Қоғам

Медициналық техника инженерлерін даярлайды

Медициналық техника инженерлерін даярлайды


Бүгінде еліміздің медициналық мекемелері соңғы үлгідегі заманауи құрылғылармен жадбықталып жатқандығын жарыса жазып жатырмыз. Алайда, елімізде сол құрылығылар мен жоғары технологиялы аппараттарға сервистік қызмет көрсететін мамандар жоқтың қасы.

Америка, Еуропа елдерін айтпағанда көршілес Ресейде медициналық құрылғыларды баптап, істен шықса жөндейтін инженерлер даярланады. Бүгінде медициналық инжиниринг бұл елде қарыштап дамып, өз алдына бір жүйеге айналды. Өйткені, қазіргі заман медицинаның деңгейі тек дәрігердің біліктілігімен емес, денсаулық сақтау мекемелерінің заманауи құрылғылармен жабдықталуымен өлшенеді. Ал жоғары технологиялы құрылғылардың көмегімен ота жасау, диагноз қою, емшара жүргізу оның өз функциясын дұрыс атқаруымен тікелей байланысты.

Біздің елде медициналық техниканың тілін білетін инженерлерге деген сұраныс тіптен жоғары. Өйткені, медициналық техника инженері мамандығы еліміздің ешбір оқу орнында оқытылмайды. Ауруханалар үшін сатып алынған заманауи құрылығылар істен шықса, қыруар қаржыға шығындап, шеттен маман шақыруға мәжбүр болуымыздың себебі де осында.

Соңғы жылдары өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінің заманауи құрылғылармен жабдықталуы, өңірде жоғары технологиялы роботты хирургия бөлімінің ашылуы осы маман иелеріне деген сұранысты тіптен арттырды.

Елімізде осы салаға алғаш түрен салғалы отырған – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті. «Аспап жасау» факультетінің базасында медициналық техника инженерлерін даярлауды қолға алып, тәукелге бел буып отырған оқу орынының оқытушылар құрамы бұл іс нәтиже береді деген сенімде.

Биыл алғаш рет «Аспап жасау» факультеттін тәмамдаған бес маман оқу орнында ашылған магистратурада білімдерін жалғастыруда. Олар еліміздегі медициналық техника инженериясының алғашқы қарлығаштары болмақ.

-Қазір медицина саласының жоғары технологиялы құрылғылармен жабдықталуы қарқын алды. Компьютерлік томографтар, рентген құрылғылары, ультрадыбыстық апараттардың барлығы цифрлық жүйеде жұмыс істейді. Диагноздың нақты қойылуы үшін олар үнемі бапталып отыруы тиіс. Істен шыққан жағдайда оған қызмет көрсету екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Өйткені, бұл – бірнеше ғылымды тоғыстырған күрделі жүйе. Медицина мекемелерінің көп жағдайда мамандарды шетелден шақыртып жататындығы да осыдан. Ол бұл маман кадрлары қаншалықты қажетті екендігінің бір көрінісі ғана, екіншіден, ауруханаларды осындай құрылғылармен жабдықтау үшін де медтехниктердің көмегі керек. Сондықтан медицинаны цифрландыру мен автоматтандыру, роботты хирургияны медициналық инжинирингсіз дамыту мүмкін емес,- дейді техника ғылымдарының докторы , «Аспап жасау және технологиялық процестерді автоматтандыру» кафедрасының меңгерушісі Ержан Малғаждаров.

Ержан Малғаждаровтың айтуынша, қазіргі мақсат – өңірдегі ауруханаларға қызмет көрсететін мамандарға деген сұранысты өтеу. Сол үшін алғашқы қадам магистр мамандарды даярлаудан басталды. «Аспап жасау» факультетінде негізі қаланған мамандарға екі жылдық магистратурада заманауи технологияларды тек теория емес, іс жүзінде меңгертуге күш салынбақ. Қазіргі таңда олар облыстық аурухана мен онкологиялық диспансердегі заманауи құрылғылардың жұмыс істеу принциптерін зерттеп, шетелдік тәжірибе негізінде білім алып жатыр. Сонымен қатар медициналық техникамен қатар, телемедицинаның негіздерімен де танысуда. Алдағы уақытта көрші елдер мен шетелден дәріс оқуға мамандар шақырылмақ.

