Қоғам

Марқакөл ЮНЕСКО-ның қорғауында болмақ

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығын ЮНЕСКО биосфералық резерваттарының жаһандық желісіне қосу туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталмыш шешім 13-17 маусым аралығында Парижде гибридтік форматта өткен «Адам және биосфера» ЮНЕСКО бағдарламасының Халықаралық үйлестіру кеңесінің (MAБ-ХҮК) 34-ші сессиясында қабылданды.

Сессия жұмысына еліміздің ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілдігінің дипломаттары, «Адам және биосфера» жөніндегі ұлттық комитеттің төрағасы Роман Ященко мен оның орынбасары Виктория Ильина қатысқан болатын.

МАБ Халықаралық сараптамалық кеңесі қазақстандық тарап ұсынған құжаттарды зерделей келе, қос нысанның «Адам және биосфера» ЮНЕСКО бағдарламасының өлшемдеріне толық сәйкес келетінін хабарлады. Яғни, бұдан былай аталмыш нысандар атақты халықаралық ұйымның қорғауында болмақ.

Осы ретте, бүгінде Қазақстаннан ЮНЕСКО биосфералық резерваттарының желісіне 15 нысан енгенін айтқан жөн. Бұл тұрғыдан, еліміз Орталық Азия мемлекеттері арасында көш бастап тұр. Әрине, бұл әлемдік қоғамдастықтың Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін сақтау мәселелеріне және оны болашақ ұрпақ үшін сақтауға деген ұмтылысына ерекше назар аударатындығын көрсетсе керек.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button