын әлеуметтің іші сезіп, біліп отыр, әрине. Барлығына білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың бір ауыз сөзі себепкер болғаны рас. Еліміздің бас педагогы Үкімет отырысында мектеп бітіру кештерін өткізу туралы ойын айта келіп, бұрын мектеп бітіру кештері мектеп қабырғасында өткізілсе, қазір жарысқа айналғанын да жасырмаған еді.

– Артық басқосулар мен қымбат көйлектер ешкімге қажет емес. Бітіру кеші бір-бірінің сәнді көйлектерімен жарысу үшін өткізілмейді, – деп өз ойын ортаға салған министр ондай кештерді артық шығынсыз мектептің ішінде өткізуді ұсынды. Сөздің шыны керек, министрдің осынау ұсынысы біреулердің қолдауына ие болса, біреулерге ұнай қойған жоқ.

 Мектеп бітіру кешінен бас тартқан жөн бе?

Иә, мектеп бітіру кешін қай жерде, қалай өткізген дұрыс? Шынын айту керек, бұл мәселе жыл сайын қозғалып, жыл сайын сөз болады. Бірақ жылда сөз болғанымен, түйіні әлі тарқамай тұр. Естеріңізде болса, еліміздің бұрынғы білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің кезінде де мектеп бітіру кешін қалай, қайда тойлаймыз деген мәселе талай талқыланған. Тіпті Е.Сағадиев: «Мектеп бітіру кешін қалай өткізу керектігі туралы біздің арнайы тұжырымдамамыз жоқ. Мектеп басшылығы өздері қалай өткізу қажет екендігін біледі. Мектеп әкімшілігі, бақылау кеңесі мен ата-аналар кеңесі жиналып, өздері бір шешім шығарады» деген-ді.

Шынында да, мектеп бітіру кешін өткізудің форматы көп. Тек әр мектеп өзіне ыңғайлы форматты таңдайды. Ешкімнің де түлектер мен олардың ата-аналарын «мектеп бітіру кешін сәнді көйлек киіп қымбат мейрамханада өткізіңдер, қымбат көлікке мініңдер» деп қыстауға хақысы жоқ. Мектеп бітіру қуанышын тойлаймын десе де, тойламаймын десе де олардың өз еркінде екендігі рас. Бірақ соған қарамастан, осы мәселе неге жыл сайын қозғала береді?
– Меніңше, бұл мәселені көпшіліктің талқысына салып, әңгімеге айналдыратындар – ата-аналардың өздері. Өйткені әрбір ата-ана баласының жаңа өмірге қадам басқан қуанышына куә болғысы, атап өткісі келеді. Жағдайы жақсы ата-ана баласынан ештеңені аямайды, әрине. Олар баласына сәнді көйлекті де сатып алып беріп, қымбат лимузинді де жалдауға әзір. Бірақ барлық ата-ананың жағдайы бірдей емес қой. Осыдан барып ата-аналардың пікірі екіге жарылып, араларында алауыздық пайда болады. Жағдайы жоқ ата-ананың бірі қарызданып, қауғаланып, бітіру кешіне сұраған ақшаны қосатын болса, бірі ашық түрде қарсы шығады, тиісті жерге арыз жазып шағымданады. Қалай десек те, министрлік арнайы шешім шығарып, мектеп бітіру кешін бір ізге түсіруі қажет, – дейді психолог Калима Жайлыбай.

 Мектеп бітіру кешінен бас тартқан жөн бе?

– Біздің Үржар ауданында түлектердің мектеп бітіру кешін қайда тойлаймыз деген мәселе жоқ. Түлектеріміздің барлығы бітіру кешін мектепте атап өтеді. Мектептің ішінде жайылған шағын ғана дастарханның үстінде ата-аналар мен ұстаздар түлектерге ақ жол тілеп, жылы лебізін білдіреді. Он жыл бойғы есте қалған әдемі сәттерді еске түсіреді. Бұл – біраз жылдан бері біздің мектептерде қалыптасқан жақсы дәстүр. Ата-аналарымыз да қымбат көйлекке, анау-мынауға бас қатырмайды. Артық шығын – ата-ананың қалтасына салмақ. Бұл ретте министрдің көтеріп отырған мәселесі дұрыс. Мен қолдаймын, – дейді Үржар ауылындағы Абай орта мектебінің директоры Тұрсынғазы Тұрдыбаев.

