Қоғам

Мазалаған сұрақтарға мардымды жауап болмады

Мазалаған сұрақтарға мардымды жауап болмады


Парламент Мәжілісінің депутаттары ел аралап жүр. Біздің өңірге Нұртай Сәбильянов, Аманжан Жамалов, Мұрат Теміржанов, Иван Клименко, Михаил Чирков және Сергей Звольский келіп кетті.

Он күндік сапар аясында олар бірнеше топқа бөлініп, Аягөз, Үржар, Катонқарағай, Глубокое, Шемонайха, Бородулиха, Көкпекті аудандары мен Семей, Риддер және Өскемен қалаларын аралап, тұрғындармен кездесті. Сондай кездесудің бірі Өскемендегі «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында өңір аграрларымен өткен. Қаржы және аграрлық сала бойынша Парламенттік комиссия мүшелері Аманжан Жамалов, Мұрат Теміржанов, Сергей Звольскийді жиында аграрлар сұрақтың астына алды.

Күн тәртібі бойынша әуелі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жақыпбаев баяндама жасауы тиіс болған. Шаруалар оны тыңдаудан бас тартып, уақыт жоғалтпастан тікелей сауалдарға көшуді ұсынды. «Дизель бағасы неге бензиннен қымбат?», «Екі жылда ауыл шаруашылығына субсидия ретінде 400 млрд теңге бөлінді дедіңіз. Ал «Цесна банкке» сол уақытта 2,4 млрд доллар бөлінді. Мұны қалай түсіндіресіздер?», «Неге ауыл шаруашылығы өнімінің өзіндік құнын түсіруге қадам жасалмайды? Қазір алып отырған техникамыз да, тұқым мен тыңайтқыш та, қыл аяғы малдың өзі шетелден әкелінеді. Осы себепті біздің өнім импорттың алдында баға жағынан қауқарсыз. 25 жылдың ішінде осыны реттейтін бірде-бір заң шықпады. Неге?», «Ветеринариялық қауіпсіздік өкілдері Халықаралық эпизоотикалық бюроның айтқанымен жүріп-тұратын болып алды. Біздің облыста ғана жыл сайын мыңдап мал қырылады. Мұндай жағдайда қайтіп мал өсіруге болады? Жылда осылай. Келіп барлық сауалды жазып әкетесіздер, нәтиже жоқ. Қашанғы осылай жалғасады?», «Несиені неге тікелей бір мекемеден алмаймыз? Араға делдал салып, оған пайыздық субсидия төлеу механизмі кімге пайдалы? Неге біз нақты бір мекемеден, ақырғы пайыздық мөлшерлемемен несие ала алмаймыз?». Төтесінен қойылған сұрақтардың ең өткір дегендері осылар болды. Ал бұрынғы Мәжіліс депутаты, қазірде «Маралёнок» шаруа қожалығын басқарып отырған Асқар Қабанбаев өз тәжірибесінен мысалдар келтіре отырып, Қытай инвестициясы туралы сұрақ қойды.

– Мен де сіздердің орындарыңызда жұмыс істегенмін. Сіздер киген кепешті киіп көргенмін. Ол кезде бізде еркіндік бар еді. Есесіне елдің тұрмысы төмен болатын. Сол жылдары Шығыстың орманын шетелдік компанияның сатып алуынан сақтап қалғанбыз. Сіздерге де осындай ауыз толтырып айтар істермен айналысқан жөн. Қазір жасым жетпіске келді. Осы жасымда мені бір сауал қатты алаңдатады.

Ертең Тәжікстанның күйін кешіп жүрмейміз бе? Қытай инвестициясы қаншалықты қауіпсіз? Оның нақты мөлшері, қайтару уақыты мен шарттары сіздерге белгілі ме? Осы сауалдарға бас қатырып көрдіңіздер ме? Қаншалықты бақылауда ұстап отырсыздар? Егер бұл мәселені қолдан шығарып алсаңыздар, бағанадан бері айтылған көсем сөздер мен сұлу сұрақтардың құны бес тиын боп қалады. Ел үшін ең маңызды мәселе – осы. Уақыт жылдам өтеді. Көзді ашып-жұмғанша қарызды қайтаратын уақыт келеді. Соған біз дайынбыз ба? – деді экс-депутат. Бұл сұраққа Парламент өкілдерінің атынан Мұрат Теміржанов жауап берді.

– Біз – тәуелсіз елміз. Өз Конституциямыз бар. Онда Қазақстанның дербес, унитарлы мемлекет екені айтылған. Ата Заңымыз – аумақтық тұтастығымызға кепіл. Сондықтан «Қытай жерімізді тартып алуы мүмкін» дегенге саятын сөздер түбірімен негізсіз. Ал Тәжікстан оқиғасы – ресми расталмаған дерек. Ондай арандатқыш ақпараттарға сыни көзбен қарау керек,- деп қысқа қайырды депутат.

«Қазагроқаржы» қалтаны қағып отырған жоқ па?

Ал кеше Аманжан Жамалов, Мұрат Теміржанов, Иван Клименко, Михаил Чирков пен Сергей Звольский Ұлан ауданының Саратов ауылында халықпен кездесті. Ауыл шаруашылық колледжінде өткен кездесуге білім ошағының ұжымынан бөлек ауыл тұрғындары да қатысты. Депутат Аманжан Жамалов әлеуметтік салаға бөлінген бюджет туралы баяндама жасап, ТМД көлемінде дәл біздей әлеуметтік салаға көңіл бөлетін ел жоқ екенін айтты.

Тұрғындар атынан ауылдың үлкені ретінде Василий Гладышев сұрақ қойды.

– Мен – шаруа қожалығынтың басшысымын. Мені екі мәселе алаңдатады. Біріншіден, неге бізде құрылыс шығынының 10-15 пайызын жобалау жұмыстары алады. Бір жобаны ұқсас құрылыстарға пайдалануға не кедергі? Екіншіден, «Қазагроқаржы» деген кәсіпорын бар. Шаруаларды қолдауға құрылған. Мен солар арқылы жеті жылға 32 млн теңге тұратын комбайн алдым. Жеті жылдың ішінде соны 53 млн теңге қылып қайтаруым керек екен. Сонда түсінбегенім, кім кімді қолдап отыр? Бізді ұшпаққа шығарады деген «Қазагроқаржыны» керісінше біз байытып жатырмыз ғой, – деді қария.

Жауапшы ретінде сөз алған Мұрат Теміржанов соңғы уақытта бірнеше мәрте қолдануға болатын типтік жобалар пайда болғанын айтып, келешекте бұл тәжірибе жаппай таралуы мүмкін екенін атады.

– «Қазагроқаржы» кәсіпорнының басшысы ауысқанын білетін шығарсыз. Жаңа басшылық жаңа жоспармен келіп отыр. Ал шаруаларды несие арқылы қолдау – әлемдік тәжірибеде бар дүние. Біздер, депутаттар, аталмыш кәсіпорынның орнына аграрлық банк құруды ұсынып отырмыз. Ондай банк құрылса, «Қазагроқаржы» кәсіпорнындағы қаптаған басшылар 50 пайызға азайып, жұмысы оңтайланатын болады, – деді Мәжіліс депутаты.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button