Медбикелер де шетелде оқиды

Медициналық қызметтің сапасы тек дәрігердің ғана емес, сонымен қатар оның қасындағы медициналық бикелердің де біліктілігіне тәуелді. Сол себепті жалпы саланы дамыту үшін орта деңгейдегі медициналық қызметкерлердің білімін арттырумен айналысқан жөн. Осылай деген облыс әкімі Еуропа елдеріне биылдан бастап медбикелерді де оқуға жөнелту қажеттігін атап көрсетті.
Аппараттық кеңесте аймақ басшысы Даниал Ахметов шетелдік клиникаларда оқуға тек дәрігерлерді ғана емес, сондай-ақ орта медициналық қызметкерлерді де жіберуді тапсырды.
– Біздің дәрігерлер үшінші жыл қатарынан Еуропаның озық клиникаларында білімдерін жетілдіріп келеді. Оның пайдасын да көріп отырмыз. Жалпы, біздің мақсатымыз – алдағы бес жылдың ішінде облыс медицинасын еліміз бойынша ең үздік дәрежеге жеткізу. Ол үшін тек қана дәрігерлердің шеберлігін шыңдау аздық етеді, бұл ретте медбикелердің де біліктілігін арттырған жөн. Себебі, олардың атқаратын ісі де өте маңызды. Сондықтан біз шетелге енді орта медициналық қызметкерлерді де аттандыруға міндеттіміз, – деп түсіндірді өз шешімін аймақ басшысы.
Бұдан бөлек, облыс әкімі кардиологтар мен онкологтардың шетелдегі оқуларын жарты жылға дейін ұзартуды жүктеді. Бұған дейін олар дайындықтан үш ай ішінде өтіп жүрген-ді.
Жиында Даниал Ахметов денсаулық сақтау басқармасының басшысына Өскемендегі Ана мен бала орталығын, сондай-ақ облыстық мамандандырылған медициналық орталықты (бұрынғы №1 қалалық аурухана) заманауи құрал-жабдықтармен қамтуды жалғастыруды да міндеттеді.
Ержан Әбіш