Мақсатым – Әлем чемпионатында жеңіске жету
Әйгілі шаңғышы, Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Әлем кубогының бірнеше дүркін иегері, үш мәрте қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан Алексей Полторанин облыстық ақпарат орталығында журналистермен кездесіп, алда тұрған іс-жоспарынан хабардар етті.
Баспасөз брифингіне, сонымен бірге атақты шаңғышының жеке бапкері Алексей Наконечный мен демеушісі «Сәт-Транс» компаниясының басшысы Нұрлан Байбеков қатысты.
– Өткен маусымдағы нәтижелеріме келетін болсақ, оған төрт деген баға қояр едім, – деп бастады әңгімесін атақты жерлесіміз. – Әлем кубогының кезеңінде бірнеше рет топ жардым, «Тур де Ски» жарысының жалпы қорытындысында алтылыққа ендім. Бұдан бұрын қазақстандықтар мұндай жетістікке қол жеткізе алмаған. Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігіне және штаттағы ұлттық командалар дирекциясына алғысымды білдіргім келеді, олар маған барлық жағдайды жасады. Сонымен бірге, демеушілеріме ризамын.
Журналистердің: «Мақсатыңыз қандай, екі жылдан кейін Кореяның Пьенчханг қаласында өтетін Ақ Олимпиадаға қатысатын ойыңыз бар ма?» деген сауалына ол: «Келесі жылдың 1-ші наурызында өтетін Әлем чемпионатына қатысып, жеңіс тұғырына көтерілсем деген ой бар. Жалпы бұған дейін үш Қысқы Олимпиада ойындарына қатысып, бақ сынадым. Алайда бағым жанбады. Енді Кореядағы Олимпиадаға қатыспақ ойым бар. Ол үшін жаттығуды тоқтатпау керек», – деп жауап берді.
Өз кезегінде даңқты шаңғышының демеушісі Нұрлан Байбеков пен жеке бапкері Алексей Наконечный да сөз сөйлеп, ойларымен бөлісті.
«Сәт-Транс» компаниясының президенті Нұрлан Байбеков: «Алексей Полторанин – еліміздің мақтанышы. Соңғы бір жылда ғана біз оған 15-17 миллион теңге қаржы бөліп, демеушілік жасадық. Алдағы уақытта да оның табысына қуанып, Әлем чемпионатында топ жаруына қолдан келген көмекті аямаймыз» десе, білікті бапкер өзінің шәкірті туралы: «Ол 29 жасқа енді толды. Әлемде қырық жасқа толған шаңғышылардың аттан түспегенін білеміз. Ендеше екі жылдан кейін Кореяда өтетін Олимпиадада Полтораниннің үздіктер қатарынан көрінетініне сенім мол», – деп түйді.
Оңдасын Елубай
Өскемен.