Қоғам

«Маша мен аю» тартқызар машақат көп

«Маша мен аю» тартқызар машақат көп


Облыста кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық фактісі азаймай тұр. Оған не себеп? Бесіктен белі шықпай жатып тәртіп бұзған оқушыларға қандай шара қолданылады? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Қылмыстың үлкен-кішісі болмайды. Тәртіп бұзған адамның бәрі заң алдында жауап береді. Мәселен, он төрт жасқа дейін заң бұзған балаларға белгілі бір шектеулер қойылады. Мысалы, оларға кешкі сағат тоғыздан кейін көшеге шығуға болмайды. Сонымен қатар көңіл көтеру орындары мен компьютерлік клубтарға баруға тыйым салынады. Егер кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім бір емес, бірнеше рет қылмыс жасап, оның дұрыс жолға түсуіне ата-анасы ықпал ете алмаса, соттың шешімімен арнайы мектепке оқуға жіберіледі. Қазір облыста мұндай балаларды қабылдайтын екі білім ошағы бар. Бірі – Көкпекті ауданының Үлкен бөкен ауылында, екіншісі Серебрянка қаласында орналасқан. Бұдан бөлек, Өскеменде бірінші рет қылмыс жасаған балаларды түзетіп, сондай-ақ отбасында зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жандарға көмек көрсететін орталық бар. Бұл мекеме «Феникс» бейімдеу және дамыту орталығы деп аталады. Мекеме басшысы Нәзигүл Ахметқалиеваның айтуынша, жеткіншектердің теріс жолға түсуіне әртүрлі факторлар итермелейді.

– Біріншіден, баланың шалыс қадам басуына отбасындағы келеңсіз жағдай әсер етеді. Екіншіден, оның араласатын ортасы да ықпалын тигізеді. Тіпті, теледидарда көрсетілетін түрлі жантүршігерлік оқиғалар жасөспірімді жаман істерге итермелейді. Кезінде Стендфорд университетінің белгілі ғалымы Альберт Бандура агрессиялық әрекеттері бар кинофильмді тамашалаған балалардың 88 пайызы соны қайталайтынын дәлелдеп берген еді. Өкінішке қарай, қазір көгілдір экраннан көрсетілетін «Наруто», «Маша мен аю» сынды мультфильмдердің сюжетін алып қарасаңыз, кешегі сәби, бүгінгі жеткіншектің
бойындағы түсініксіз қылықтардың қайдан шыққанын түсіне қоясыз, – дейді Назигүл Ахметқалиева.

«Маша мен аю» тартқызар машақат көп

«Феникс» бейімдеу және дамыту орталығының мамандары қылмыс жасаған балалардың 90 пайызы қайта түзеліп кететінін айтады. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, мұнда 2014-2015 жылдары 106 бала тәрбиеленген. Олардың дені ішкі істер департаментінде есепте тұрған жасөспірімдер болыпты. Ал 2016 жылы ювеналды полиция қызметкерлері аталмыш орталыққа 48, былтыр 40 оқушыны жіберген. Психолог маман Меруерт Башикованың айтуынша, бірінші рет шалыс қадам басқан балаларды арнайы мектепке жіберу дұрыс емес. Себебі ол сол мекемедегі тәрбиеге көнбейтін баланың ықпалына еріп кетуі мүмкін.

– Әрбір ата-ана баласына шектен тыс қамқорлық көрсетіп немесе оған қатты дауыс көтеріп айғайламауы керек. Өйткені, бұл бала психикасына кері әсерін тигізеді. Соның салдарынан жасөспірімдердің дені қылмысқа ұрынады. Бір ғана мысал келтірейін, қалаған дүниесін алып үйренген балаға бір рет «жоқ» десеңіз, ол: «Ата-анам мені жақсы көрмейді. Сол үшін олар маған ақша беруден бас тартты. Ал мен қажетті затымды қалай да болсын алуым керек» деп ойлайтын болады. Ал мұндай пікір қалыптасқан жасөспірімнің мінез-құлқы өзгеріп, әртүрлі теріс қылықтар жасайды, – дейді Меруерт Башикова.

Сергейдің тағдыры сергелдеңге түсті

– Өңешіме өксік тығылған сәтте «Марқұм анам тірі болғанда, менің өмір жолым басқаша болар ма еді. Кім білсін?! Әттең, уақытты кері айналдыра алсақ қой. Осындай қателікке бой алдырмайтын едім» деп терең ойға батамын. Алайда, күрсінгенмен көңілдегі кірбің, жүректегі жара жазылмайды ғой. Кейде туған ата-анасымен тұрып жатқан балаларға қызыға да, қызғана қараймын. Өйткені, мен өгей шешеммен бірге тұрамын. Ал ол бәрібір туғаныңдай болмайды, – деп күрсінді өзін Сергей деп таныстырған «Феникс» бейімдеу және дамыту орталығының тәрбиеленушісі.

