Қоғам

Маңызды құжатты талқылауға 3 миллионнан астам адам қатысқан

Маңызды  құжатты талқылауға 3 миллионнан астам адам қатысқан


Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі.

Осыдан 21 жыл бұрын, 30-тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата Заң мемлекет пен қоғамдағы барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды. Өткен 20 жылдан астам уақыттан бері мемлекет пен қоғамның дамуындағы өзгерістер – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарының бәрі – Ата Заң қағидалары негізінде жүзеге асырылып келеді.
Қазіргі дүниедегі кез келген мемлекет өзінің алғашқы қадамын тәуелсіздігімен қатар Конституциясын қабылдаудан бастайды. Бұл – сол мемлекетті құраушы ұлттың ғасырлардан жинақталған өзіне тән ұстанымының, заңдарының, жүрген жолдарының өзегінен шығып, келешегіне бағдар жасайтын басты белгі. Ұлы даланы мекендеген алты алаштың да өз дала заңдары, өзіндік конституциясы болғаны анық. Орта ғасырдағы түркі бабаларымыздың бітік жазуына бармағанның өзінде, қазақ даласындағы бізге мейлінше мәліметті болып жеткен «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» секілді заң жүйелері қазақ елі Конституциясының ертеректе қаланған іргетасы іспеттес. Қазақ хандары жолға қойған осы жарғыларды дала конституциясы санасақ, оның «баптарының» сөз бастаған шешендер арқылы қалай өрбігеніне, абыз ақсақалдардың қалай таратып, жөнге салғанына тарихтан көп мысал келтіруге болады. Ал кейінгі ХХ ғасыр басында ұлттық тәуелсіздікті ту етіп ұстаған Алаш қайраткерлері дербес Конституция әзірлегені де тарихтан белгілі.

Алаш тарихын зерттеушілер алғашқы Ата Заң туралы әңгіме болғанда екі мәселені алға тартады. Оның бірі – Әлихан Бөкейханның тапсыруымен заңгер Барлыбек Сырттановтың жазып шыққан «Қазақ елінің уставы» деген құжат. Екіншісі – партияның бағдарламалық құжаты. Барлыбек Сырттановтың «Қазақ елінің уставы» жаңа заманға лайықтандырылып жазылған, кіріспе мен төрт бөлімнен тұрады. Ал екінші «Алаш конституциясы» атанған құжатты қалың жұртшылық «Алаш» партиясының бағдарламасы ретінде таниды. Мұны кейбір сарапшылар «Конституция» дегеннен гөрі «конституциялық бағдарлама» дегенге келтіреді. Шындығында, алаш қайраткерлері тәуелсіздіктің мүмкіндігі ұшқындаған тұстан-ақ ұлттық-демократиялық сипаттағы мемлекет құруды мақсат еткен. Міне, осы мақсат жолында Алаш партиясы алғаш рет заманның даму үдесінен шығатын, мемлекеттілік талаптарына сай келетін конституциялық сипаттағы бағдарламасын жасағаны белгілі. Алаш партиясының саяси бағдарламасының жобасын жасауға ұлт қайраткерлері Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ғ.Қараш, Е.Тұрмұхамедов, Ғ.Жүндібаев, Ғ.Бірімжанов бастаған қазақтың сол кездегі алдыңғы қатарлы, озық ойлы азаматтары атсалысты. 10 бөлімнен тұратын бағдарламада мемлекеттің формасы, жергілікті билік пен оны басқару жүйесі жөнінде, құқық негіздері, дін бостандығы, сот билігі, елді қорғау, салық салу, еңбекшілердің құқығы және жер мәселелері тұтастай қамтылды. Алаш партиясы дініне, қанына (ұлтына), жынысына қарамай барлық адамдардың теңдігі қағидасын ұстанды. Мінеки, алаш қайраткерлерінің сонау өткен ғасыр басындағы конституциялық бағдарламасының өзі бүгінгі тәуелсіз мемлекеттік нышанымызбен үндесетіні байқалады.

Тәуелсіздікке ие болған Қазақстанның ең басты қадамы Конституцияны қабылдаумен тұтастай байланысты. Бұл туралы: «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін, бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған Негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын», – деп жазады Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабында. Осылайша, ел егемендігінен кейінгі 1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы егемендік тарихындағы ең демократияшыл құжат болып табылған еді. 1995 жылы қазіргі Негізгі заң – Конституция қабылданды. Осылайша, тәуелсіздік жылдары Қазақстанның мемлекеттігін айқындаған Ата заң екі қайтара түледі. Өйткені 90-шы жылдардың басында Қазақстанның саяси-экономикалық жағдайы мүлдем басқаша болатын.

Күні кешегі тарихи оқиғаларға жүгінсек, жаңа Конституцияны қабылдау қарсаңында ұзақ мерзімді жүйелі жұмыстар атқарылды. Президенттің бастамасымен құрылған сарапшылар көптеген әлем елдерінің Конституцияларын, әсіресе ХХ ғасырдың екінші жартысында қабылданғандарын мұқият сараптаудан өткізді.

Айта кетейік, тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі ескерілген Негізгі заң да осы 1995 жылы қабылданған Конституция. Қазір келтіріліп жүрген ресми мәліметтерге қарасақ, құжатты талқылауға 3 млн. 345 мың адам қатысыпты. Жұртшылық тарапынан сарапталған 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның 1 мың 100-і конституция жобасына енгізілген.

Ата Заңымыз – Конституцияны құрметтеп, қорғау, ал оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы болуы тиіс. Ең бастысы, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жыл бойғы дамуындағы бүгінгі жетістіктерінің баршасы Ата Заңымыздың тиімділігін анық айқындап отыр.

Нұрмаханбет Елемесов,

облыстық соттың судьясы

Осы айдарда

Back to top button