Маскасы бар актерлер

27 наурыз – Халықаралық театр күні. Сонау 1961 жылдан бері аталып өтіп келе жатқан кәсіби мереке күні шығысқазақстандық бірқатар театр майталманы облыстық мәдениет басқармасының «Маска» сыйлығымен марапатталды.
Иә, шынында да, бұл – театр өнерін өмірінен артық сүйген жандардың мерекесі. Сахнада хан мен батырдың, абыз бен бидің образын сомдап жүргенімен, актер де адам. Ол да еңбегінің еленгенін, төккен терінің бағаланғанын қалайды. Осы орайда облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы А.Мұхамедчинов театр өнері қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
– Бүгінгі мереке өнер саласында қызмет етіп жүрген барша әріптестеріме ортақ мереке деп есептеймін. Театр өнерінің келешек ұрпақты тәрбиелеудегі рөлі өте зор. Осынау қарашаңырақтың астында үш труппа жемісті жұмыс атқарып жатыр. Осы ұжымдар Шығыс елінің көрермендерін бекзат өнермен сусындатып келеді. Былтыр Өскемендегі облыстық драма театры мен Семейдегі Абай атындағы музыкалық драма театры өңіріміздің түкпір-түкпіріндегі ауылдарға да барып, өз өнерлерін көрсетіп келді. Биылға арналған жоспарларымыз да көп. Жақында облыстық драма театрының қазақ труппасы Ресейге гастрольдік сапарға шығуға әзірленіп отыр. Келешекте осы театрымыздың орыс труппасы да шеттегі елге өз өнерлерін көрсету мүмкіндігіне ие болады деп ойлаймын, – деген басқарма басшысы өнер иелеріне 2018 жылға арналған «Маска» сыйлығын табыс етті.
Сонымен, А.Үлімжіұлының «Шолақ қол келіншек» қойылымы «Жылдың үздік қойылымы» болып табылды. Ал «Ең үздік ер адам рөлі» аталымына А.Үлімжіұлының «Шолақ қол келіншек» қойылымындағы Қарынбай рөлі үшін Қалық Қамит, «Ең үздік әйел адам рөлі» аталымына аталған спектакльдегі Мұңлық рөлі үшін Мадина Құмарова лайық деп табылды.
«Жас талант» аталымын Арай Маралбекова, «Көп жылғы еңбегі үшін» аталымын Аманжол Хамзин иеленді. «Р.Есдәулет атындағы» аталымын Жасұлан Серкетаев, «Бірнеше рөлдері үшін» аталымды Елдос Мәсәлім алды. «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» аталымы Б.Ұзақовтың «Жан дауа» қойылымындағы бала рөлі үшін Шалқар Арыстанбековке, «Екінші пландағы үздік әйел рөлі» аталымы А.Николайдың «Күзгі оқиға» қойылымындағы Амра рөлі үшін Диана Қазыкешоваға бұйырды.
Сондай-ақ өнер иелерін салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков те құттықтап, жылы лебізін білдіріп, бірқатар актерлерге ақшалай сыйлық табыс етті.
– Театр – киелі өнер. Театр адамды тазалыққа, адалдыққа тәрбиелейді. Осы орайда өзімнің актер мамандығын таңдап, өмірімді осынау өнерге арнағаныма шексіз ризамын, – дейді облыстық драма театрының белді актері Сайраш Қопабаева.
Мейрамтай Иманғали