Мегаполистердегідей…
![](https://didar-gazeti.kz/wp-content/uploads/2025/02/0fa4b26c-7b00-40dd-b50b-065a5e77add4-780x470.jpg)
Өскемен қаласындағы Сәтпаев даңғылының бойында орналасқан Maxi Mall сауда-ойын-сауық орталығы биылғы мамыр айында ашылады деп жоспарланып отыр.
Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов қаланың бірқатар нысандарын аралап, құрылыс жұмыстарымен танысып шықты. Соның бірі – облыс орталығындағы ең ірі кешен – Maxi Mall сауда – ойын-сауық орталығы.
Сауда кешенінің директоры Мәди Достаевтың айтуынша, бұл жобаға 14,5 млрд теңге инвестиция салынған. Мердігер компания – «Сакота Корпарейшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Қос қабатты кешеннің жалпы аумағы – 50 мың шаршы метр. Кешенде 160 арендатор, 8 кино залы, балаларға арналған ойын алаңдары, тамақтанатын орындар, супермаркет және әлемдік брендтермен келісімдер жасалуда.
Жерасты тұрағы болмағанымен, орталық маңындағы автотұрақта 1900 көлік қоятын орын бар және электр зарядтау станцияларының алаңын ашу жоспарлануда. Ал кешеннің айналасындағы саябақ аймағында спорттық және балалар ойын алаңдары орнатылмақ.
Нысанның ішкі әрлеу жұмыстарымен танысқан шаһар басшысы көліктер қатып қалмас үшін бұдан былай салынатын ғимараттар мен көп қабатты тұрғын үйлерде жер асты автотұрағының болуын ескерген жөн екенін атап өтті.
– Бұл маңда соңғы жылдары тұрғын үйлер көптеп салынғанымен, демалатын орындар аз. Сондықтан жұртшылықтың бос уақытын жайлы өткізуге арналған бұл кешеннің ашылуын тұрғындар да асыға күтуде. Жазға дейін пайдалануға беріледі деп сенеміз, – деді қала әкімі Алмат Ақышов.
Айта кету керек, сауда-ойын-сауық орталықтары жергілікті экономикаға үлкен үлес қосады. Мұнда көптеген дүкен, дәмхана, мейрамхана, кинотеатр және басқа да қызметтер көрсетілетіндіктен, бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Сонымен қатар қаланың инфрақұрылымын дамытуға да септігін тигізеді. Ал кинотеатрлар мен балаларға арналған ойын алаңдары демалуға және көңіл көтеруге мүмкіндік беріп, отбасымен, достарымен бос уақытын тиімді өткізуге ыңғайлы жағдай жасайды.
Қала әкімі арнайы барған нысанның бірі – 28-шағын ауданда салынатын болашақ ипподромның орны.
Қала әкімінің айтуынша, кәсіби және әуесқойлық деңгейде әр түрлі жастағы тұрғындар арасында ұлттық және халықаралық ат спорты түрлерін дамытуға және жарыстар өткізуге арналған ипподромның құрылысы биыл басталады деп жоспарланып отыр.
Құрылыстың сметалық құны – 1 млрд 455 млн теңге.
– Өздеріңізге белгілі, Өскеменде бұрын атшабар болған, бірақ дәл қазір ипподром жоқ. Дегенмен, ат спорты, жалпы ұлттық спорт түрлері өңірде жақсы дамып келеді. Сондықтан осы ұлттық спортты және ат үстіндегі азаматтардың бастамасын қолдау мақсатында аймақ басшысының тапсырмасымен ипподром салу жоспарда бар. Бұл ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан ұлттық спорт түрлерін ары қарай дамытуға үлесін қосады, – деп қортындылады Алмат Ақышов.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты Өскемен қаласының ат спортының ұлттық түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Қабдырахман Тұрашевтың сөзінше, балалар қазіргі уақытта ат спортымен Васильевка, Донское, Алмасай, Сағыр ауылдарында айналысып жүр. Олар негізінен Ұлан ауданының балалары. Ал қаланың балаларын тасымалдауға мүмкіндік болмай тұр. Балалар мен жасөспірімдер тарапынан ұлттық спорт түрлеріне қатысуға сұраныс жоғары. Қазірдің өзінде спорт мектебінде бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге алу және жамбы ату сияқты ат спортының ұлттық түрлері бойынша 128 бала айналысады.
Сонымен қатар қала әкімі болашақ ипподром халық шоғырланып, серуендейтін орынға да айналуы тиіс екенін атап өтті. Шағын аудандар қарқынды салынып жатыр, тұрғындар саны өсіп келеді. Иппотерапия саласы да жақсы дамып келеді. Балаларды ұлттық спорт түрлеріне баулу мәселесі бар. Сондықтан бұл да бір халық жиналатын, атпен серуендеуге мүмкіндік болатын орталық болады деп күтілуде.
Айжанат Бақытқызы