Машина жасаудың қыр-сырын Президенттің өзінен де үйреніпті

Қазақстан машина жасаушыларының III форумында жерлестеріміз Виктор Михайлов пен Сергей Екимов «Құрметті машина жасаушы» төсбелгісімен марапатталды. Бұл атақ оларға жаңа технологиялар мен еңбекті ұйымдастырудың және басқарудың прогрессивтік формаларын ойлап тауып, өндіріске енгізгені үшін беріліп отыр.
Қос маман еліміздегі тұңғыш автокөлік кәсіпорнының қалыптасуына тікелей атсалысып келеді. «Азия Авто» құрылған сәттен бастап команда қатарында осынау орасан зор механизмнің сағат тәрізді жұмыс істеуіне бір адамдай үлес қосты.
–Алғаш осында келгенімде ғимараттарда «Востокмашзаводтың» ескі жабдықтары тұрған. Олардың бәрін шығарып тастап, тірек конструкцияларын, шатырды, еденді ауыстырдық. Екінші кезеңде конвейерді монтаждауға, жабдықтарды орнатуға кірістік. Тәжірибелік-өнеркәсіптік партияны іске қостық. Содан кейін ғана автокөліктердің сериялық өндірісімен айналыса бастадық,– деп есіне алады зауыттың бас технологы Виктор Михайлов.
Виктор Михайлов Өскемендегі Құрылыс-жол институтында білім алды. Ал өндірістік іс тәжірибесі «Автоваздың» Тольяттидегі конвейерінде өтті.

Бүгінде Виктор зауыттың негізгі бөлімшесіне басшылық етеді. Оның міндетіне жаңа модельдер өндірісін дайындау, жабдыққа, құрал-саймандарға тапсырыс беру, техникалық тапсырма беру, барлық өндірістік бөлімшелерге жұмыс құжаттамасын әзірлеу кіреді.
– Біз өндірісті өте қысқа мерзім ішінде дайындауға тырысамыз. Ең қауырт күндер сынамалы партияны іске қосу кезінде басталады. Себебі орнатылған жабдық пен құралдардың жұмыс істеуін тексеру, операторларды оқыту, автокөліктерді жинау және сынау қажет. Қазіргі күні біз төрт әлемдік өндірушімен жұмыс істейміз. General Motors, KIA, SKODA, Renault-Nissan-АвтоВАЗ кәсіпорындары біздегі өндірістің басталуы мен барысын басынан бастап аяғына дейін бақылап отырады, – дейді бас технолог.
«Азия Автоның» техникалық бақылау бөліміне «Құрметті машина жасаушы» атағының екінші иегері Сергей Екимов басшылық етеді. Сергей де өзінің әріптесі сияқты зауыт өндірісін басынан бастап құруға тікелей атсалысты.
– Мен мұнда 2002 жылы КТУ-ді аяқтағаннан кейін жүк тиеушінің жүргізушісі болып келдім. Мамандығым бойынша автокөліктерді жөндеу жөніндегі слесарь болып жұмыс істедім. Сол уақытта зауыт жабдықтарын орнатып жатқан кез болатын. Конвейерлік желіні іске қосқаннан кейін, құрастыру учаскесіне ауыстым, – деп еске алады Сергей.
Бұл учаскеде ол құрастыру өндірісінің бүкіл қыр-сырын үйренді. Жинаған тәжірибесі кейін сынақ және техникалық бақылау учаскесінде қиналмай жұмыс істеуіне көмегін тигізді. Алдымен доңғалақ геометриясы стендінің операторы, кейіннен сынаушы-жүргізуші, сапа жөніндегі инженер болды. Ал 2008 жылдан бастап сапа жүйесі бөлімін басқарып, өндірісті стандарттау және сертификаттау мәселелерімен айналысты. 2013 жылы Сергей Екимовты техникалық бақылау бөлімінің басшысы етіп тағайындады. Қазір ол барлық технологиялық кезеңдерде сапаны бақылауды ұйымдастыруға жауап береді.
