Мектеп асханалары талапқа сай ма?

Осы біздің балаларымыз не жеп жүр? Мектепте қалай тамақтанады? Мектеп асханаларының ас мәзірі талапқа сай ма? Бір қуанарлығы, бүгінгі күні бұл мәселені «Нұр Отан» партиясының өзі тікелей қадағалауына алып, «Мектеп асханалары» жобасын қолға алды. Жалпы, бүгінгі күні өңірдегі 577 мектепте, яғни білім беру мекемелерінің 88 пайызында ыстық тамақтандыру ұйымдастырылса, қалғандарында буфеттер жұмыс істеп тұрған көрінеді.
Біздің халық қашаннан-ақ дастархандағы асқа ерекше мән берген ғой. «Ас –адамның арқауы», «Ауру-астан» дейтін де біздің қазекең. Құнарлы ас бойға күш-қуат берсе, құнарсыз тамақ дертке душар етеді. Кейде соңғы кездері халық арасында түрлі аурулардың көбейіп кетуі күнделікті тұтынып жүрген тамағымыздан емес пе екен деген де дүдәмал ойға қаласың. Мамандар соңғы бес жылда балалардың түрлі дертке шалдығу оқиғаларының 22 пайызға артқанын айтып отыр. Әсіресе, қан аздық, ішек жолдары аурулары мектеп оқушыларының арасында өршіп тұр. Біле білген адамға семіздік дегеніңіз де дерт. Бүгінде еліміздегі мектеп оқушыларының 16 пайызы семіздіктен зардап шегеді екен. Мұның себебі не? Әрине, қалай болса, солай тамақтану, фаст-фуд өнімдерін жиі тұтыну. Осы орайда «Нұр Отан» партиясының арнайы жобасы дер кезінде қолға алынып отырғаны анық.
Мектеп асханасы мәселесі, әсіресе, ата-аналарды жиі толғандыратын. Кейде мектеп асханаларында қытырлақ чипсы, кириешки, тәтті сусын секілді тағамдардың сатылуы олардың ашу¬-ызаларын тудыратын. Қалай болғанда да, мектеп асханасы бизнестің көзіне айналмауы тиіс. Дені сау, сауатты ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, салауатты өмір салтын ұстанғанымыз жөн. Ендеше «Нұр Отан» партиясының «Мектеп асханалары» жобасы әсіресе ата-аналар тарапынан үлкен қолдауға ие болып отырғаны шындық. Аталған жобаның негізгі мақсаты да – мектеп асханаларындағы құрал-жабдықтарды жаңалап, ас мәзірінің сапасын арттыруға ықпал ету.
Жалпы, өңірдегі мектеп асханаларының жағдайы қандай? Өткен жылы облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті облыстағы 290 мектеп асханасының санитарлық жағдайын тексерген болатын. Тексеру нәтижесі көңіл көншітпеді. Тексерілген 290 мектеп асханасының 283-і талапқа сай емес болып шықты. Облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті басшысының орынбасары Болат Қуанышбеков мектеп асханаларында тамақты сақтау, дайындау талаптарының мүлдем санитарлық нормаларға сай келмейтінін айтқан-ды. Тамақты дайындау орындарының лас екенін, сатып алынған азық-түліктердің де сапасы сын көтермейтінін, асханадағы аспаздардың аспаздық білімін дәлелдейтін құжаттарын былай қойғанда, санитарлық кітапшаларының жоқтығын жеткізген.
Сонда біз мектепте оқитын балаларымыздың денсаулығын кімге сеніп тапсырып жүрміз? Мектеп асханасы қызметіне неге мән бермей кеттік? Бізге бала денсаулығы қымбат па, әлде ақша қымбат па? Облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің тексеру нәтижесіне қарағанда мектеп асханасын жалға алған кәсіпкер тек пайда табуды көздейтін секілді. Болат Ғазезұлының айтуынша, құзіретті органдар мектеп асханаларын жылына екі рет қана тексеруге құқылы екен. Алғашында берілген ескертпелердің орындалғанын келесі жолы тексеруге келгенде мектеп асханасын жалға алған мердігер ауысып кетеді. Яғни, бұдан шығатын қорытынды, мердігер мектеп асханасын жалға алған бір жылдың ішінде барынша пайда табуға тырысып бағады. Ал келесі жылы оның орнын басқа кәсіпкер басады. Оның да көздегені сол – пайда. Ал оқушы мектеп асханасында қалай тамақтанып жүр, асхана мәзірі қандай, жас ағзаға пайдалы ма, асхана қызметкерлері тазалықты сақтай ма, мердігерлер бұл сауалдарға көп бас қатырмайтын сыңайлы.

Тіпті, өткен жылдың соңында Глубокое ауданының Бобровка ауылындағы мектептің асханасында келеңсіз жағдай болды. Асхана қызметкерінің туберкулездің ашық түрін жұқтырғаны белгілі болды. Асхана қызметкері 8 қазанда Винное ауылындағы жедел жәрдем қызметінің көмегіне жүгінген. 16 қазанда ол тағы да ауырып, облыстық ауруханаға жеткізіліпті. Ренгтгенге түсірген соң, асхана қызметкерінің туберкулез жұқтырғаны анықталып, облыстық туберкулезге қарсы диспансерге жатқызылған екен. Бұл туралы тіпті республикалық басылымдар да жазды.