Иә, мектеп бітіру – адам өміріндегі ең бір есте қалатын кезі екені рас. Білім ордасына тарыдай болып кірген баланың таудай болып шыққанын көру де ата-ана үшін ерекше бақыт емес пе? Ендеше сол бақыт ешқандай да сән-салтанатпен, аста-төк дастарханмен өлшенбесе керек. Кейде біз, ата-аналар сол бақытты бәсекеге айналдырып алатын сияқтымыз. Қалтамыздың түбі көрінуге шақ қалса да, мектеп бітіру кешінде қызымызды ханшайымға, ұлымызды ханзадаға айналдыруға барымызды саламыз. Бір ата-ана қызының мектеп бітіру кешіне киетін көйлегін 70 мың теңгеге алса, тағы бірі одан да асырып қымбатқа сатып алады. Құдай-ау, бір күнгі қызыққа бола сонша ақшаны шашқаныңыз не? Сол 70 мың теңгені біреулер бір ай бойы табанынан тозып жүріп еңбекпен табады ғой. Одан бөлек мектеп бітіруші бойжеткеннің кешке киетін туфлиі, ұстайтын сөмкесі де арзан емес. Шашты сәндеуге, бетті әрлеуге, тырнақ пен кірпікті өсіруге кететін шығын тағы да бар. Оның үстіне бітіру кешіне баламыз жалғыз бармайды. Қасына анасы немесе әкесі бірге еріп барып, қатысады. Оның да киетін көйлегі, туфлиін есепке алыңыз. Анасы барса, ол да шаш үлгісін, макияж жасатуы керек. Бұдан басқа мейрамханадағы орынның бағасы, сынып жетекшісіне сыйлайтын сыйлықтың ақшасы тағы бар. Сонда бір ата-ана осынау қуаныш үшін 200-300 мың теңгеге дейін шығынданады екен.
Ал осынау салтанатты мектеп бітіру кешінен мүлдем бас тартуға бола ма? Елімізде думанды кештерден бас тартқан мектеп түлектері бар, бұрын да болған. Мысалы, осыдан екі жыл бұрын Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұңқыр ауылының 45 түлегі салтанатты кештен бас тартып, жинаған қаржыларын қатерлі ісік ауруына шалдыққан 11 жастағы бүлдіршіннің еміне беріп, қайырымдылық жасаған екен. Шымкент қаласындағы №75 мектеп түлектері де мектеп бітіру кешіне деп жинаған қаражаттарына әлеуметтік орталықта тәрбиеленіп жатқан мүгедек балаларға сыйлықтар алып, қуанышқа кенелтіпті.

Биыл да салтанатты бітіру кешінен бас тартқандардың қатары тіпті көп. Бітіру кешін қымбат мейрамханада атап өтуден, отшашудан, қымбат көліктермен қыдырудан бас тарту туралы бастаманы бірінші болып Нұр-Сұлтан қаласындағы №29 мектептің түлектері көтерді. Артынша осынау бастаманы еліміздің әр аймағы іліп әкетті. Нұр-Сұлтан қаласындағы №24 мектептің түлектері бітіру кешін мейрамханада емес, мектептің асханасында немесе спорт залында өткізуді ұйғарыпты. Осынау бастаманы Алматыдағы Жетісу ауданындағы №16 мектептің түлектері де қолдап отыр. Олар бітіру кешін өткізуден гөрі, көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларына көмек қолын созып, қайырымдылық жасауды жөн көрген екен.

Жақында осынау түлектердің бастамасына Зайсан ауданы, Сарытерек ауылындағы мектептің түлектері де қолдау білдірді. Олар да бітіру кешіне шығынданғаннан гөрі, білім ордасының ауласын гүлдендіруді жөн деп тауыпты.

Қалай десек те, қазіргі күні әлеуметтік желіні мектеп бітіру кешіне байланысты эстафета кезіп жүргені рас. Бұл мәселе туралы көпшіліктің де пікірі әрқилы.

– Бұл мектеп түлектерінің емес, мектеп басшылығының шешімі деп ойлаймын. Сол министрге жақсы көрінгісі келген мектеп басшылары түлектерін мектеп бітіру кешінен бас тартуға көндірді деп ойлаймын. Әйтпесе, қай бала қуанышты тойлағысы келмейді. Айтыңызшы, мұндай жақсылықты, қызықты бейбіт заманда тойламасақ, қашан тойлаймыз? Иә, біз мектеп бітіру кешін дұрыстап тойламадық. Өйткені, ол кезде еліміз енді ғана тәуелсіздік алып жатқан тоқсаныншы жылдардың басы болатын. Экономикамыздың шатқаяқтағаны сондай бауырсақ пісіретін ұн табу қиын еді ол кезде. Ал қазір неге тойламасқа? Бәрі бар ғой. Осы орайда кейде біздің қоғамның жағымпаздығына, екіжүзділігіне таңғаламын, – дейді баласы биыл мектеп бітіріп жатқан ата-аналардың бірі Ботакөз Тортаева.

Ағымдағы жылы өңірімізде барлығы 8490 түлек мектеп қабырғасынан түлеп ұшқалы отыр. Бірақ бір байқағанымыз, өскемендік ата-аналардың көбісі балаларының мектеп бітіру кешін өткізуге жарты жыл бұрын мейрамханаларға тапсырыс беріп қойыпты. Тіпті алдын ала төлем жасап қойғандары да бар. Ал бас тартқан жағдайда төленген ақша босқа кететін көрінеді.

– Мен өмірімдегі ең бір жарқын сәтімнен бас тартқым келмейді. Сондай бір салтанатты етіп өткізбесек те қимас сәттің жадымда мәңгі қалғанын қалаймын. Ертеңгі күнгі менің байлығым – менің әдемі естеліктерім болмақ, – дейді өзінің есімін атамауды өтінген мектеп түлегі.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button