Медициналық техника инженерлерін даярлайды

Медициналық техника инженері жерде қалмайды

Медициналық техниканың инженері боламын деген жан бірден бірнеше ғылымды меңгеруге дайын болу керек. Өйткені, медициналық инжиниринг – математика, информатика мен медицина ғылымдарының синтезі. Болашақ маман осы білімдердің негізін игерумен қатар, денсаулық сақтау саласының индустриясы, медициналық техниканың жұмыс істеу принциптері мен мәліметтерді өңдеуді бес саусағындай біліп шығуы тиіс.

Аталмыш мамандықтың оқу бағдарламасының жетекшісі Вячеслав Корневтің айтуынша, биылдан бастап университет осы бағыт бойынша бакалавр мамандарын да даярлай бастайды.

Ол үшін студенттер «Аспап жасау» факультетіне құжат тапсырулары тиіс. Бұл факультеттің бағдарламасы биыл айтарлықтай толығып, жаңа бағыттағы мамандар даярлауға дайындық үстінде.

– Аспап жасау факультетінің базасында студенттер екі бағытқа бөлінетін болады. Соның бірі – медициналық техника инженерлері болса, тағы бірі – өндірістік құрылғылар инженерлері. Оқу бағдарламасына медицина негіздері де енгізілмек. Өйткені, мұндай маман үшін техниканың тілін білу аз, ол медициналық құрылғыларда жұмыс істейтіндіктен адам ағзасының қызметі мен ерекшеліктерін де білуі шарт. Сонымен қатар бұл салаға математикалық дәлдік те қажет. Осыған да назар аудармақпыз. Бұл осы мамандық иелері алдына үлкен талап қояды,-дейді ол.

Ең бастысы, студенттерге теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға облыста үлкен мүмкіндік бар. Өңірдің денсаулық сақтау саласындағы жаңа технологиялар білім мен біліктіліктің тәжірибе алаңына айналмақ.

– Мысалы, қазір біздің магистранттар, онкологиялық диспансер мен облыстық ауруханалардың заманауи құрылғыларының жұмыс істеу принциптерімен іс жүзінде танысып жатыр. Бұл – шын мәнінде үлкен тәжірибе. Қазірдің өзінде медициналық мекемелер тарапынан магистранттарға шетелге барып, тәжірибе жинақтауға ұсыныс түсуде,-дейді Вячеслав Корнев.

Бүгінде аталмыш мамандық иелері әлемдік еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие, әрі жалақысы жоғары мамандықтар қатарыне енеді. Америка Құрама Штаттарының Еңбек бюросы статистикасының мәліметіне сүйенсек, 2014-2024 жылдар аралығында медициналық техник мамандығы сұранысқа ие он мамандықтың қатарына енеді. Бұл АҚШ-та бұл мамандық иелеріне деген сұраныс соңғы үш жылда 16 пайызға артқан. Ал Еуропа елдері мен Ресей Федерациясының жетекші клиникаларында техникалық инженерлер медициналық персоналдың оң қолына айналғаны да біраз жылдың жүзі болды.

«Аспап жасау және технологиялық процестерді автоматтандыру» кафедрасының меңгерушісі Ержан Малғаждаров қазақ жастарының заман талабынан туындаған осындай жаңа мамандықтарға бет бұрулары қажет деп есептейді.

– Жалпы техникалық мамандықтар бойынша оқулықтардың көп бөлігі орыс тілінде екендігі рас. Алайда, біз шәкірттерімізге мүмкіндігінше мемлекеттік тілде ақпарат беруге тырысамыз. Оның үстіне бұл факультет үш тілде білім беруге негізделіп жатыр. Оқу процесіне ағылшын тілін енгізу, арнайы пәндердің ағышын тілінде өтуі маңызды. Өйткені, бәсекеге қабілетті маман даярлаймыз десек, әлемдік көштен қалып қалмауымыз керек. Біз қазір алдымызға шәкірттеріміздің ІТ білім мен технологияның баршаға ортақ тілін түсінуін де мақсат етіп қойып отырмыз,-дейді Ержан Малғаждаров.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button