Бұл – өңірдегі мектеп асханаларының бірінде ғана кездескен жағдай. Олай болса, ата-аналардың, қоғам белсенділерінің мектеп асханасының қызмет сапасына алаңдауына толық негіз бар. Ендеше тығырықтан шығудың жолы қандай? Қайтсе мектеп асханаларының қызмет көрсету сапасын жақсартуға болады? Белгілі болғандай, алдағы уақытта мектеп асханалары мемлекеттік – жекеменшік серіктестікке ұзақ мерзімге жалға берілуі мүмкін. Неге? Өйткені, мектеп асханасын бір жылға ғана жалға алу кәсіпкерлерге тиімсіз. Бір жылға ғана жалға алатын болғандықтан олар мектеп асханасын жаңалауға, инвестиция құюға құлықсыз. Ал мектеп асханасы мемлекеттік – жекеменшік серіктестікке ұзақ мерзімге жалға берілсе, жағдай жақсарады деген үміт бар. Қазіргі күні жергілікті билік Өскемен қаласындағы 44 мектептің асханасын төрт ірі компанияның басқаруына беру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Яғни, бір кәсіпкер жеті жыл бойы қаладағы 11 мектептің асханасына қызмет көрсетіп, жұмыс істейді деген сөз. Жұмыс істеп қана қоймай, мектеп асханасын жаңалауға міндетті. Оның үстіне бір лот 123 миллион теңге тұратын көрінеді. Мұндай қаржыны кез келген кәсіпкердің қалтасы көтермейтіні айдан анық. Осы мәселе Өскемендегі мектеп асханаларын жалға алған 28 кәсіпкерді қатты алаңдатып отыр. Олар бәрінен бұрын облыстық білім басқармасының 44 мектепті төрт лотқа ғана бөліп тастағандарына қарсы.
– Әрбір кәсіпкер пайда тапқысы келеді. Рас, біз мектеп асханаларын жаңалауға, жаңартуға қарсы емеспіз. Бірақ бізге 11 мектептен керек емес. Оның үстіне бір лот 123 миллион теңге. Мұндай көп ақшаны инвестиция ретінде құюға біздің мүмкіндігіміз жоқ, – дейді кәсіпкер Евгений Семенов.
Осылайша «Нұр Отан» партиясы ұсынып отырған жоба кәсіпкерлердің «бас ауруына» айналуда. Әрине, нарық заңы қатал. Егер 44 мектептің асханасы төрт лот бойынша берілетін болса, қалтасы қалыңдардың ғана жеңіп шығатыны сөзсіз. Ал қалған кәсіпкерлер несібесінен айырылып, бұл кәсіптен шеттетіледі. Десе де облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әсел Қайырбекова бұл мәселенің егжей-тегжейін әлі де зерттеліп жатқанын, бұл соңғы шешім емес екенін айтады.
Қалай десек те, мектеп басшылығы болсын, ата-аналар болсын бұл мәселенің оң шешілгенін қалайды.
Онлайн тамақтану жүйесі енгізілмек
Жалпы, \”Нұр Отан\” партиясының мектеп асханаларын жабдықтауға қатысты жобасы өте құптарлық. Тіпті, алдағы уақытта еліміздегі мектеп асханаларына онлайн-тамақтану жүйесі де кеңінен енгізілуі әбден мүмкін. Яғни ата-аналар балаларының мектепте не ішіп-жегенін қадағалай алады. Әзірге мұндай мүмкіндікке Астана қаласының мектеп оқушылары ие болып отырған көрінеді. Яғни, оқушы тағамды карточка арқылы сатып алады. Ал оқушының ата-анасының ұялы телефонына баланың мектепте қай уақытта қандай тағам алып жегені туралы хабарлама келеді. Бұл ыңғайлы ма? Әрине, ыңғайлы. Міне, осындай жаңалық еліміздің мектептеріндегі барлық асханаға енгізілген кезде кәсіпкерлер де барынша сапалы қызмет көрсетуге тырысатыны сөзсіз.
Жалпы, мектеп оқушысының ас мәзірі қандай болуы керек? Елімізде мектеп оқушыларына арналған тамақтанудың бірыңғай стандарты әзірленгені белгілі. Қазақ тамақтану академиясы мен Ұлттық денсаулық сақтау орталығының мамандары бірлесе әзірлеген бірыңғай стандартта рационнан қуырылған тағамдар, өткір дәмдеуіштер, жүгері, бұрыштың барлық түрлері алынып тасталып, оқушыларға аптасына екі рет бал мен сүт, аптасына үш рет ірімшік пен көкөністен жасалған салат, әр аптаның бейсенбісі балық, котлет, тефтели беру қарастырылған. Сонымен қатар оқушы рационында күнделікті көже мен екінші тағам ретінде сиыр, тауық етінен жасалған тағамдар бекітілген. Тағам рационының бірыңғай стандарттары да балалардың жас ерекшелігіне қарай үш топқа бөлінген, яғни 7-10 жас аралығындағы балалар – 840 ккал, 11-14 жас – 951 ккал, 15-18 жас 1020 ккал тағам тұтынуы тиіс.
– Менің екі қызым да Өскемендегі Жамбыл атындағы мектеп-гимназия-интернатында оқиды. Маған баламның мектепте қандай тағам жейтіні маңызды. Сенбі күндері үйге келгенде «мектепте не жейсіңдер?» деп сұрап отырамын. Кейде мектепке бара қалсам, өзім де асханаға кіріп, қадағалаймын. Бір жақсысы, бәрі де өзімнің де, қыздарымның да көңілінен шығады, – дейді Глубокое ауданының тұрғыны, ата-ана Кенжегүл Рақышева.
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы «Мектеп асханалары» жобасы бойынша мектеп асханаларындағы тағамдардың сапасын бақылауға алу жөніндегі арнайы жұмыс тобын құрды. Жұмыс тобы жоба аясында облыс орталығындағы ғана емес, аудандардағы мектеп асханаларының қызмет сапасын тексеретін болады. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Олег Чугунков мұндағы мақсат жазалау емес, кемшіліктердің алдын алу екенін айтады.
Мейрамтай Иманғали