Машина жасауға мән беріліп отыр
Семей қаласында ішкі сұранысты барынша толық қамтамасыз ету мақсатында машина жасау өнеркәсібі қарыштап дамып келеді. Былтыр машина жасау өндірісінің көлемі 45,9 пайызға өсті.
Машина жасау өнеркәсібі саласының 2011 жылдың деңгейінен 1,5 есе өсуін – «Семей инжиниринг», «СемАЗ», «DAEWOO BUS KAZAKHSTAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Семей машина жасау зауыты» акционерлік қоғамы қамтамасыз етті. Сала өнеркәсібінің көлемі 16,1 млрд. теңгені құраған. Былтыр 1330 трактор, 107 автобус, 74 жүк және басқа да көліктер шығарылды. Елімізде үдемелi индустриялық-инновациялық дамыту жөнiндегi бағдарламаны іске асырғаннан бері машина жасау саласында еңбек өнімділігі де арта түсті.
Саланың алдағы дамуы «СемАЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде «Урал», «SHASMAN» жүк көліктерінің, «GEELY» жеңіл көліктерінің модельдік қатарын жинақтау өнеркәсібін ұйымдастырумен, сонымен қатар, «DAEWOO BUS KAZAKHSTAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде автобустардың модельдік қатарын ұлғайтумен байланысты болып отыр.