Маскасын дұрыс тақпағандар айыппұл төлеп жатыр
Санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс деп айтып та, жазып та жатырмыз. Бірақ баяғы жартас сол жартас. Бұлай деуімізге шығысқазақстандықтардың күнделікті төлеп жатқан айыппұлдары дәлел. Облыс аумағында санитарлық дәрігер бекіткен шектеу шараларын бұзу бойынша 22 жағдай тіркелді. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 1,7 миллион теңгеден асып жығылады.
Өскемендегі қоғамдық көліктерде маскалық режимді бұзған 5 жолаушы тіркелді. Сонымен қатар азық-түліктік және азық-түліктік емес дүкендерде ереже бұзушылықтар тіркеліп, 816 760 теңге айыппұл салынды.
Ал Семейде маскалық режимді бұзу бойынша 10 факті анықталды. 306 258 теңгеге жеті хаттама толтырылды. Салынған айыппұлдардың сомасы – 743 835 теңге.
Риддерде демалыс күні (жексенбі) жұмыс істеген 3 дүкен анықталды. Сондай-ақ келушілерге жеке қорғаныс құралдарынсыз қызмет көрсету және маскасыз жүру фактілері бойынша жалпы сомасы 131 265 теңге болатын үш айыппұл салынды.
Алтай ауданында медициналық масканы дұрыс тақпаған төрт адамға айыппұл салынды.
Глубокое ауданында М.В.Гужва есімді тұрғын маскалық режимді бұзған.
Шемонаиха ауданында маскалық режимді бұзу бойынша 3 факті анықталды. Дүкенге келушілер маскалық режимді сақтамаған.
Балауса Мэлсқызы