Майданда сыналып, еңбекте шыңдалған
Біздің балалық шағымызда соғыстан қайтқандар көп еді. Бәрінің де денесінде соғыс салған әртүрлі жарақаттары бар. Мектепке оқушылармен кездесуге кеудесі орден, медальға толы майдангерлер келетін.
Өмір бойы кеңшардың экономикасын көтеруге үлес қосқан үржарлық Насыр Байызов, Әбдіқалық Есімханов, Мұхтарқан Мұқажанов, Арынғазы Мәмбетбаев, Асылқан Өгізбаев Отан үшін отқа түсіп, түрлі жарақат алып, отбасына аман жеткен боздақтар болатын. Олар жайында ештеңе жазылмады, тек жылына бір рет есімдері аталушы еді. Бойларына біткен қарапайымдылық па, олар да «мен соғысқа қатысқанмын» деген жоқ.
Солардың замандасы, майдангер әріптесі Жомарт Мақажанов. Мақаншыға жақын Қаратал ауылында дүние есігін ашқан соң, осы ауылдағы бастауыш мектепті тәмамдап Мақаншыдағы орта мектепте оқуын жалғастырған. 1942 жылы 18 жасында әскерге алынған.
Сол кезде соғыстан қайтқан солдаттар «мен былай соғыстым, жауды былай жапырдым» демейтін. Солардың бірі – осы Жомарт еді.
Жерден зіркілдеген артиллерия снарядтары мен көктен жауған жау ұшақтарының бомбалары Жер-Ананың мазасын алып-ақ жіберді. Ұрысқа бұрыннан кірісіп жүрген «қарт» жауынгерлер не істерін білмей абдырап тұрған Жомартқа «басыңды қос қолыңмен айқастыра ұста да жата қал», -деп айқайлады. Астан-кестеңі шыққан дүниенің арасынан аман қалғанына сенерін де сенбесін де білмей қалды. 1943 жылдың сәуір айынан сол жылдың қазанына дейін 110 атқыштар дивизиясының 110 оқу батальонында қызмет етті. Осы 110 атқыштар батальонның құрамында екінші Белорусия майданында соғысты. Бұл кезде жасанып келген жаудың беті қайтып, шабуылдауды қойып, қолға түсірген жерлерді қайткенде ұстап қалу қамына көшті. Сондықтан табандап жатып алды.
Жомарт қызмет еткен екінші Белоруссия майданы осы одақтас мемлекеттің аумағын азат етуге кірісті. Жау Беларуссияны стратегиялық жоспармен басып алған еді. Белорусь жерінен Балтық жағалауына, Шығыс Пруссияға, Польшаға, Украинаға шығуға мүмкіндік бар болды. Жау осыны қатты ескерді. Жомарт қызмет еткен атқыштар дивизиясы Невельден Припяти аралығында жүріп жатқан соғысқа жан аямай кірісті. Төбеден жауған бомба, жерді жарардай зіркілдеген зеңбірек оқтары адамның төбе құйқасын шымырлатады. Майдангер жауынгерлер бұл кезде қорқуды қойған. Атқыштар дивизиясының жауынгерлері басқа да құрамалармен қатарласа жүріп, Новосольникиді, Великие Лукиді, Невельді алып, Витебск-Полоцк теміржолын жау қолынан тазартты. Беларусьтардың ежелгі атамекені Жлобин, Бобруиск, Минск азат етілді. Өкініштісі, жау кетерінде сол ауылдарды өртеп тұрғындарға үлкен шығын келтірді.
Соғыстан кейін Жомарт Мақажанұлы бір әңгімесінде өзінің Кеңес одағының маршалы К.Рокосовскийдің Армиясының құрамында соғысқанын айтқан болатын. Бұл кезде Жомарттың әкесі Мақанжан Өтепбаев 1090 гвардиялық атқыштар полкі құрамында 1942 жылдың қыркүйек айынан 1943 жылдың наурыз айына дейін Сталинград қаласын қорғауға қатысты. Неміс әскерінің қолбасшысы Паулюсті тұтқынға алуға тікелей ат салысты. 49 гвардиялық Армия құрамындағы жауынгерлер Орловск-Курск маңындағы танкілер шайқасына қатысып, неміс танкілеріне қарсы тұрған кезде есіл ер, жеті баланың әкесі Мақажан осы жерде 1943 жылы тамыз айында хабарсыз кетті.
Тағдыр деген қызық қой. Мақажанның сүт кенжесі Қасымсейіт Мақажанұлы осы әкесі қорғаған Сталинград қаласында 1953-55 жылы әскери борышын өтеді. Әуе қорғаныс зениттік-артиллерия полкында қызмет ете жүріп, әскери оқу орнын бітіріп, запастағы кіші лейтенант атағын алды.
Қараша айының соңына қарай Беларусь майданының жауынгерлері Чаусы, Жаңа Быхов, шығыстағы Рогочев және Мозырды Припять, Десна, Сож, Днепр, Березин өзендерінен жау қолын түріп тастады. Өз уәдесіне берік, ержүрек жауынгер Жомарт Мақажановты басшылары байқап, Тамбов жаяу әскер училищесіне оқуға жіберді. 1946 жылы 31 тамызда кіші лейтенант атағын алып әскерден елге оралды .
Келісімен жиырма екі жастағы жас жігіт Крупская атындағы ұжымшардың Қаратал ауылындағы мал шаруашылығын басқарды. Соғыстан шаршап, бейбіт өмірді аңсап жеткен қарулы жігіт жұмыста өзін толық көрсете білді. Екі жылдан кейін колхоз мүшелері өздерінің жалпы жиналысында оны Крупская колхозының басқарма төралығына сайлады.
Колхоздың жас төрағасы Жомарт жоғары жаққа жағдайды мәлімдей отырып, сол кезде арман болған «Полуторка» жүк машинасын колхозға алдырды. 1949 жылы колхозға келген осы машинаны Григорий Босиков деген азамат жүргізді. Бұл машинаның колхозға көп көмегі тиді. Астық қабылдау пунктіне қатынайтын 15-16 өгіз арба, сол арбаны айдайтын 7-8 адам босап, басқа жұмысқа жіберілді. 25 шақырым қашықтықтағы егістіктегі қырманнан өгіз арбалар екі күнде бір рет Мақаншыдағы астық қабылдау пунктіне қатынайтын болса, «Полуторка» күніне 3-4 рет барып келетін болды. Жас төраға жаңашылдыққа құмар еді. Ауылға тракторлардың атасы НАТИ-ді алдырды. Оның жүргізушісі соғыстан бұрын колхозда тракторшы, соғыста танкист болған Нұркебай Құнабаев еді.
Майдангер, бейбіт еңбектің белсендісі Жомарт Мақажанов Крупская колхозының соңғы төрағасы ретінде Қаратал ауылының тарихында қалды. Қаратал өңіріндегі мал шаруашылығына басшылық жасады.
Әскерден босап келген соң, Күлсана Ахметқызымен дәм қосып Қасымғазы, Сейітқазы, Жұмағайша, Балғайша, Аққайша, Биғайша атты алтындай ұл-қыз өсірді. Амал не соғыстан аман қайтқан жауынгер Жомарт Мақажанов «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарын кеудесіне тағып келіп 1974 жылы өмірден озды.
Мұратқазы Саябаев
Үржар ауданы.