Қоғам

Маңырақ ауылы көркейіп келеді

Маңырақ ауылы көркейіп келеді

Тарбағатайдың жақпар-жақпар тауларының бір буыны Маңырақ деп аталады. Сол киелі таудың етегіндегі Маңырақ, Дәулетбай, Жаңғызтөбе деген ауылдарды құрайтын Маңырақ ауылдық округінде екі жарым мыңға жуық адам тұрады. Маңырақ ауылының бүгінгі ажары көз қуантады.
Тоқырау жылдарындағы тозған ауылдың тамырына қан жүгіріп, реңі кірген. Бұл – туған жердің түтіні түзу шықсын деген ниетпен еңбек етіп жатқан ел азаматтарының іргелі істерінің нәтижесі. Ауыл әкімі болып келгеніне үш жыл тола қоймаған Абылқайыр Қожахметовтің іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетіне жергілікті жұртшылық дән риза.
Имандылық ұйыған жерде береке бар, бірлік бар. Маңырақ ауылында өсіп-өнген, бүгінде белді кәсіпкер Нұрбол Сәдуақасов мешіт құрылысын бастап, істі соңына дейін жеткізе білді. Тек айтуға ғана оңай, әйтпесе мына заманда кім жинаған қаржысын қиып, мәрттік танытсын! Туған жерге деген махаббаты күшті адамның қолынан келетін өнеге! Басқа өңірде жүрсе де, ауылын ойлаған Ернар Сәдуақасов, Дархан Долдабаев, Нұрлан Тұқпиев, Ермек Қаратаев сынды азаматтар кейін осы мешітке күрделі жөндеу жүргізіп, жарықтандырып, жиһазбен қамтамасыз етіп берді.
Сол ауылдың тумалары Қайрат Рақышев балабақша ашса, Сайлаубек Ақшалов тойхананы жұртшылық игілігіне арнады. Наубайхана ашып, елдің ризалығына ие болған Жоли Қожабаевтің ісі бір төбе. Жем, басқа да азық түрлерін Қайрош Өмірбеков дайындап, ісін жүргізсе, Баян Қияшов тауық өсірумен айналысады. Мал сою пунктін Мақсұт ашып, елге көмегін тигізді. Темір жинап, сауда-саттық жасайтын Дүйсенбек Іляшев, сол темірден түйін түйген шебер, темір пісіріп, дәнекерлеуші Өмірхан Қабиев те осы ауылдан. Ұлттық тағам – қымызбен, етпен ел тұрғындарын қамтамасыз етіп отырған екі кәсіпкер, атап айтқанда, Сержан Әбілқасымов пен Серік Әлімғожин шаруасын шатқаяқтатпай, дөңгелетіп-ақ отыр.
Шөбі шүйгін, іргеде суы сылдырап ағып жатқан ауылға қандас бауырларымыз көп қоныстанған. Шағын ауылда бүгінде 85-ке жуық отбасы тірлік кешіп жатыр. Бұлардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысып, ауылды етпен, сүтпен, басқа да табиғи, таза өнімдермен жарылқап отыр. Картоп өсірумен айналысатын Жармаш, Төкен, Құмыт Мұхтархан есімді қандастар ел ауқатының артуына септігін тигізуде.
Маңырақты интеллигенция өкілдері көп шыққан ауыл деп бекер мақтамайды. Бұл ауылдан шыққан ақын-жазушылар, тарихшылар, журналистер республикаға танымал. Ауылдағы А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп бұрынғы қалпынан мүлде өзгеріп, түрленіп шыға келген. Ішіне күрделі жөндеу жүргізіліп, сынып бөлмелері қайта жабдықталды. Оны компьютерлік кабинеттен айқын аңғаруға болады. Аудандағы үлгілі, беделді білім ордасын бүгінгі таңда Бақытхан Такиров басқарып отыр. Мектептің 2010 жылғы түлектері, Бауыржан Қожахметов бастаған бір топ азаматтар мектеп ауласына тал отырғызды. Көшені абаттандыру, жарықтандыру, гүлдендіру жұмыстары жақсы жүрді. 1976-1977 жылы туған түлектер былтыр ауылға шырша талдарын екті. Бүгінде тамыр жайған бұл ағаштар ертеңгі күні көркейіп, ауылға көрік берері сөзсіз.
Денсаулық саласы туралы айтпай кетуге болмас. Ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның бас дәрігері Жанат Күдерова, Рабиға Теміршеева – көпті көрген, оқыған-тоқығаны мол, жоғары санатты мамандар. Сонымен қатар халық емшісі Қарақожа Майланның емшілігіне жүгінетіндер де жоқ емес.
Сол ауылдың тумалары Қадылбек Шаяхметов, Ербол Нұржақыпов, Амангелді Сейілханов салауатты өмір салты үшін ауылдың қақ ортасынан мұз айдынын жасап шықты. Ал Ерболат Ахметқалиев өз қаржысына бильярд сатып алып, мәдениет үйінің ішіне орнатты.
Мұның бәрі – жергілікті атқарушы билік пен жеке кәсіпкерлердің өзара түсіністігінен, елді ойлаған жанашырлықтан туындаған берекелі істер. «Туған жерге туың тік» деген сөз бар. Осы сөзді жүрегіне түйіп өскен ұлан ғана еліне қызмет етеді. Маңырақтағы жарқын істердің нәтижесі жалғаса бермек.

Заңғар Кәрімхан

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button