БілімТОП

Мектеп бітіргенде аттестатпен бірге диплом да алып шығады

Биыл республика бойынша жаңа жоба – 10-11 сынып оқушыларын мектеп пен колледжде бір мезгілде оқытатын эксперименттік бағдарлама басталады. Бұл жобаның артықшылығы сол, жоғары сыныптың оқушылары мектепте оқи жүріп колледжде де білім алады. Нәтижесінде түлек аттестатпен бірге қолына диплом алып шығады.

Бұл жоба оқу-ағарту министрінің арнайы бұйрығымен бекітілген. Оқу жүргізілетін 16 жұмыс біліктілігінің тізбесі айқындалды.

Біздің облыста осы экспериментке төрт колледж қатысады, оның үшеуі Өскеменде, біреуі Күршім ауданында. Атап айтсақ, Өскемен құрылыс колледжі, «Квансон» Қазақстан-Корей колледжі, Көлік және тіршілік қауіпсіздігі колледжі және Марқакөл ауылының мектеп-интернат-колледжі.

Жоба 2023-2024 оқу жылынан басталып бір жарым жылға созылады. Топтар 9-сыныпты бітірген және осы жобаға қатысуға ниет білдірген оқушылардан құралады. Колледжде оқу тегін болады. Оқуға қабылдау әңгімелесу негізінде емтихансыз жүргізіледі.

Студенттер құрамына қабылдау кезінде үшжақты шарт жасалады: колледж – мектеп – ата-ана. Бұл әр тараптың жауапкершілігін қамтамасыз етеді.

Әрине, адамдардың көпшілігі жүктеме мәселесіне алаңдайды. Сондықтан жалпы оқу жүктемесін реттеу мақсатында – колледжде оқу күніне 4 сағаттан аспайды, сондай-ақ бұл балалар үшін жеке білім беру бағдарламасы жасалады.

Бұл жобаға қатысуға ниетті адамдар осы жылдың 25 маусымынан бастап құжаттарды тікелей жоғарыда аталған колледждердің өзіне немесе vko-abiturient.kz ақпараттық жүйесі арқылы тапсыра алады. Ол үшін 9-сыныпты бітіргені туралы аттестат, төрт дана 3х4 фотосурет, 075-нысандағы медициналық анықтама ұсынып, қабылдау туралы өтініш жазу керек.

Бұл жобаның бір артықшылығы – оқуды аяқтағаннан кейін балалар қолына екі құжат алады: мектепте аттестат және колледжде диплом, бұл оларға еңбек жолын бастауға мүмкіндік береді.

Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен, алгоритмімен және біздің төрт колледж жобасына қатысатын мамандықтар тізімімен Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының сайтындағы «Кәсіптік білім» блогында (“Құжаттар”бөлімі) танысуға болады.

Гүлмира Ысқақова,

Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасы

ТжКБ бөлімінің басшысы

Осы айдарда

Back to top button