«Мақсұттың» мысы 50 жылға жетеді
Қазақтың кең даласы кеннен кенде емес қой. Алтынның кені, көмірдің кені, мұнайдың кені дейсіз бе жетерлік. Жер қойнынан қазып алып, ұлтыңның игілігіне жарата білсең болды. Осы орайда облыс орталығынан шалғайда жатқан Абай ауданы алты алашқа Абай, Шәкерім, Мұхтар сынды ақылдың кені шыққан қасиетті өңір ретінде ғана емес, соңғы жылдары жер асты байлықтарына бай өлке ретінде де кеңінен танылуда.Мамандардың болжауынша, мұндағы «Мақсұт» кен орнындағы мыс қоры 50 жылға жететін көрінеді.
Абай ауданына барған сапарымызда атына жақсы қанық «Мақсұт» кен орнының затына да қанығып қайттық. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған туған жері Бөріліден он бес-жиырма шақырым жерде орналасқан «Мақсұт» кен орнын арнайы іздеп барып, ат шалдырдық. Бүгінде бұл жерге бүкіл аудан халқы үлкен үмітпен көз тігіп отырғаны да рас. Өйткені, аталған кен орнын игеру – өңірдің үдемелі индустриялық-инновациялық жобаларының қатарынан ойып орын алған жоба. Егер жоба жемісті жүзеге асып, кәсіпорын толық қуатына көшіп, жұмыс істесе, жергілікті жұртшылықтың да мұрты майланары сөзсіз.
Жалпы, геологтар «Мақсұт» кен орнында барлау жұмыстарын өткен ғасырдың жетпісінші жылдары-ақ жүргізіп, бұл жерде мол мыс қорының барын анықтаған. Десе де сол мол мыс қорын игеру екібастұздық «Баст» АҚ-на бұйырыпты. Бұл жер қазір осы «Баст» АҚ-ның толық иелігінде. Кен байыту цехының құрылысын да аяқтап, құрылғыларды сынау жұмыстарын да жүргізіп, талай шаруаны тындырып тастапты. «Баст» АҚ-ның атқарушы директоры Мұхтар Асаиновтың айтуынша, «Мақсұтта» 80 миллионнан астам мыс қоры бар. Бұл дегеніңіз шамамен жарты ғасырға жететін байлық. Қазіргі күні «Баст» АҚ-ның аталған кен орнынан бір жарым миллион тонна кен өндіруге рұқсаты бар көрінеді.
– Біз бұл жерді 2005 жылдан бастап қолға алып, жұмыс жүргізіп келе жатырмыз. Жұмыстың геологиялық барлау кезеңін сәтті аяқтап, қазба жұмыстарына да кірісіп кеттік. Алғашқы мыс концентратын ақпан, наурыз айларында өндіріп, Қытай мен Ресейге жөнелтіп те үлгердік, – дейді Мұхтар Асаинов. Оның айтуынша, жобаның бірінші кезеңінде кәсіпорынның жылына 250 тоннаға дейін мыс өндіруге қауһары болса, ал екінші кезеңде кәсіпорын толық қуатына көшсе, жылына 600 мың тоннаға дейін мыс өндіре алады екен. Бір атап айтарлығы, мұнда өнім ашық әдіспен өндіріледі. Жақында «Мақсұт» кен орнында кернеуі 35 кв болатын подстанция пайдалануға берілмек. Тек осы подстанцияны салып, Қасқабұлақ ауылынан 24 шақырымдық электр қуаты желісін тартуға кәсіпорын 180 миллион теңгедей қаржы жұмсапты. Подстанция іске қосылған соң, балқыту пешін де іске қосу жоспарланып отыр. Сөйтіп, мұндағы өндірілетін өнім көлемі де еселеп артады деп күтілуде.
Қазіргі күні кен орнында 150-дей адам еңбек етуде. Олардың барлығы да вахталық әдіспен жұмыс істейді, яғни 15 күн жұмыс істесе, 15 күн демалады. Жұмысшылардың дені Өскемен, Семей, Тараз, Риддер, Қарағанды секілді өңірлерден келгендер. Әрине, олардың қатарында Абай ауданының өзінің тұрғындары да бар. Бірақ олардың қатары өте аз. «Баст» АҚ атқарушы директоры Мұхтар Асаинов мұның себебін де бізге түсіндіріп берді. Мамандарды алыстан шақырғанша, жақыннан алған, әрине, тиімді. Бірақ көпшілік жағдайда тау-кен өндірісі саласын жақсы білетін мамандарды жергілікті жерден табу қиынға соғып жатады екен. Тіпті, экскаватор, самосвал секілді ауыр техникаларды жүргізушілер де табыла бермейді.
– Вахталық әдіспен жұмыс істеу маған өте ыңғайлы, – дейді риддерлік Евгений Бельченко. Аз-кем тілдескенімізде, Евгенийдің өз ісінің нағыз шебері екеніне көз жеткізгендей болдық. Алдымен Риддердегі тау-кен-металлургиялық техникумын бітіріп, кейіннен Алматыдағы Қазақ ұлттық техникалық университетін тәмамдаған Евгений Бельченко «Қазцинктің» Риддердегі бөлімшесінде жиырма жылдан астам уақыт жұмыс істепті. Қазір ол осы фабриканың бас инженері. Жұмысы өзіне ұнайды. Алатын айлығы да көңілінен шығады екен.
Балқыту пеші іске қосылған соң, жұмысшылардың қатары 250-ге дейін жетуі мүмкін.
Мұхтар Асаинов мұнда еңбек етушілерге барлық жағдайдың жасалғанын айтады. Тіпті мұнда ғаламтор желісі де бар екен.
– Менің осында азпазшы болып жұмыс істеп жүргеніме жарты жылдай уақыт болды. Жұмысым өзіме ұнайды. Он бес күн жұмыстамын, он бес күн үйдемін. Жеті немерем бар. Олар мені ерекше асыға күтіп отырады, – дейді Семейден келіп, вахталық әдіспен аспазшы болып еңбек етіп жүрген Разия Жигайлова.
Мұхтар Асаиновтың айтуынша, алда әлі жоспарлар көп. Кәсіпорын қанатын кеңге жайса, аудан тынысы да ашыла түсетіні сөзсіз.
Мейрамтай Иманғали
Абай ауданы