Қоғам

Өзі сұранып, қан майданға аттанған

Бірінші Украина майданында даңқты қолбасшы Жуковтың қарамағында жаумен қиян-кескі соғысып, Жеңіс туын желбіреткендердің бірі – Үржар ауданы, Қарақол ауылының тұрғыны, «Қызыл Жұлдыз» орденінің және бірнеше медальдардың иегері Кәрімтай Атаншинов ақсақал.

Өзі сұранып, қан майданға аттанғанБүгінде 90 жасқа келіп отырған ол ата-анасынан небәрі алты жасында айырылып, Аягөздегі Сергиополь балалар үйінде тәрбиеленді. Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылы тура 18 жасқа толып, балалық белесті артта қалдырды. Артта қарайлайтын әке-шеше, бала-шаға, туған-туыс жоқ өрімдей жас жігіт өзі сұранып, қан майданға аттанды. Әлі есінде бұлар мінген эшелон 1941 жылдың 5-желтоқсаны күні сұрапыл соғыс жүріп жатқан Батысты бетке алып, жүйткіп берді.

Соғыстың басынан қатысқан 24 жасар жігіт 1947 жылдың 27- мамырында қос балдақпен туған еліне оралды. Тарбағатайдың қойнауында отырған нағашысының үйінен басқа баратын жері де жоқ ол Тасбұлақ ауылындағы сол туыстарының қолына келіп кірді. Алда тағы бір майдан – еңбек майданы тосып тұр еді. Қылшылдаған жас енді алапат соғыстан еңсесі түсіп, әлсіреген ауылшаруашылығын өркендетуге күш-жігерін жұмсады. Көкпектінің Шегелек ауылында біршама еңбек етіп, аталас ағайындары қоныс тепкен Қарақол ауылына келіп тұрақтады. Ауылдың тең жарымы орыс, неміс ұлтының өкілдері екен. Директоры Попов деген жігіт бір тәуір адам болып шықты. Обалы не керек, мұның барлық жағдайын жасап, көмек қолын созды. Балалар үйінде өсіп, қан майданнан оралған Кәкең орыс тіліне жетік еді, бірден-ақ жергілікті тұрғындармен араласып кетті. Басында Социалистік Еңбек Ері Ішпекбай Жақсыбековтің қол астында көмекші шопан болып еңбек еткен ол ауылшаруашылығының барлық саласында жұмыс істеді. Осы совхозға қарасты Сартерек ауылында радист-оператор болып еңбек етіп, кейін өз алдына бір отар қой алып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Тіпті, жетпісінші жылдары венгр, шотланд, шығысеуропалық тұқымды иттерді көбейтіп, ит те бақты. Шаруашылық басшылары қайда салсаң да жарып шығатын ер мінезді, өжет жігіттен көп үміт күтетін.

– Бұл Қарақол ауылынан 391 азамат майданға аттанған еді. Ойлап отырсам, соның мен ең соңғысы екенмін. Бәрі де ата-бабаларымыз кеткен келмес сапарға аттанған. Ал өзіме Алланың берген жеті перзентінің біреуін Жаратқан өзі алған. Қалған алтауы аман-есен, шүкір. Алғашқы отасқан жарым Бақтыбала, балаларымның анасы қайтыс болған соң осыдан бес-алты жыл бұрын бір ақ жаулықты әкеліп кіргізгем. Аллаға шүкір, Райгүл деген Құдайға қараған жан болып шықты, менің барлық ауыртпалығым сол кісінің мойнында, – деді майдангер.

Жасы тоқсанға келсе де, Кәрімтай ақсақал тың көрінеді, әлі де далаға шығып, көрші тұратын ұлы Есенайдың үйіне келіп, әлдебір тапсырмаларды жүктеп жатқаны қашан көрсең. Есенай әкесінің бетін қайырып көрген емес, айтқанын қалт жібермей орындап, үнемі қарайласып тұрады. Бұл да ата-ана тарапынан берілген тәлімді тәрбиенің арқасы.

Қарақол ауылында Ұлы Отан соғысы ардагері Кәрімтай Атаншинов осылайша бақытты өмір сүруде.

Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы

Осы айдарда

Back to top button