Amanat партиясы облыстық филиалы жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңестің, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау мәселелері бойынша аймақтық кеңестің бірлескен отырысы өтті.
Отырыста білім саласындағы мәселелер жіті талқыланды. Атап айтсақ, мектеп пен колледж оқушылары арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар қаралды.
– Білім басқармасы кәмелетке толмағандар арасында және оларға қатысты буллингтің, зорлық-зомбылықтың, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүйелі шаралар қабылдауда. Орта білім беру ұйымдарында жасөспірімдердің ата-аналары шақырылып, алдын алу кеңестері өтеді. Сонымен қатар мектеп психологтары әр баланың мінез-құлқына, көңіл-күйіне күнделікті мониторинг жүргізеді, – деді білім басқармасы басшысының орынбасары Әлима Ақылбек.
Мәдениет басқармасының, қалалық, аудандық мәдениет бөлімдерінің мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруына байланысты да кеңес мүшелері бірқатар ұсыныс айтты.
– Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды шығармашылық тұрғыда қолдау және мәдени шараларды ұйымдастыру бағытындағы басқарма жұмысы өте әлсіз. Ол азаматтарды қоғамнан оқшауламай, барынша шығармашылық тұрғыда қолдауымыз қажет. Басқарма осы жұмысты жандандыруға тиіс, – деді облыстық мәслихат депутаты Илья Смоляков.
Кеңес мүшелері кохлеарлы импланты бар балаларды оңалту мәселесін де көтерді, осы бағыттағы денсаулық басқармасының есебін тыңдап, ой-пікірлерін білдірді.
Ержан Кеңесұлы