– – Біз әртүрлі өндіруші-серіктестермен жұмыс істейміз, General Motors немесе Volkswagen, не болмаса Skoda болсын, әрқайсысының өз талаптары мен стандарттары бар. Біз олардың ішінен ең жақсысын алып біріктіреміз, – дейді Сергей.
2007 жыл кейіпкеріміз «Автомобиль және автомобиль шаруашылығы» мамандығы бойынша Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-ды бітірді. Былтыр оған Қазақстан-Американ еркін университеті базасындағы МВА Іскери әкімдендіру магистрі академиялық дәрежесі берілді. Виктор Михайлов та осындай кәсіби басқару дәрежесіне ие.
– Біздің ұжымда өз ісіне шын берілген тамаша адамдар жұмыс істейді. Мен өз учаскемдегі жұмыстармен ғана шектеліп қоймай, бос уақытымда басқа бөлімшелердің қалай жұмыс істейтінін қарап жүрдім, – дейді Сергей. – Тәжірибесі мол әріптестерімнен үйренуге тырыстым. Менің кәсіби дамуыма үлес қосқан адамдардың ішінде біздің Президент те бар десем артық айтпаған болармын. Себебі, Нұрсұлтан Әбішұлы зауыттың тұрақты қонағы болатын. Маңызды оқиғалар кезінде – Lada құрастыру желісін іске қосқаннан бастап Skoda және Chevrolet өндірісін бастау сәтіне дейін назарынан тыс қалдырмайды. Ол – қарапайым жұмысшыдан әлемдік деңгейдегі басшыға дейін өрлей білген адам. Осындай адаммен қол алысу мүмкіндігі, әрине, жігерлендіреді, – дейді Сергей.
Зауыттың кез келген еңбеккері лауазымдық жағдайына қарамастан, өндірістік үдерісті жетілдіруге қатыса алады. Бастамаң сәтті жүзеге асса, марапатсыз қалмайсың. Өйткені мұнда әрбір идея құнды. Тіпті ұсынысың өз жалғасын таппаса да, ақшалай сыйлық алуға кепілдік бар. Ең маңыздысы – технологияны жетілдіруге команданың ой-пікірін бағыттау.
– Зауытта Lean Production үнемді өндіріс жүйесі енгізілген. Барлық жұмыс орындары «5С» жүйесі бойынша стандартталған. Ол мынадай бес қадамды білдіреді: сұрыпта, тәртіп сақта, тазалықта ұста, стандартта, жетілдір, – дейді Сергей Екимов.
Осындай көзқарастың нәтижесінде «Азия Авто» жыл сайын өнімділік және тиімділік көрсеткіштері бойынша қазақстандық кәсіпорындар рейтингісінде көшбасшы болып отыр. Ең бастысы, қатардағы тұтынушы 13 жыл ішінде зауыттықтардың жұмыс сапасын бағалай білді.
Қазақстандық автокөлік өнеркәсібіндегі алғашқы автокөлік – Lada4х4. Жыл аяғына дейін «Азия Авто» аты шулы жол талғамайтын көліктің жаңартылған нұсқасын ұсынады. Бүгінде «Азия Автода» бес бірдей брендтің 24 моделі шығарылады.
Қазақстандықтар ең көп сатып алатын 20 көліктің бесеуі – «Азия Авто» өнімі. Тұрақты сұраныс зауытқа республиканың ең ірі машина жасаушы кәсіпорындарының тізімінде бірінші орын алуына мүмкіндік беріп отыр.
Бұған дейін де Виктор Михайлов және Сергей Екимов – «Азия Автоның» еңбек сіңірген қызметкері», «Үлкен күміс белгі» сынды марапаттарға ие болған. Сол марапаттардың үстіне «Құрметті машина жасаушы» атағын алып отыр.
Олар – өз жұмысына шынайы беріліп, білім мен тәжірибе жинақтау арқылы, мансаптық баспалдақпен көтеріле алған және жаңа саланы дамытуды өнеге тұтатын адамдар. Нағыз еңбек адамдары.
Шығыс-Ақпарат