Қоғам

Майданда да, бейбіт өмірде де ерен еңбегімен танылды

Өмір ағысының кейбір кездерде адамның өзінің де, сыртқы күштердің де ырқына көндірмей кететін кездері аз емес қой. 1944 жылдың желтоқсанында майданға, Отан қорғауға аттанған марқұм ағамыз Жұмабай Нұқсиевтің басында да сондай жағдай болды.

Әскери дайындықтан өтіп, 100-ші атқыштар полкының құрамында 85 және 122 миллиметрлік қысқа стволды зеңбірекпен соғысқа кірмекші болып тұрғанда жоғары жақтың бұйрығымен полк Горькийдегі ғылыми сынақ полигонына жіберіледі. Мұндағы әскерилерге жаудан олжаланған соғыс техникаларын Тамбов, Киев, Ленинград, Брест қалаларынан пойызға тиеп алып, Горькийге жеткізгенше олардың толықтай сақталынуын күзету міндеті жүктелінді.

«Жау жоқ деме жар астында» демекші, майдандағыдай болмағанымен, соғыс техникалары тиелген эшелондарды апатты жағдайларға соқтырмай Горькийге жеткізу оңай емес еді. Әртүрлі себептермен пойыздардың рельстен шығып кетіп, жарты жолда «шашылып» қалуы немесе танк, зеңбірек сияқты әскери техникалардың платформада жарылуы, күзетші солдаттардың із-түзсіз жоғалып кетуі немесе өліктерінің табылуы жағдайлары жиі болып тұрды. Бұларды жаудың барлаушылары мен жақтастары, бүлікшілер жасады. Сондықтан да Ж.Нұқсиев қызмет ететін әскери құрамда да майдандағыдай жоғары әскери дайындық, темірдей берік тәртіп болды. Күзетке шыққан әрбір жауынгерден қырандай қырағылық, батылдық талап етілді. Бала кезінен ауыр тұрмыстың қалыбынан өткен Ж. Нұқсиев кездескен қиыншылықтардың бәріне төзе, күтпеген жерден келетін оқыс жағдайлардан қорғана білді. Әскери қызметтегі осындай қырағылығы мен зор жауапкершілігі үшін сан мәрте командирлерінен алғыс алып, мақтау естіді. 1950 жылы зор құрметпен әскер қатарынан босап, Катонқарағайға қайтарылды.

Ауылда да әскерден келген аяқ-қолдары бүтін солдаттарды көп шаруалар күтіп тұрған еді. Сондықтан ол да солдат гимнастеркасын шешіп үлгермей жатып, аудандық байланыс бөліміне жұмысқа түсті. Мұнда ол аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып істейтін Әліп Еміловтің үйінде тұрып, бір жылға жетер-жетпес уақыт поштаны алып жүруші болып еңбек етті. 1951 жылы «Большевик Алтая», «Степан Разин» және «Степан Халтурин» колхоздары біріктіріліп, ірілендірілген шаруашылыққа Уәли Тұрсынов бастық болады. Жылқы, сиыр және қой фермаларына меңгеруші болып Насырхан Абдолов, Илья Младенцов және Тоқтаған Тайсаринов тағайындалады. Қой фермасы үлкен әрі ондағы отарлар шашыраңқы жерлерде орналасқандығына байланысты оны басқару оңай болмайтыны ескеріліп, Т.Тайсариновқа есеп-қисапқа жүйрік, жүріп-тұруға жеңіл жас жігіт Ж.Нұқсиев көмекші болады. Арадан екі жыл өткеннен кейін колхоз басқармасы өзгертіліп, Ә.Емілов бастығына, Т.Тайсаринов орынбасарлығына сайланады да қой фермасына майданнан оралған Қабыл Балтабаев екеуі иелік етеді.

Ж.Нұқсиевтің айтуы бойынша, сол кезде колхоздың қой фермасында он төрт мыңдай қой болған екен. Ол кезде малшылардың жағдайы жақсы болмағаны белгілі. Колхоз жайлы қораны қойып, малшыларды қолайлы үймен де қамтамасыз ете алмады. Оның үстіне жемшөп қоры да тапшы болды. Қой мен жылқы негізінен тебінде ұсталынып қыстан шығарылды. Көктемде төлдеген кездерінде ғана аздап шөппен, жеммен азықтандырылатын. Осындай жағдайдың өзінде зор жауапкершілікпен еңбек еткен шопандар Қали Жәшіков, Нұрғали Елубаев, Амантай, Себепбай Жартановтар, жылқышылар Нұртаза Айдарбаев, Бұқатай Баймолдин мен Құрманғали Қазиұлы, тағы басқалар жоспарлы тапсырмаларын абыроймен орындап отырды.

Бүкіл ғұмырын елінің ертеңіне арнаған Ж.Нұқсиев 1986 жылы құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін қалған өмірін отбасында, балалары мен немерелерінің, ағайын-туғандарының ортасында өткізді. Жарты ғасырдан астам уақыт бірге жасасқан жары марқұм Сәмиға апайымыз екеуі тоғыз бала тәрбиелеп, ержеткізді. Мәуле бастаған сегіз қызын қияға, жалғыз ұлы Нұрлыбекті ұяға қондырып өмірден озды.

Жәнібек Қызыр, Катонқарағай ауданы. 

Осы айдарда

Back to top button