Қоғам

Маусымды жеңіспен түйіндеді

Маусымды жеңіспен түйіндеді


Риддерде шаңғы жарысы мен биатлоннан қатар өткен ел чемпионатының екеуі де шығысқазақстандықтардың жеңісімен аяқталды. Осылайша, жерлестеріміз Универсиада мен Азиадада бастаған жеңісті жолдарын ел біріншілігінде жалғап, қуанышты сәттерге толы болған маусымды тамаша көрсеткіштермен қорытындылады.

Дегенмен, шаңғы жарысында жерлестерімізге өзге облыстардың командалары, оның ішінде, әсіресе, ақмолалық шаңғышылар тегеурінді қарсылық көрсеткенін мойындауымыз керек. Тіптен, Сарыарқа төрінен келген қонақтар жарыстың аяқталуына бір күн қалғанда жалпыкомандалық есепте көш бастап, екінші орында орналасқан біздің командадан бақандай 70 ұпайға ұзап тұрған болатын. Алайда, соңғы күнгі бәсекелер бәрін өз орнына қойды.

Әсіресе, елішілік жарыстарда ғана емес, халықаралық додаларда да үздіктер қатарынан көрініп жүрген саңлақтарымыз ерледі. Мәселен, қыздар арасындағы 30 шақырымға жүгіру сайысында осыдан біраз бұрын Жапонияның Саппоро қаласында өткен Азия ойындарында ел қоржынына бірнеше жүлде салған Елена Коломина топ жарса, ерлер бәсекесінде 50 шақырымдық межені бірінші болып Алексей Полторанин бағындырды.

Осының арқасында Шығыс Қазақстан облысының құрама командасы басты қарсыластарын басып озып, чемпионатты 52 ұпай басымдықпен аяқтады. Екінші және үшінші орындарға сәйкесінше Ақмола мен Қостанай облыстарының шаңғышылары тұрақтады.

Биатлоншыларымыздың жеңісі мүлдем ерек. Чемпионаттың алғашқы күнінен үздік нәтижелер көрсете бастаған жерлестеріміз біріншілікті 1 112 ұпаймен қорытындылады. Бұл екінші орында қалған Павлодар облысы спортшыларының көрсеткішінен 402 ұпайға артық.

Ортақ жеңіске өз үлестерін қосқандардың ішінде Ян Савицкий, Галина Вишневская, Ольга Полторанина және Александр Трифонов сияқты ел құрамасының белді мүшелерімен қатар, Дионис Родунер, Дмитрий Колесников, Ильдар Хамитов пен Роман Пушкарев сияқты жаңадан шығып келе жатқан жас спортшылар да болды.

Айта кетейік, аралас эстафетада шығысқазақстандық биатлоншылар «алтынға» қол жеткізсе, дәл осындай жарыста бақ сынаған жастарымыз күміс жүлдені қанағат тұтты.

Төрт ату алаңы бар жекелей сында Александр Трифонов үздік нәтиже көрсетсе, әйелдер арасындағы бәсекеде семейлік Галина Вишневскаяға тең келер ешкім болмады.

Біздің спортшылар жұптық эстафетада да алдына қара салмады. Ересектер арасындағы додада Ян Савицкий мен Ольга Полторанина жұбы үздік шықса, жастар сайысында Дмитрий Колесников пен Елизавета Бельченко жеңімпаз атанды.

Соңғы күнгі масс-старт жарысында да шығысқазақстандық биатлоншылар айқын басымдықпен жеңіске жетіп, қоржынымыздағы ұпай қорын молайта түсті.
– Біздің команда қарсыластарына қарағанда екі есе көп ұпай жинады. Соңғы жылдары бұл үйреншікті жағдай болып кетті. Алайда, өзге облыстардың спортшылары әлсіз деп, арқаны кеңге салуға болмайды, – дейді олимпиадалық резервтегі республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің директоры Владимир Кнауб.

Тағы бір айта кетер жайт, биылғы дүбірлі жарыстардың қорытындысы бойынша шығысқазақстандық биатлоншылар 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін XXIII Қысқы Олипиада ойындарына 10 лицензия жеңіп алды.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button