Руханият

Мәдениет саласының мықтылары анықталды

Мәдениет саласының мықтылары анықталды

21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлері күні мерекесіне орай «Үздік клуб меңгерушісі-2016» атты облыстық байқау өтті.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында ұйымдастырылған бұл шара Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында өтіп, сегіз ауданнан келген клуб меңгерушілерінің өнерін екі күн бойы сарапқа салды.
Әр ауданнан іріктеліп келген мықтылар ең әуелі өздерін және өздерінің бір жыл көлемінде атқарған жұмыстарын өлең жолдарымен, арнайы слайдтармен таныстырды. Бұлардың арасында мәдениет саласына соңғы жылдары ғана келген жас таланттар да, бүкіл өмірін тек мәдениет саласына арнаған ардагер қызметкерлер де бар екен. Айталық, Көкпекті ауданы Тассай ауылының клуб меңгерушісі Катрен Байжұманов қазақтың қара домбырасын арқалап шығып, өзін әдемі әзіл жырмен таныстырып шықты. Тіпті суырып салма ақын жігіт әріптестерінің кез келгенімен айтысуға дайын екенін де жасырмады. Бірақ сайысқа қатысқан жалғыз жігіттің бұл талабын қалған жеті қыз ескерусіз қалдырды. Әттең, өнердің ордасында жүрген сайыскерлердің бірі «келсең-келге» шыға салса, қызықтың көкесі сонда болар ма еді, кім білсін!? Жалпы, бұл сыннан сайыскерлердің бәрі сүрінбей өтті. Қазылар қаласы бұдан кейін сайыскерлердің өнерін, біліктілігін, тәжірибесін сынға салды.
Екінші күні үздік шыққандарды марапаттап мәдениет қызметкерлеріне мерекелік тарту жасады.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен еліміздің мерекелер кестесіне екі жылдан бері жаңа кәсіби мереке – мәдениет пен өнер қызметкерлерінің күні қосылды. «Өнер – ұлттың жаны» дейді халық даналығы. Кез келген ел өнерімен, мәдениетімен танылып, бағаланатыны анық. Демек, сіздер, өз өнерлеріңізбен елдің рухын көтеріп, облыс мәдениетіне сүбелі үлес қосып келесіздер. Барша мәдениет пен өнер қызметкерлерін айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын, – деді әріптестерін марапаттау сәтінде облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Самат Қасенов.
Білім мен біліктілік ћәм өнер сайысы болған бұл бәсекеде Абай ауданы Архат ауылының клуб меңгерушісі Армангүл Имашеваның бағы жанып, «Үздік клуб меңгерушісі-2016» байқауының бірінші орнымен қоса 100 мың теңгеге иелік етті. Екінші, үшінші орындарға Зайсан ауданы, Дайыр ауылдық клубының меңгерушісі Жанар Теміржанова мен Көкпекті ауданы, Тассай ауылдық клубының меңгерушісі Катрен Байжұманов ие болды. Семей қаласы, Алғабас ауылдық клубының меңгерушісі Әсел Шәкәрімова мен Тарбағатай ауданы Маңырақ ауылдық клубының меңгерушісі Индира Дакебаева ынталандыру сыйлығына қол жеткізді.
Бұл күні тек мәдениет үйінің қызметкерлері ғана емес, сонымен қатар кітапханашылардың да, мұражай қызметкерлерінің де үздіктері анықталып, марапатталды.
Айталық, «Үздік кітапханашы-2016» байқауы бойынша Өскемен қалалық кітапханасының қызметкері Марина Байсарина топ жарса, екінші орынды Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылының кітапханашысы Мәрияш Дүйсекенова, үшінші орынды Бородулиха ауданы, Белағаш ауылдық кітапханашысы Наталья Сюксяева алды. Ынталандыру сыйлығын Зайсан ауданы, Қарабұлақ ауылынан келген Күлшат Қалиева мен Шемонайха қаласынан келген кітапханашы Ирина Санарова иеленді.
«Үздік экскурсовод-2016» байқауы бойынша бірінші орын ешкімге берілмеді, ал екінші, үшінші орындарды тиісінше Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері Айгүл Нұрабаева мен Невзоровтар отбасы атындағы облыстық өнер мұражайының қызметкері Динара Кәкенова қанжығасына байлады.
Байқау соңында сайыскерлер мен көрермендер мерекелік концертті тамашалады.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button