Медициналық мекемелерге көлік тарту етілді
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру аясында өңіріміздегі денсаулық сақтау мекемелеріне 35 көліктің кілті тапсырылды.
Бұл күні Бородулиха аудандық ауруханасының бас дәрігері Үміт Эфендиев алғашқылардың бірі болып, су жаңа медициналық көліктің кілтіне қол жеткізді. Облыс орталығына арнайы келген бас дәрігердің айтуынша, өткен жылы аталмыш ауруханаға құны 100 миллион теңгені құрайтын медициналық құрал-жабдықтар тарту етілген.
– Заман талабына сай жабдықталған медициналық көлікке қол жеткізгенімізге өте қуаныштымыз. Бүгін біздің аудандық ауруханаға тарту етілген «УАЗ» маркалы санитарлық автокөлігі енді ел игілігіне жұмыс істейтін болады. Айтпақшы, биыл біз құны 80 миллион теңгені құрайтын шетелдік құрал-жабдықтарды алатын боламыз. Сөз соңында, өңіріміздегі медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға баса назар аударып, халықтың әл-ауқатын арттыруға үлкен мән беріп отырған облыс әкімі Даниал Ахметовке алғысымды білдіремін, – дейді Үміт Эфендиев.
Еліміздегі 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының аясында биыл тағы да қосымша 13 санитарлық көлік пен реанимобиль алынбақ. Осы орайда, өткен жылы облыс әкімі Даниал Ахметовтің өңіріміздегі медициналық мекемелерге «УАЗ» маркалы 100 санитарлық көлік табыстағанын айта кеткен орынды.
Ажар Сағатбекова