Қоғам

Медиацияны төрт елдің заңгерлері бірігіп талқылады

Медиацияны төрт елдің заңгерлері бірігіп талқылады


Бұдан былай медиация саласын дамытуда Қазақстан мен оған көршілес мемлекеттердің заңгерлері өзара әріптестікте бірлесе жұмыс істемек.

Бұл жөнінде Өскемен қаласында «Медиация – қазіргі заманның қажеттілігі» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында белгілі болды. Алқалы жиынның жұмысына Қазақстанның, Ресейдің, Беларусь Республикасының және Қырғызстанның өкілдері қатысып, өзара тәжірибе алмасты.

Халықаралық сұхбат алаңын Шығыс Қазақстан облыстық соты, «Қазақстан Республикасының судьялар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі мен С.Аманжолов атындағы ШҚМУ бірлесіп ұйымдастырды.

Конференцияда Жоғарғы соттың судьясы Ұлбосын Сүлейменова Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асановтың конференция қатысушыларына жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Сонымен қатар «Отбасы, медиация, отбасылық сот» тақырыбында тағлымды баяндама жасады.
Жиында азаматтық-құқықтық, корпоративтік, экономикалық және іскерлік дауларда медиацияны қолдануды кеңейтудің заманауи мүмкіндіктері мен келешегі, отбасылық-құқықтық даулардағы медиацияны қолданудың өзекті мәселелері, қылмыстық істер саласындағы дауды шешуде қалпына келтіретін медиацияны қолданудың заманауи үрдістері, халықаралық және дінаралық дауларды реттеудегі медиацияның әлеуметтік-мәдени әлеуеті тақырыптары жан-жақты талқыға салынды.

Халықаралық жиынның аталған университетте өтуі де тегін емес. Себебі мұнда болашақ заңгер мамандар даярланады әрі облыстық сот пен ЖОО арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылған.

Сұхбат алаңында көтерілген басты тақырыптардың бірі – ұлтаралық және дінаралық қақтығыстарды реттеудегі медиацияның әлеуметтік-мәдени әлеуеті болды. «Қырғыз Республикасы республикалық медиаторлар қоғамдастығы» ҚБ басқарма төрағасы Гүлсина Қожаярованың айтуынша, бұл елдегі медиация институтын құруға елдің оңтүстігіндегі этносаралық қақтығыс басты себеп болған.

– Бізде «Медиация туралы» Заң 2011 жылы қабылданды. Сонымен қатар республика тұрғындарының 80 пайызы медиация туралы біле бермейді. Осыған байланысты ауқымды ақпараттық жұмыстарды жүргізу қажет, – дейді Гүлсина Қожаярова.

Ал Ресейдің Краснояр өлкесінен келген, сондағы «Территория согласия» медиация орталығының атқарушы директоры Ольга Дрянныхтың айтуынша Краснояр өлкесінде негізгі басымдық мектептегі медиацияға беріледі екен. Жасалған баяндамалардан белгілі болғандай, көршілес мемлекеттердің барлығында да азғантай айырмашылықтары болмаса, медиация қызметіндегі негізгі бағыттар бірдей екендігі, «Медиация туралы» Заңдар да шамалас уақытта қабылданғаны айтылды. Сондықтан конференция барысында тараптар алдағы уақытта медиацияны дамытуда және қоғамдық сұраныс пен адамдар сенімі қажетті деңгейге жеткенше бірлескен тиімді әріптестік құру туралы ортақ шешімге келді. Бұл бағытта әлемдік тәжірибені ескере отырып, құқықтық жүйеде медиация үшін қажетті инфрақұрылым жасақтау қажеттілігі айтылды.

Басқосуда облыстық соттың төрағасы Нұрлан Қайырбеков айтып өткендей, Шығыс Қазақстанда кәсіби медиаторларды дайындауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Өңірдегі барлық соттарда медиация кабинеттері ашылған.

– Бүгінгі таңда барлық мемлекеттерде, оның ішінде Қазақстанда біраз жылдан бері медиацияны қолдануды қарқынды дамыту қолға алынуда. Бұрын оны азаматтық, әкімшілік істерде кеңінен қолдансақ, енді қылмыстық істерді қарауда да медиацияны қолдану тәжірибеге енгізілуде. Қазір кәсіптік және кәсіптік емес медиация кең таралуда. Екіншісі азаматтарға тегін көрсетіледі. Басты мақсат – қоғамдағы дау-дамайды барынша азайту, – деді конференцияда Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы Мұсабек Әлімбеков.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button