Ес білген шағында анасынан айырылған Сергей әжесінің қолында тұрыпты. Кейін әкесі екінші рет отбасын құрып, оны өзімен бірге алып кеткен. Сол кезден бастап баланың өмірі түбегейлі өзгерген. Алғашқы жылдары оған жылы қабақ танытқан өгей анасы кейін Сергейге қол жұмсауды шығарыпты. Тіпті, баланың мектепке қажетті құрал-жабдықтарын әперуден бас тартқан екен.

– Өгей шешем әкем жұмыста болған кезде маған: «Сен жатыпішерсің. Қолыңнан ештеңе келмейді. Егер бір зат алғың келсе, өзің еңбектен. Ақша тап. Біздің күнделікті тауып отырған нәпақамызға ортақтаспа» деп айта беретін. Содан бір күні еңбек етіп, ақша табайын деген шешімге келдім. Бірақ ол ойымнан ештеңе шықпады. Өйткені, кәмелеттік жасқа толмаған балаларды жұмысқа қабылдау үшін ата-анасының рұқсаты керек екен. Ал әкемнің мұндайға келіспейтінін білдім. Осылайша мен туған-туысымнан өгей анам екеуіміздің арамыздағы ұрыс-керісті жасырып келдім. Бірде амалдың жоқтығынан ұрлық жасадым. Қазір сол ісіме өкінемін, – дейді Сергей.

Тамыз айының орта шенінде жасөспірімнің сыныптастары хабарласып, оған мектеп формасын тіктіру үшін 12 мың теңге қажет екенін айтыпты. Әдеттегідей, өгей анасынан «ақша жоқ» деген жауап естіген ол қатарластарынан қалғысы келмей, амалсыздан ұрлық жасауға мәжбүр болыпты. Өздеріне қарама-қарсы үйде тұратын көршінің велосипедін ұрлап, сатып жіберген. Кейін жәбірленуші полицияға шағым түсіріпті. Ал тәртіп сақшылары болса, көп ұзамай кінәліні тауып алған. Міне, Сергей «Феникс» бейімдеу және дамыту орталығына осылай тап болған.

– Менің ісімді сотқа дейін жеткізбей, жасаған әрекетіме түсіністікпен қараған тәртіп сақшыларына алғыс айтамын. Олар тергеу жұмыстары барысында мұндай заңбұзушылыққа бірінші рет барғанымды ескеріп, мінез-құлқымды жөндеу үшін осында жіберді. Бұл орталықта мен сияқты балалар тұрады екен. Бұдан бөлек мұнда жанұядағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жандар да көп, – деді жасөспірім.

Айта кетейік, бұл орталыққа келген балалардың дені «әй дейтін ажа, қой дейтін қожаның» жоқтығынан шалыс қадам басқандар. Мұнда жұмыс істейтін мамандар мәселенің түп төркіні тәрбиенің әлсіздігінде жатқанын айтады.

– Әлеуметтік жағдайы төмен жанұяларда тәрбиеленген баланың мұндай қадамға неліктен баратыны айтпаса да түсінікті. Ал кейде толық отбасында өскен жасөспірімдердің өзі қылмысқа ұрынады. Мұның басты себебі, кейбір ата-аналар баласына: «Сен өзгелерден артықсың, ешкімді басыңа шығарма» деп тәрбие береді. Осындай сөзді құлағына сіңіріп өскен жасөспірімнің ертең бұзақы болмасына кім кепіл?! Өкінішке қарай, ата-анасы ажырасып кеткен балалар бақылаусыз қалып жатады. Соның салдарынан олар шалыс басып, қылмысқа ұрынады, – дейді «Феникс» бейімдеу және дамыту орталығы қоғамдық бірлестігінің басшысы Нәзигүл Ахметқалиева.

«Маша мен аю» тартқызар машақат көп

Түйін

Қоғамдағы осындай түйткілді мәселелерді мұғалімдер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен ата-аналар бірлесіп шешуі керек секілді. Себебі балалардың мінез-құлқы бірдей емес. Оның үстіне жауапкершілігі жоқ ана мен маскүнем әкелер қатары азаймай тұр. Балалардың қылмыскер болуына мұның да әсері бар. Ал ата-анасы бақыламаған жасөспірімді көше мен кино тәрбиелейді. Сондықтан баланың болашағын ата-анасы әу бастан ойлауы керек-ақ. Кейде «Ол әлі бала ғой. Көп нәрсені түсінбейді» деп немқұрайлы қарайтынымыз рас. Бұл дұрыс емес сияқты. Олармен тең дәрежеде сөйлескеніміз жөн. Сонымен қатар балабақшадан бастап бүлдіршінге оның құқықтары мен міндеттері туралы айтқан да абзал болар. Қысқасы, бұл ойланатын мәселе. Ойландыратын мәселе…

«Маша мен аю» тартқызар машақат көп

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button