Мәдениет өңірі малға толды
Аягөз ауданы – ежелден мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан өңір. Яғни, төрт түлік мал өсірумен аты шыққан. Мал өсіруге қолайлы бұл өңірге кейін көршілес Шұбартау ауданы келіп қосылғаннан соң, атырап ақтылы қой мен мүйізді ірі қара малына толды.
Сөйтіп, ет бағытындағы ірі қара малы, қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы және жылқы шаруашылықтары қайтадан дами бастады. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданда 78 мың бас ірі қара, 214 мың бас қой-ешкі, 33 мыңға таяу жылқы, жүз бас түйе, 34 мың құс тіркелген. Арғы жылмен салыстырғанда ірі қара малы 10, жылқы 14,5, түйе 2 пайыз артқаны байқалады. Былтыр аймақта 30 мың тонна ет, 64, 6 мың тонна сүт, 4,4 млн. дана жұмыртқа өндіріліп, алынған өнім көлемі де едәуір артқан.
Ауданның мал шаруашылығын қатаң мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында биылғы қыстамаға дайындалған екі жүз мыңға жуық тонна шөп қыс қажеттілігін толықтай қамтамасыз етті деуге болады. Соның ішінде аудан орталығынан жырақта жатқан Мәдениет ауылдық округі де биылғы қыстамадан қысылмай шықты деуге негіз бар. Ауыл әкімі Бауыржан Мұқашев шаруа қожалықтарының биылғы ахуалы жылдағыдан көш ілгері екендігін айтады.
-Біздің Мәдениет ауылы өз алдына жеке шаруашылық болып құрылғалы мемлекетке ет, сүт өндіруде үнемі алдыңғы қатарда болып келген еді. Қазір де сол үрдістен жаңылған жоқпыз. Шаруа қожалықтары мен жеке мал өсірушілер аудан халқын мал өнімдерімен қамтамасыз етіп келе жатыр. Жалпы, аудан көлемінде атқарылып жатқан ауқымды істерден Мәдениет ауылы жырақта жатса да, шет қалып көрген емес. Мыңғыртып мал өргізген «Дағанды», «Бекарыс», «Жандос», «Айбек», тағы басқа шаруашылықтарының басшылары Бақтыбек Жампозбаев, Руслан Мұқашев, Кенжеғали Смағұлов, Қуандық Қоқаев сынды азаматтар осы ауылдық округте болып жатқан мерекелік іс-шаралар мен айтулы оқиғалар барысында үнемі көмек қолдарын созып тұрады.
Сондықтан да ауылымыздың азаматтарының арқасында жылды да, қыстаманы да табысты аяқтадық, – дейді ауыл әкімі Бауыржан Мұқашев бізбен әңгімесінде. – Жалпы, «Азаматына қарап, ауылын таны» деген. Біздің ауылдан елге танымал, жұртым десе жұмылып, елім десе егіліп тұратын азаматтар көп шыққан. Солардың басында бір кездегі алашордашы, ветеринар Бейсенбай Тойсарин тұрса, әйгілі жазушы Мұхтар Мағауин, белгілі ақын Ақберен Елгезек те осы жерде туып-өскен. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. Кейінгі буынға өзімізден түлеп ұшқан осы азаматтарды үнемі үлгі етіп отырамыз. Топырағы құнарлы жерден асыл дән өсіп шығатыны рас қой.
Жалпы, ауданның ахуалы бірер жылдан бері жақсарып келе жатқаны рас. Өйткені, түгін тартсаң, майы шығатын Аягөз, Шұбартау өңірінің ауыл шаруашылығында үлкен бетбұрыстар болып жатыр. Үкіметтің қолдауымен мемлекеттік бағдарламалар арқылы көптеген жеңілдіктермен мал өсірем деген азаматтарға, жалпы серіктестіктер мен қожалықтарға, жеке азаматтарға жеңілдетілген несие қаражаттар берілуде. Бұл тұралап қалған ауыл шаруашылығының еңсесін көтеріп алуына көп септігін тигізуде.
Ол үшін, әлбетте, малдың генетикалық әлеуетін арттыру басты мақсат. Бұл тұрғыдан келгенде, соңғы жылдары мемлекет тарапынан асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғаны шындық. Өткен жылы ауданға асыл тұқымды шаруашылықтарынан 172 шаруа қожалығы өз қаражатына 831 бас ірі қара, 1 201 ұсақ мүйізді мал алды. Бұл да шаруа қамын күйттеген ағайынға үлкен қолдау болды. Мемлекеттің қолдауының арқасында елді мекендерде асыл тұқымды шаруашылықтар құрылып, мал асылдандыру жұмысы оң жолға қойыла бастады. Қазір ауданда ірі қарадан 22, қойдан 15, жылқыдан 10 асыл тұқымды шаруашылықтар жұмыс істеп, мал өсірумен шұғылданып жатқан құрылымдарға қайтарымсыз субсидиялар берілуде.
-Өткен жылы мал шаруашылығы саласы бойынша ауданның шаруашылықтарына барлығы 615,5 млн. теңгенің субсидиясы төленді. Оның ішінде асыл тұқымды мал сатып алуға 141,9 млн. селекциялық асылдандыру жұмыстарына 473,6 млн. теңге, ауылшаруашылық техникасын алуға 261,9 млн. теңге инвестициялық өтемақы берілді. Сондай-ақ егін шаруашылығы бойынша 21,8 млн. теңгенің субсидиясы төленді. Биылға 685,5 млн. теңге субсидия төлеу жоспарланып отыр. Ал бұл дегеніміз өткен жылмен салыстырғанда 70 млн. теңгеге артқанын байқатады, – дейді аудан әкімі Бақытжан Байахметов.
Сол сияқты соңғы үш жылда ауданның ауыл шаруашылығы 283 жаңа техникамен толықтырылды. Соның 128-і трактор, 155-і тіркемелер болды. Сонымен қатар биыл «Лизинг» бағдарламасы бойынша өз қаражаттарына жалпы құны 242,8 млн. теңгеге 60 техника мен тіркемелер алу жоспарлануда. Жалпы, кейінгі техникалық жаңартылуы 23 пайызға жетіп отыр. Сонау кеңес кезеңінен бері тозығы жетіп келе жатқан көне техникадан ауылшаруашылық құрылымдары осылайша тазарып келе жатқанын мақтанышпен айтуға болады. Түптеп келгенде, басты мақсат мал шаруашылығын дамыту екені баршамызға аян.
Берікхан Тайжігітов
Аягөз ауданы.