«МАСТАР» ТЫМ КӨБЕЙІП КЕТТІ
Сахнада сұлу қыз кобрамен өнер көрсетіп жүрді. Кобраны білегі мен беліне орайды, босатады. Ақ қайыңдай әдемі балтырымен жоғары өрмелейді. Көрермен мәз. Бір жас жігіт сахнаға көтеріліп, қыз алдына тізесін бүкті. Гүл ұсынды. Қыз қол соза бергенде кобра шап беріп жігіттің мойнына оратылды. Шиыршық атып қарысып қалған. Жіберер емес. Қылғындырып өлтірді. Бұл не, қызғаныш па?
***
Қазақ қолы мен қытай шеріктері соғысып жатады. Қазақтар жеңіліп, Бетпақдалаға қашады. Жау әскері соңдарына түседі. Қуа-қуа шөлден қаталайды. Азық-түліктен тарығады. Ат-көлігі тұралайды. Сол сәтті баққан бір батыр: «Күткенім осы, енді бұларды қырып салайық», – деп көтеріледі. Сонда бір естияр азамат: «Жоқ, бұларды өлтірмейік. Қайта ас-су беріп әлдендіріп, елдеріне қайтарайық. Әйтпесе бұлардың кегін қуып бұдан да көп әскер келеді. Сонда бәрінен де айырылып қалуымыз мүмкін», – деп басу айтқан. Тоқтам осы болады.
Еліне аман-есен жеткен қытайлар: «Соғысамыз деп барып, қонақ боп қайттық. Қазақ деген дархан да дастарханды халық екен. Біздікі ұят болды», – деседі. Осымен соғыс тоқтайды.
Үйіне бейсауыт кіріп кеткен жыланның басына да ақ құйып шығаратын біздің шалдар, шынында да, мәрт қой.
***
Ақша да адамды арақ сияқты мас қылады екен. Қазақстанда осындай «мастар» тым көбейіп кетті. Қолдарына түсіп қалудан біртүрлі қорқасың.
***
Жәңгір хан жайлы алғаш құдайы күлшедей кітап жазып, артынша пьесаға түсіріп, спектакль қойғызып, ұнамды образын өрнектеген өзім едім. Қаншама қарсылыққа тап келдім… Мәселе онда емес. Айтпағым, хан зираты Батыс Қазақстан облысы Орда селосының іргесінде жатыр. Отан соғысы жылдары болған оқиға. Отыннан тарыққан жұрт алдымен хан зиратының үстіндегі ағаш күмбезін бұзып алады. Отқа жағады. Артынша тасын тасып әкетіп, бұзауқора жасайды. Имансыздықтың мұнан асқан мысалын таба алмассың, баяғы Махамбеттен қалған «Хан емессің, қасқырсың» осылай жалғасып жатты.
Келесі жазда көрген елге таңдай қақтырған тағы бір оқиға өтеді. Бір түнде хан моласы мен Фатима тоташтың, жанындағы қос ұлының басына көк сырмен сырланған темір қоршау пайда болады. Кім қойғаны, қайдан әкелгені беймәлім, құпия!
Бақса, Казан татарлары жергілікті қазақтардың сорақылығын естіп, жаға ұстасқан. Сосын қой, болмас деп әдемілеп темір қоршау жасатып, арнайы бригада мен машинаны аттандырады. Бір түнде бар шаруаны бітіріп, көзге түспей кері қайтқан.
Фатима тоташтың тегі татар. Атақты мүфти Мұхамеджан Хусейіновтің қызы. Жәңгір – күйеубаласы.
Жәңгір хан 1845 жылы 11 тамызда дүние салды. Ал темір қоршау 1945 жылы жаз айында орнатылған. Арада тұтастай 100 жыл жатыр.
Бір ғасыр бойы жатжұрттық қызын ұмытпаған, хан күйеудің рухын сыйлаған татар ағайындарға қалайша таңғалмассың. Таңғалу аз, табыну қажет!
***
– Жақсы да бір төмпешік, жаман да бір төмпешік. Несін айтасың, – деп базарда алма сатып тұрған бір әйел сампылдап жатты. Ойланып тұрып қалдым. Кейбір ақылды ағаларымның аузынан осы сөзді ести алмай қойғанмын.
Жалғасы бар…
Әзірлеген – Байбура