Қоғам

Майдангерлердің есімі жазылған ескерткіш

Майдангерлердің есімі жазылған ескерткіш


Жеңіс күні қарсаңында бесқарағайлықтар ержүрек бабалар рухына тағзым етті. Атап айтқанда, Баскөл ауылында майдангерлерге арналып мемориалдық ескерткіш орнатылды. Биіктігі 7 метр, сондай-ақ, ені 10 метрді құрайтын монументтің құрылысына жарты миллиондай қаражат жұмсалды. Игілікті шараға соғыс және тыл ардагерлері, сондай-ақ Семей, Алматы мен Астана қалаларынан келген меймандар және ауыл тұрғындары жиналды.

Мемориалдық ескерткішке мәрмәрдан жасалған тақта орнатылып, оған жергілікті майдангерлердің есімі жазылыпты. Ал оның алдына тізерлеп тұрған жауынгердің мүсіні қойылған. Бұл отты жылдары антына берік, рухы қайсар жанның бейнесі болса керек. Осы ретте адамзат тарихындағы алапат соғысқа Баскөл және Қарақұдық ауылдарынан 300 азамат аттанғанын айта кеткен орынды. Солардың арасынан 84 сарбазға Отанына оралу бұйырмаған екен. Қалған 216 жауынгер де бүгін арамызда жоқ. Ынтымағы жарасқан қарағайлы өңірдің халқы жерлестерін ұмытқан емес. Бұған 300 ердің есімі түгелдей жазылған ескерткіш монументі дәлел. Осыған қарап әйгілі «300 спарталық жауынгер» дастаны еріксіз ойға оралады. Алайда олардың ерлігі аңыз болса, баскөлдік баһадүрлердің қаһармандығы тарихпен таңбаланған. Баскөлдіктердің қан майдандағы ерлігін жаңғырту мақсатында, сондай-ақ «Әкелер рухына тағзым» кітабының таныстырылымы өткізілді. Бұл еңбекті осы өңірдің тумалары Руслан Насыров пен Люция Хамитова жазып шыққан. Әзірге аталмыш туынды санаулы данамен басылыпты. Десе де алдағы уақытта оған толықтырулар енгізіліп, көлемін ұлғайту қарастырылып отыр.

– Соғысқа біздің ауылымыздан көптеген азаматтар кетті. Оның зардабы әр отбасыға тиді десем, қателеспейтінім анық. Қаншамасы ұрыс алаңынан оралмады. Менің әкем Адыхан Байканов пен оның інісі Ахтан Байканов майдан даласында қаза тапты. Тек бір інісі – Қадыр Байканов қайтып келді. Баскөл орта мектебінде соғыс ардагерлеріне арналған музей жұмыс істейді. Бұл қуантып отыр. Өйткені жас ұрпақ жеңімпаз аталарын біліп өссе – жаман болмайды. Керісінше Отанына адал азаматтар болып тәрбиеленеді деген ойдамын. Ескерткіш тиянақты жасалған екен. Осыған біз алғыс айтамыз, – деді тыл ардагері Марватжан Байканов.

Биыл елорданың 20 жылдық мерейтойы аталып өтілетіні мәлім. Торқалы датаға орай, қазыналы қариялар мен алыс-жақыннан келген қонақтар, ескерткіштің маңына 20 түп жас шырша ағаштарын отырғызды.

Жақсылық Мұратқали
Бесқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button