Алматыдан жеткізілген трамвайлар рельске шығады

Біраз уақыт Өскеменде тоқтап қалған трамвайлар қозғалысына өткен аптаның жұмасынан бастап қайтадан жан біте бастады. Қазір үш бағытта бұрынғы бес вагон жолаушыларды тасып жүр. Ал аптаның соңында алғашқы Алматыдан әкелінген трамвай рельске шықпақ.
Енді өскемендіктер қала көшелерінен Алматы қаласынан жеткізілген, жолаушылар сыйымдылығы үлкен, шығарылған жылы бұрынғы трамвайларға қарағанда әлдеқайда жаңа, техникалық жарақтандырылуы жоғары қоғамдық көліктермен діттеген жеріне дейін жете де алатын болады.
Бұл жөнінде Өскемендегі трамвай паркінде арнайы болып, жаңадан құрылған «Өскемен қаласының көлік компаниясы» ЖШС-нің алғашқы жұмыс қарқынымен, парктің қазіргі жағдайымен жете танысқан облыс әкімі Даниал Ахметов мәлім етті.
– Осыған дейін бірқатар басылымдар мен әлеуметтік желілерде «Өскеменге ескі трамвайларды несіне әкелген, ескінің қажеті қанша?» деген сыңайда материалдар жарық көрді. Байыппен салыстырып, көрсек, бұл 13 трамвай біздің ескілерден әлдеқайда жаңа әрі сапалы және оны арзан бағаға сатып алдық. Біреуі тоғыз миллион теңге ғана. Тіпті, қайырымдылық акциясы деуге де болады. Бұрын қалада небәрі алты трамвай ғана жүрді. Ал мұндағы мамандар жаздың соңына қарай 25 трамвайды рельске шығарамыз деп отыр. Осының бәрі өскемендіктердің игілігі үшін жасалып жатыр. Сондай-ақ мен Алматыда болғанымда, олардан ретротрамвай жіберуді сұрадым. Ол да ескінің көзіндей жәдігер болып, көз алдымызда жүретін болады, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысының айтуынша, жаңа трамвайлардың сыйымдылығы 232 адам және бұрынғысына қарағанда экономикалық тұрғыдан 20 пайыз үнемді. Бұрын алты трамвай ғана жүрсе, енді олардың саны екі есеге артады. Сондай-ақ осы апта ішінде алматылық мамандар келіп, жергілікті мамандарға аталған трамвайларды дұрыс басқаруды, электрлік жүйесін қалай қолдануды үйрететін болады.
– Трамвайлармен қатар, мұндағы парктің жағдайын да толықтай ретке келтіру қажет. Жөндеу базасының өзі жөндеуді қажет етіп тұр. Қаладағы трамвай жолдары жиырма жылдан астам уақыт жөнделмеген. Сондықтан енді осының бәрін реттейтін боламыз. Сіздер он күн ішінде тиісті ұсыныстардың бәрін дайындаңыздар, сонан соң арнайы жиналыс өткізіп, қаржыландыру көзін анықтайық. Трамвайларды толық қалпына келтірген соң ғана желіге қосыңыздар, – деді облыс әкімі парк басшылығына.
Кездесуде журналистер облыс басшысына қаланың сол бағытқа қарай өсіп бара жатқанына байланысты бұрынғы жоспар аясында Жібек маталар комбинаты ықшам ауданына трамвай қозғалысы ашыла ма деген сауал қойды. Бұлай ету дәл қазіргі уақытта экономикалық жағынан тиімсіз екендігін алға тартқан Даниал Ахметов ол қызметті енді бәсекеге қабілетті жаңа автобустар алмастыратындығын жеткізді.
«Өскемен қаласының көлік компаниясы» ЖШС-нің директоры Владимир Панковтың айтуынша, парк пен жолдар 1997 жылдан бері жөндеу көрмеген. Парктің өзіне де күрделі жөндеу жүргізілмек.
– Біз әр вагонды мұқият тексеруден өткіземіз. Әр сымын, түйінін тексереміз, байланыс және кабельдік желілерін қараймыз. Қалада үш тартымдылық қосалқы станция бар, оларды да күрделі жөндейміз. Депоның мүшкіл халін өздеріңіз көрдіңіздер. Бір сөзбен айтқанда, осының бәрін қайта қалпына келтіретін боламыз, – деді Владимир Панков.
Сонымен бірге, Владимир Панков бұл алматылық трамвайлар негізінен Германияға арналып 1983-1986 жылдар аралығында құрастырылғанын, Қазақстанға әкелінер алдында 1995 жылы толық жөндеуден өтіп, басқару жүйесі ауыстырылғандығын, алда әлі талай қызмет көрсететіндігін айтты.
Бұрынғы трамвай паркінің жұмысшылар алдындағы жалақы бойынша қарызы толық өтелген және олардың жаңа құрылымға еш талабы жоқ. Сондай-ақ трамвайда жол жүру ақысы көтерілмейтін болады. Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі ЖШС басшылығына трамвай қозғалысын қалпына келтіруді, тұрғындар сенімін нығайтуды тапсырды.
Дәурен Аллабергенұлы