Экономика

Машина-трактор паркінің жұмысы жанданады

Ағымдағы жылы аудандағышағын және орта бизнес субъектілерінің саны7,8 пайызға артып, жергілікті бюджетке1,2 миллиард теңге көлемінде салықтүсті. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ұлан ауданының әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәлім етті.

– Ұлан ауданының жергілікті атқарушы органдарының қызметі «Қазақстан 2050» Стратегиясын, Бес институционалдық реформалар мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын,  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын, мемлекеттік және салалық бағдарламалар мен аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмаларын жүзеге асыруға негізделген, – деді аудан әкімі.

Биыл аудандағы өндірістік өнім көлемі 9,3 пайызға артып, 20,6 миллиард теңгені құрады. Ал негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 76,2 пайызға өсті. Ауылшаруашылығы өнімінің көлемі 34,6 миллиард теңгені құрап отыр. Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, ауданда шағын және орта бизнес субъектілерін дамытуға барлық жағдай жасалған. Осы орайда ағымдағы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша бизнес жүргізуді жеңілдету рейтингісінде Ұлан ауданы бірінші орынды иеленгенін атап өткен орынды.

– Аудан экономикасын дамытудағы негізгі драйвер – ауылшаруашылығы саласыболып табылады. Біздің негізгі міндет – облыс орталығының өндірістік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, азық-түлік белдеуінқұру. Ол үшін біз ауылшаруашылығы жерлері мен су ресурстарын тиімді пайдалану, бәсекеге қабілетті ауылшаруашылық өнімдерін өндіру, агросекторға жаңа технологияларды енгізу сынды мақсатты жұмыстарды атқарудамыз, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Ағымдағы жылы аудандағы шаруа қожалықтары техникаларын жаңартты. Осы мақсатта 2,3 миллиард теңге жұмсалды. Бөлінген қаражат есебінен 43 техника сатып алынды.

Бүгінде аудан бойынша 2622 ауылшаруашылық техникалары тіркелген, оның ішінде 1551 трактор, 253 комбайн, 807 тіркеме мен алты кептіргіш техника бар.

– Аудандағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер машина-трактор паркінің техникалық жабдықталу деңгейінің сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар атқаруда, – деді аудан әкімі.

Ауданда бірінші сұрыпты нан бағасының өсуіне жол берілмейді. Осы мақсатта ауылдық округ әкімдері мен наубайхана басшылары, сондай-ақ сауда орындары арасында үшжақты меморандумға қол қойылды.

Меморандумға сәйкес бірінші сұрыпты нан бағасы 100 теңге болады. Ал нанның орташа құны 96 теңгені құрамақ. Мұндағы басты мақсат – тұрғындардың қалтасына салмақ түсірмеу.

Брифинг барысында Нұрымбет Сақтағанов2021 жылға дейін аудан халқының 81 пайызы сапалы ауызсумен қамтамасыз етілетінін атап өтті. Сондай-ақ ол алдағы уақытта Пролетарка, Жоғарғы Тайынты, Баяш Өтепов, Ізғұтты Айтықов, Сағыр, Ново-Одесское ауылдарына су құбырлары тартылатынын да мәлім етті.

– Тұрғындар саны аз 10 ауылға блоктық-модульдік станциялар орнатылады, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button