Руханият

Мәдениеттің бастауы Шіліктіде жатыр

Мәдениеттің бастауы Шіліктіде жатыр


Түгел түркінің тастан тамыр іздеген танымал ғалымдары тағы да Алтай төрінде бас қосты.

Мәдениеттің бастауы Шіліктіде жатыр

Адамзаттың ақ бесігі – Алтын Алтайды ұлықтау шарасына Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева, Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, академик Ғарифолла Есім бастаған мәртебелі меймандар мен шетелдік ғалымдар арнайы шақырылды.

«Үлбі» мәдениет сарайы. Ғимараттың фойесінде шұрқырай табысқан көзтаныс ғалымдар қызу әңгімеге кіріскен. Мүйізі қарағайдай археологтар мен аузы дуалы түркологтар, атағынан ат үркетін антропологтар мен генетиктер Алтайдан бастау алатын түркі әлемінің ұлы өркениеті туралы сан түрлі пікірлер айтып, ой таластыруда. Ғылыми ортаның қайнаған әңгімесіне аймақ басшысы Даниал Ахметов те араласты. Сөйтті де, Астанадан келген мәртебелі меймандарды «Алтын адам» деген тақырыппен қойылған шағын көрмеге бастады. Көрменің ауқымы шағын болғанымен, мазмұны тым терең болып шықты. Бұл жерде әңгіме тізгіні Шіліктіден «алтын адам» тапқан археолог Әбдеш Төлеубековке өтті. Әуелі ол конференция қонақтарына Шіліктіден табылған «алтын адамның» жаңғыртылған көшірмесін паш етті.

Өн бойы алтынға малынған қоңыр шапанды ханзаданың бойы 180 сантиметр екен. Басында тиграхауд сақтарына тән шошақ дулыға. Осыдан 2800-2900 жыл бұрын жерленген мүрденің бойындағы барлық алтын соңғы екі жылда қазылған қорымдардан табылыпты.

– Бұл «Алтын адамның» бойында бірде-бір деталь ойдан құрастырылмағанын баса айтқым келеді. Барлық алтын бұйымдар қазба жұмыстары кезінде табылды. Еуразия кеңістігінде Шіліктінің «алтын адамынан» көне элитарлық қорым жоқ. Шіліктінің алтыны – құйма алтын. Мұнымен жасы бойынша шендесе алатын көне алтын тек Тыва жерінде табылған. Оның өзі Шіліктіден жеткен жұрнақ деуге болады. Берел, Пазырық қорымдары да, Қарқаралы мен Аралдан табылған қорымдар да, Жетісудың Бесшатыры мен Есік қорғаны да осы Шілікті мәдениетінің жемісі. Осыны ескере отырып, Еуразия тарихына «Шілікті мәдениеті» деген ұғым енгізуіміз қажет. Бұл «алтын адамның» алғашқы көшірмесі Ұлттық музейге қойылған. Мынау одан да жетілдірілген түрі. Дәл осындай тағы бір көшірме Алакөлдегі музейге қойылады. Осы екі көшірмені Шығыс Қазақстан облысы өз бюджетіне жасатты, – дейді археолог.

Бұдан кейін Берел мен Аблайкиттен табылған жәдігерлерді тамашалаған меймандарға өңірдің туристік әлеуеті таныстырылды.

Облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев туризмді дамыту жобалары «Рухани жаңғыру» және «Киелі Қазақстан» бағдарламаларымен үндестікте жүзеге асып жатқанын атады.

Мектепке дейінгі балаларға Шығыс Қазақстанның киелі орындары туралы аңыз әңгімелер жинағы құрастырылса, оқушыларға арнап туристік машруттар дайындалған.

– Биыл жазда 2500 оқушы өңірдің киелі жерлерін аралады. Жас ұрпақты өз өлкесін сүю арқылы патриоттыққа тәрбиелеу қажеттігі Елбасы мақаласында көрсетілген. Аталмыш екі жоба сол тапсырма аясында жүзеге асуда. Ал ересектерге арнап 20 туристік бағыт ашылған. Осы маршруттар арқылы бұл іске бизнесті де тарттық. Бірнеше мобильдік жүктемелер әзірленді. Соның бірі «Тарихи жол» деп аталады. Ол жүктемеге 20 туристік орын туралы барлық ақпарат берілген. Оған тағы 20 туристік орынды қосамыз. Осы жүктеменің ішінде аудиогид те орнатылған. Оны жүктеп алсаңыз, интернет жоқ жерде пайдалана бересіз. Осының арқасында алыс жерлерге гид ертіп жүрудің қажеттігі болмай қалады. Сондай-ақ қазақ, орыс, ағылшын, қытай, түрік тілдеріндегі бейне-турлар арнайы сайттарға қойылды. Осы жұмыстардың арқасында туристер саны еселеп артуда. 2015 жылы бір ғана Берел қорымына 1,5 мың адам келсе, былтыр ол сан 10 мыңға жетті, – деді Ж.Сәрсебаев.

Туристік әлеует туралы әңгімені әрі қарай өрбіткен облыс әкімі Даниал Ахметов Алакөлдің жағалауы келешекте Түркияның жағажайларымен бәсекеге түсе алатынын айтты.

– Біз Алакөлдің суын зерттеу үшін сегіз нүктесінен сынамалар алдық. Зерттеу нәтижесі бізді таңғалдырды. Алакөлдің суы түгел шипалы екен. Ондағы родон мөлшері емдік қасиетке ие. Енді тек адамдарға жайлылық ұйымдастыру ғана қалды. Ол бойынша да қыруар шаруа тындырылды. Әлі де көп жұмыс істейміз. Келер жылы Алакөлге бір миллион турист тартсақ деп отырмыз. Оған толық мүмкіндік бар, – деді өңір басшысы.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button