Қоғам

Медициналық туризмді дамытуға баса мән беріледі

Медициналық туризмді дамытуға баса мән беріледі

Облыстық ақпараттық орталықта өткен брифингке облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев келіп, сала бойынша өңірде атқарылып жатқан шаруаларды баяндады.
Оның айтуынша, аймақтағы туризмді дамыту еліміздің туризм саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының, Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарының, «Жүз нақты қадам» Ұлт жоспары аясында бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша және Қазақстан Республикасының қызмет көрсету саласын 2020 жылға дейінгі дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келеді.
2014 жылдың қорытындысы бойынша өңірде туристік қызметтерді 70 туристік фирма көрсетеді (27 туристік оператор және 43 туристік агенттік). Әлеуетті туристер үшін тіркелген орналастыру орындарының саны – 331(2012 жылы – 245). Бұл республикада өткен жылдың қорытындысы бойынша үздік көрсеткіш деп танылған. Нөмірлік қор бойынша 6557 нөмір және бір уақытта 21088 төсек-орындық сыйымдылық мүмкіндігін ұсына алады. 2012 жылы бұл көрсеткіш 15918 орын болған. Облыс ішкі туризм көлемі бойынша соңғы үш жылда Астана мен Алматы қалаларынан кейінгі орынды иеленіп келеді.
Сонымен бірге, аймақта туристік саланы дамытудың ағымдағы жылдан бастап 2017 жылға дейін жоспарланған жол картасы іске асырылуда. Оған жалпы құны 3,9 млрд. теңгені құрайтын 46 ірі инвестициялық жоба кіріп отыр. Биылғы тоғыз айда соның 11 жобасы кезең-кезеңмен жүзеге асуда.
Облыстағы туризм саласын дамыту қалалар мен аудандарда жан-жақты мамандандырылған. Мәселен, Катонқарағай, Күршім аудандарында және Риддер қаласында экологиялық туризм ойдағыдай дамыса, Өскемен мен Семей қалаларында, Абай, Тарбағатай, Ұлан аудандарында мәдени-танымдық, Өскемен, Семей қалаларында, Катонқарағай, Үржар аудандарында емдеу-сауықтыру және медициналық туризм жақсы жолға қойылған. Мұнымен қатар, жағалау туризмі аймақтың Зырян, Ұлан, Күршім аудандарында, тау шаңғысы туризмі Глубокое, Зырян аудандарында және Риддерде жақсы дамыған. Ал ауылшаруашылық туризмі Катонқарағай, Күршім аудандарына және Риддер қаласына тиесілі. Басқарма басшысының айтуынша, ағымдағы жылдан бастап облыста медициналық туризмді дамыту мәселесі де қарастырылу үстінде.
Брифинг барысында Жасұлан Сәрсебаев өңірдің сыртқы байланыстарына да кеңінен тоқталып өтті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан ұзын саны 86 елмен өзара байланысты қарқынды дамытып келеді. Оның ішінде Ресей Федерациясының шекаралас Алтай өлкесімен, Алтай Республикасымен, Томск, Новосібір облыстарымен және Қытай Халық Республикасының өңірмен шектесетін Шыңжан-Ұйғыр автономиялық өлкесінің Тарбағатай және Алтай округтерімен барынша тығыз қарым-қатынас орнатылған.
Сыртқы экономикалық әріптестікті нығайту үшін аталған өңірлермен
Шығыс Қазақстан облысының арасында 38 меморандум жасалған. Бұлардың басым бөлігі, яғни 14-і экономика саласына тиесілі болса, 13 меморандум гуманитарлық, бір меморандум энергетикалық салада бекітілген. Бұдан басқа ауыл шаруашылығы мен туризм салаларында да бес-бестен меморандумға қол қойылған.
Облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының қатысуымен 2015 жылдың тоғыз айында шетелдік делегациялардың қатысуымен 35 іс-шара өткізілсе, Қазақстан Республикасында аккредиттелген тоғыз дипломатиялық миссия, 10 шетелдік компаниялар(әлеуетті инвесторлар) өкілдерінің сапары ұйымдастырылған. Сондай-ақ, басқарма басшысы биылдан бастап облысқа отандық және шетелдік туристерді көптеп тарту мақсатында Шығыстың тамаша табиғатын жарнамалай отырып, туризмді дамытатын жобалар қолға алынып отырғандығын мәлімдеді. Оның аясында аймақтың таулы аудандарында, тарихи орындарында шетелдік туристердің қатысуымен бірнеше экотурлар ұйымдастырылған.
Брифинг барысында Жасұлан Сәрсебаев тілшілер тарапынан облыстағы туризмді дамытуға қатысты қойылған сауалдарға да жауап берді.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button