Май зауыты шілдеде іске қосылады
Аймақ басшысы Даниал Ахметов іссапармен Глубокое ауданындағы Предгорное ауылында болып, жылына 400 мың тонна өнім өндіре алатын елдегі ең ірі май зауытының құрылысымен танысты.
– Бұл кәсіпорында отандық және халықаралық заманауи технологиялар орнатылған. Инвестициялық портфелі – 30 миллиард теңге, шілдеде іске қосылады. Мұнда күнбағыс, рапс және елімізде еш жерде өңделмейтін зығыр майы шығарылатын болады. Зауыт шаруаларға майлы дақылдарды ұлғайту мүмкіндігін береді, – деді облыс әкімі.
Шикізатты тек Шығыс Қазақстаннан емес, сондай-ақ елдің басқа өңірлерінен және Ресейден алу туралы келіссөздер жүруде. Кәсіпорынның экспорттық әлеуеті зор.
Зауытта 300-ге жуық жұмыс орны ашылады, бұл жоба облыс агросекторындағы жағдайды түбегейлі өзгертпек.
Ержан Кеңесұлы