Қоғам

«МАЙҚАПШАҒАЙДЫ» МАЙШЕЛПЕККЕ АЙНАЛДЫРЫПТЫ

«Майқапшағай» кеден бекетін бірнеше жылдан бері  май мен сөкке, майшелпекке айналдырып келген  кеден бекетінің қылмыстық тобына қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды.

2019 жылдың 17 қыркүйегінде шыққан Шығыс Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен биыл жазда кеденшілерге қатысты шыққан сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды.

Зайсан ауданындағы «Майқапшағай» кеден бекетінің контрабанда бөлімінің қызметкері бастаған ұйымдасқан қылмыстық топ Қытайдан жеткізілетін халық тұтынатын тауарлар жүгін жедел әрі кедергісіз рәсімдеп, жасырын түрде өткізу үшін сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларынан  жүйелі түрде пара алып отырған.

Биылғы 28 маусымдағы облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен азамат Н.Қабышев үлкен сомада пара алғанымен бірге «гашиш» наркотигін сақтағаны үшін сегіз жылға, сондай-ақ азаматша Ж. үш жылға, азамат А. пара алумен бірге аса ірі көлемде «гашиш» наркотигін сақтағаны үшін алты жылға  сотталып, бас бостандықтарынан айырылған болатын.

Қабышев «Майқапшағай»  кеден бекетінің контрабанда бөлімінде жұмыс істей жүріп, Ж. және А-мен   өздері құрған ұйымдасқан қылмыстық топпен бірге жеке кәсіпкердің үлкен көлемдегі контрабандалық тауарларын кеден шекарасынан жасырын алып өтуге бірнеше рет болысқан. Заңсыз алып өткен тауар сомасы 237 049 772,94 теңгені құраған. Контрабанда бөлімінің қызметкері  өзінің сыбайластарымен жасырын түрде өткізген тауарлары үшін жеке кәсіпкерден   пара алып отырған. Сондай-ақ ол кәсіпкер П-ны жаңылыстырып, алдауына түсірген. Кәсіпкер  «Майқапшағай» кеден бекетінен жүк өткізерде жүктің шекарадағы кеден бекетінен кедергісіз, тексеріссіз өтетініне уәде беріп, осы «көмегі» үшін одан 7 700 АҚШ долларын алған. 2018 жылдың 2 сәуірінде жұмыстан шығарылған ол заңсыз тауарды кеден бекетінен өткізуге ешқандай мүмкіншілігі жоқ екенін біле тұра осылай «көмек» көрсетуін тоқтатпаған.

Ал пара алып, алаяқтық жасаған облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ғ.Сүлейменов        24 млн. 605 000 теңге айыппұл төлейтін болды. Шенеунік неге айыппұлмен құтылған?

Аталған департамент басшысы Қылмыстық кодекстің 366 б. 3 б. 3 п. бойынша, яғни лауазымды тұлға бола отырып алаяқтық жасағаны үшін сотталған.

Қылмыстық іс сотқа прокурор мен сотталушы арасында жасалған сотталушының кінәсін толық мойындағаны туралы процессуалдық келісіммен келіп түскен. Осы келісімшарт бойынша прокурор сотталушыға жазаны айыппұл салу түрінде тағайындауды сұраған. Заң талаптарына сәйкес, іс сотқа процессуалдық келісіммен түскен жағдайда соттың сотталушының жағдайын мүшкілдететіндей келісімде көрсетілген жазадан қатаң жаза тағайындауға құқы жоқ.

Сот сотталушының жасаған қылмыстық әрекеті үшін өкінетінін, кінәсін толық мойындағанын ескере отырып, оған 24 605 000 теңге айыппұл салып, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырған. Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button