МАШИНА ЖАСАУ НАРЫҒЫН БАҒЫНДЫРДЫ
Осыдан 22 жыл бұрын елімізде алғаш рет мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қолға алынып, экономиканы әртараптандыру, қазақстандық үлесті арттыру, шағын және орта кәсіпкерліктің мүмкіндіктерін көбейту, сөйтіп, жоғары технологиялы өндіріспен болашақ экономикасына көшу басталған болатын. Жыл сайын жаңадан ашылып, іске қосылған сол көптеген өндіріс орындарының арасында бір жылға жетпей жатып тоқтап қалғандары да аз емес екені рас.
Қазақстанның мұнай-газ саласына аса қажетті өнімнің бірі – бекіту, құбыржол арматураларын шығарып жатқан «Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты» АҚ өндірісі осыдан он шақты жыл бұрын ашылған заманауи жаңа кәсіпорындардың бірі де бірегейі. Қазіргі күні зауыт мұнай-газ өнеркәсібі, мұнай кәсіпшілігі құрал -жабдықтары нарығындағы бәсекеге төтеп бере отырып, өндірістік қуатын арттырып келе жатыр.
Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты – еліміздегі аса ірі машина жасау кәсіпорындарының бірі. Келер жылдың қаңтарында өндіріс орнының ашылғанына, кәсіпорынның еліміздегі мұнай өңдеу, мұнай-газ өнеркәсібі компанияларын отандық өніммен қамтып, шетелден, сырттан сатып алынатын тауарларды ығыстырып, қазақстандық үлесті арттырып, импорт алмастырушы болып отырғанына он жыл толмақ.
Бүгінде Өскемендегі арматура зауытының өнімдері мұнай тасымалдау магистральдарында, газ тасымалдау құбырларында, мұнай, газ резервуарларында, энергетикалық кешендерде, жылыту, сумен қамту жүйелерінде, тағы да басқа өнеркәсіптік өндіріс салаларында пайдаланылып жатыр.
– Облыстағы өндіріс орындары арасында Өскемен арматура зауыты тұрақты дамып келеді. СТ-KZ сертификатына ие кәсіпорын қазіргі күні қазақстандық үлесті 85 пайызға дейін жеткізіп отыр. Бұл – біздің жергілікті кәсіпорын үшін өте жоғары көрсеткіш. Сонымен бірге, бұл кәсіпорын өнімдері толықтай отандық нарыққа бағдарланып, бағытталып шығарылып жатыр, – дейді облыстың әлеуметтік – экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып отырған жергілікті өндіріс орны турасында аймақ кәсіпкерлері палатасының директоры Кайрат Мамырбаев.
Өнеркәсіптік арматура зауытында заманауи материалдар мен технологиялар қолданылып жатыр, кәсіпорын цехтары бастан-аяқ алдыңғы қатарлы технологиялық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Кәсіпорында сапаны бақылау қызметі бар, жекелеген өнімдер де, жинақталған кешенді құрылғылар да осында міндетті түрде сынақтан өткізіледі.
Аз ғана уақыт ішінде шетелден келетін өнімдердің орнын басып, заман сұранысына ие тауарларды сапалы өндіріп, тұтынушы талабынан шыққан зауытта ең алдымен маман мәселесіне баса мән беріліп келеді. Кәсіпорын басшылығы компанияның басты жетістігі – техникалық қызметтер мен өндірісте еңбек етіп жатқан қызметкерлердің жоғары интеллектуалды әлеуеті және кәсіпқой профессионалдар командасы деп есептейді.
– Бүгінгі күні бізде 130 адам еңбек етіп жатыр. Кәсіпорын құрылар кезде «сонымен өндірісті қай жерден ашамыз?» деген сауал туындаған шақта бірден Өскеменде деген шешім қабылдадық. Өйткені мұнда кадрлық әлеует бар. Біз осы әлеуетімізді әрі қарай күшейтіп жатырмыз. Дәл қазір бізде қызметкерлерімізді Америка мұнай институтының (API) талаптарына сай оқытудың екінші кезеңі жүріп жатыр. Біз өзіміздің өнімдеріміздің түрін де, көлемін де үнемі ұлғайтып отырамыз, сол себепті мұндай оқулар мерзімді әрі жүйелі жүргізіліп отырады. Жаңа өнімдерді игеру, шығару жаңа білімді, жұмыс істеудің жаңа әдісін талап етеді, қызметкерлерді оқытып, үйретпей оған қол жеткізу мүмкін емес,– дейді кәсіпорынның техникалық директоры Рустам Ахмадиев.
