МерекеТОП

Марқадағы көңіл марқайтқан мереке

Біраз уақыттан бері «25 тамызда Марқакөл ауылында «Марқа-FEST» атты тамаша мереке өтеді» деген сөз тарап, бұған жауапты мекемелердің  қызметкерлері жатпай-тұрмай даярланулы болатын. Сол күткен күн де жетіп, арнайы шақырылған адамдар, өнерін сарапқа салуға тырысқан әнші-күйшілер, сондай-ақ, жай қызық көруді мақсат тұтқан жастар мен ересектер Марқа өңірінің орталығын бетке алды.

Күн кешкіріп, ел орынға отырар уақыт таянғанда әдейілеп құрылған үлкен сахнада аталған мерекенің шамдары жарқырап, әуені жаңғыра бастады. Аудан, облыс, республика аумағынан әдейі шақырумен жеткен небір саңылақ өнерпаздар  дүбірге елеңдеген жүйріктердей өз кезектерін тосып, тықыршып тұрды.

Аудан әкімі Д.Қажановтың қолдауымен Балалар жылына және Марқа өңірінің жұртшылығына арнап ұйымдастырылған осынау айтулы мерекенің шымылдығын Р.Түсіпбаев жетекшілік жасайтын күршімдік «Сарын» халықтық фольклорлық ансамблі ашып, Айбол Құдайбергеновтің «Көне Тараз күмбірі» күйін нақышына келтіре орындады. Бұдан соң сахна төрінен  әйгілі өнерпаз, осы мерекені ұйымдастыруға белсене атсалысып жүрген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, өнер қайраткері Ғибрат Азубаев бой көрсетіп, Б.Әшірбаевтың «Марқакөл вальсі» әнін әуелете шырқады. Осыдан соң-ақ жұрт көңілі көтеріліп, жастар жағы дүркіреп сала берген болатын.

Бұл жақтың халқы теледидардан ғана көретін әртістердің сахнаға шығып, ән шырқауы шеткері өңірде томаға-тұйық тірлік кешіп жатқан қарапайым қауымға қатты әсер етті. Олай болатын жөні де бар еді. Өздері жақсы көріп, құрмет тұтатын әртістердің ауылдарына арнап келіп, өнер көрсетуі мұндағы жұрттың шынайы ризашылығын туғызып, көңілдеріне шуақ құйып кеткенін түсінудің қиындығы жоқ. Профессор Альмира Нұрғожина, әйгілі «Музарт» тобының әншісі Кенжебек Жанәбілов, өскемендік белгілі әнші Әділ Тұрғанбаев, алматылық Қалиев Фархат (Калифорния), Дарын Болатхан, осы өңірдің өнерпаз түлектері – сазгер Серік Бабаханов пен әнші Ерболат Матабаевтарды жақын жерден көріп, өнерлерін бетпе-бет тұрып тамашалаған жастардың қуанышында шек болған жоқ.

– Басында осы фестивальдің аса ауқымды шара болып өтетініне сене  қоймаған едім, – деп өз пікірін ортаға салды «Күршім аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Гүлмайра Смайылова. – Бірақ, өз көзіммен көріп, жан-тәніммен түйсінгенде барып, аталған кештің шынайы маңызын жете түсінгенім рас. Көптеген өнер жұлдыздары ән шырқап, би билеп дегендей, өз өнерлерін ұсынған концерттің өте тартымды да мағыналы болып өткені шындық. Маған қатты әсер еткені – кеш барысында алаңға жиналған марқалықтардың шаттанып, шынайы пейілдерімен ағыл-тегіл ақтарылып, мәре-сәре болғаны еді. Мұның бәрін көріп  тұрған мен шеткері аймақта тұрып жатқан өнерсүйер қауымның осы кештен жандарына қыстай азық болар қуат жинап алғандарына қапысыз сеніп тұрдым. Бұл фесивальді ұйымдастырған жандардың осынау қарапайым қауымға қаншалықты қуаныш сыйлағандарын айқын сезініп тұрдым. Сезіндім де, осынау риясыз көңілмен мәз-мейрам болған сауыққой жұртпен бірге шаттанып тұрдым. Тұжыра айтқанда, бұл кештің еріккеннен немесе есеп үшін ұйымдастырылмағанын, халыққа қуаныш сыйлау үшін ту көтергенін шындап ұғындым.

Тамыздың тамылжыған түнін орталап барып, үш сағатқа таяу уақытқа созылған «Марқа-FEST-22» фестивалі өз мәресіне жетті. Кеш аяқтала бере жүргізушілер сахнаға ҚР Президенті жанынан құрылғанҰлттық комиссияның мүшесі, «Үйлесім» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ж.Ақтанжанованы шақырды.

– Республика Президенті Қ.Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялаған болатын, – деді Жұлдыз Сейітқұмарқызы. – Мұндағы мақсат – өскелең ұрпақты қорғау, денсаулығын сақтау, білім беру және әлеуметтік  тұрғыдан қамсыздандыру бағыттарындағы нақты іс-шараларды жүзеге асыру. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы «балалардың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп баса айтқан болатын. Міне, осы бағытта қолға алынып, балаларға арнап ұйымдастырылып жатқан оң шараларадың бірі – осы «Марқа-FEST-22» фестивалі. Мұндай тамаша мерекелеріміз одан әрі жалғаса беретін болады.

Бұдан соң тамаша концерттен өте жақсы әсер алған көпшілік осы кешке бастамашы болып, демеу-қолдау жасаған Күршім ауданының әкімі Д.Қажановқа, бүгінгі шараны өзінің ұйымшыл ұжымымен жоғары деңгейде жүзеге асырған жас та болса, алғырлығымен, жоғары жауапкершілігімен көзге түсіп жүргенКүршім аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысыС.Дүйсенғазинге, концертті даярлаған балетмейстерлер М.Мұқанов, Р.Хасенов, М.Әбішке, дыбыс режиссерлары Д.Хайруллаев пен Е.Мекуге, сондай-ақ, осы фестивальдің продюсері Ғ.Азубаевқа шексіз алғыстарын арнап, ризалықпен тарқады.

Хасен Зәкәрия,

Күршім ауданы

 

Осы айдарда

Back to top button