Кәсіпорын мамандарының осындай жоғары дайындығы мен біліктілігі бәсекеге қабілетті тауарлар өндіруге мүмкіндік беріп отыр. Оның үстіне қазіргі уақытта мұнай саласы өнімдеріне, бекіту, өшіру арматураларына қойылып отырған талап та тым қатаң.
Ол талаптардың бәрі кеңестік дәуірден бергі ГОСТ, ОСТ, жетекші құжаттар сияқты нормативтік техникалық құжаттарда, елімізің стандарттары, еуронормалар мен ISO, API сияқты халықаралық ұйымдардың құжаттарында көрсетілген. Нормативтік техникалық құжаттармен қатар тапсырыс берушінің жеке талаптары тағы бар. Кәсіпорынға стандартты емес тапсырыстар келгенде жеке талаптардың қатаң сақталуы, тауарлардың соларға сайма-сай болуы тіптен өзекті. Сондықтан өндірістің барлық буынында өнімдердің сапасы, шығарылу мерзімі ерекше бақылауға алынады. Зауытта құбыржол немесе бекіту арматуралармен қатар шарлы крандар, кері қақпақшалар, дискті ысырмалар, ысырма тіреуіштерінің жабдықтары, қарнақсорғыш арматуралар өндіріледі.
Өскемен арматура зауытының өнімдері қауіпті өндірістік құрал-жабдықтарға жататын болғандықтан мұнда өнімнің шынайылығын, беріктігін дәлелдейтіндей түрлі тексерулерден, сынақтардан өтетін конструкторлық, технологиялық құжаттарды мамандардың өздері дайындайды. Осылайша, компания шығарылған әрбір өнімнің өндірістік үлгісіне және өндірістен шығарылатын, жеткізілетін сол өнімдерді сервистік, кепілдік қамту жұмыстарының бәріне толық жауап береді.
Сенімділік тұрғысынан алғанда зауыт өнімдерінің қызмет ету мерзімі қолданыс мақсатына қарай 15 жылдан 30 жылға дейінгі уақытты құрайды. Өскемен арматура зауыты іске қосылғаннан бері кәсіпорынның алдына қойылған басты міндет әлемдік стандарттарға сай келіп, өнім сапасын жыл сайын халықаралық, отандық сертификаттар деңгейінен түсірмеу.
ISO сертификатын алу үшін 9 міндетті рәсім қажет болса, Америка мұнай институтының (API) сертификаты 31 міндетті рәсімді қажет етеді. Өнімдердің сапа менеджментінің халықаралық стандарттарына сәйкестігін қадағалау үшін кәсіпорынға жыл сайын алыс шетелдерден аудиторлар келіп, жан- жақты тексерудер жүргізеді.
ШЕТЕЛГЕ ДЕ ШЫҒАРЫП ЖАТЫР
«Самұрық Қазына» АҚ ұлттық әл-ауқат қорының сайтында Өскемен арматура зауыты отандық өнім өндіруші ретінде тіркелген. Зауыт қор кәсіпорындарының, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» АҚ еншілес кәсіпорындарының, еліміздің оңтүстік, батыс, орталық бөлігіндегі жер қойнауын пайдаланушылардың тендерлеріне қатысып келеді. Кәсіпорынның жергілікті серіктестіктерінің ішінде «ВостокЦветМет», «Казцинк», «Тарбағатай Мұнай», тағы да басқа компаниялар бар. Қазіргі кездегі геосаяси жағдайлардың салдарынан кәсіпорын өнімдерін импорттау қиындап кеткеніне қарамастан, Өскемен арматура зауыты «Транснефть», «Роснефть», «Газпром», «Иркутская нефтяная компания», «Лукойл» тәрізді ресейлік ірі компаниялардың сенімді жеткізушісі болып қалып отыр, олардың тендерлеріне үнемі, тұрақты түрде қатысып келеді.
Қай елдің өндірушісіне де тендерлік құжаттардың мән- маңызы зор. Осы орайда зауыттың техникалық директоры қазақстандық өндірушілер үшін СТ-KZ сертификатының маңызын, басымдығын атап айтты. Бұл сертификат – елімізде өткізіліп жатқан түрлі сатып алу конкурстарына қатысу үшін міндетті түрде талап етілетін құжат. Өйткені аталған сертификат тауар өндірушінің өніміндегі қазақстандық үлесті анықтайтын бірден-бір тәсіл. Алайда СТ-KZ сертификатын алу үшін әртүрлі айла -шарғыға барып отырған жалған өндірушілер шығып жатқандықтан бұл құжаттың өзі де кәсіпорынның беделін 100 пайызға қорғай алмайтын көрінеді.
– Отандық тауар өндірушілерді қорғауға арналған бастаманың өзі өте тамаша, айтар жоқ. Біздің ойымызша СТ-KZ сертификаты болуы керек, бірақ осы сертификатқа қатысты алғандағы өндіруші ұғымын білдіретін өлшемдер өзгеруі керек. Тендерге қатысу үшін өндірушіде индустриялық сертификат, тауарды жеткізушіде СТ-KZ сертификаты болуы керек. Егер сертификат көрсетілмесе, кәсіпорын тауарды жеткізбеген болып саналып, автоматты түрде жауапкершілігі жоқ жеткізуші, жосықсыз жеткізуші реестріне қосылады. Қазақстан машина жасаушылар одағымен болған кеңестен, пікір-таластан кейінгі біздің түйініміз осындай, – дейді Рустам Ахмадиев.
Өскемен арматура зауыты коммерциялық бөлімінің басшысы Денис Шапоревтің ойы да осындай. Жоғарыдағы келеңсіз жәйттердің салдарынан кәсіпорын өндірушіге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын көлденең көп фирмалармен бәсекелестікке түсіп жатыр.
– Кез келген өнім атаулыны бес жұмысшымен-ақ шығаруға болады дегеннің ешқандай қисыны келмейді. Сөйтсе де, бүгінде осындай фирмалар СТ-KZ сертификатын алып жатыр. Бұл ол жерде жемқорлықтың барының немесе жай ғана құзіреттіліктің жоқтығының көрінісі, – дейді Денис Шапорев.
Өскемен арматура зауытының техникалық директоры облыстағы машина жасаушылар қауымдастығының өкілі ретінде СТ-KZ сертификатын алуға ниетті кәсіпорындарға кәсіпкерлер палатасы сарапшыларымен бірге барып, жергілікті өндірушілердің өнімдерімен, өндірістерімен танысып, келешек көкжиектерін бағалауда. Рустам Ахмадиев кәсіпкерлер палатасының сарапшыларына кәсіпорынның мүмкіндіктерін танып, білуге көмектеседі. Оның машина жасау саласындағы 25 жылдық тәжірибесі өндірістің деңгейін, өнімнің сапасын анықтауда жаңылыстырған емес.
– Кез келген тапсырыс беруші өзінің өніміне бастан-аяқ жауап бере алатын өндірушімен жұмыс істегісі келеді. Сондықтан біз өзіміздң кәсіпорында өзімізге, өзіміздің қызметкерлерімізге үлкен талап: әрбір өнімге, әрбір детальға, құжатқа, шешімге, іске жауапкершілік алу талабын қоямыз. Шынайы өндірушінің айырмашылығы, көрінісі осыдан білінеді. Отандық өндірісті дамытуда, қолдауда біз бар күшімізді осы бағытқа, осы мақсатқа жұмылдыруымыз, жұмсауымыз керек, – дейді Рустам Ахмадиев.
Жанаргүл Мұқатай