СпортТОП

Марокколықтар тағы бір сенсация жасауға әзір

Нұржан Кенжеұлы

Катардағы Әлем біріншілігінде сегіз-ақ ойын қалды. Оның біріншісі ертең түнде Әл-Райян қаласында ойналмақ. Мундиальдің алғашқы ширекфиналдық матчында Хорватия мен Бразилия құрамалары кездесіп, жартылай финалға берілетін жолдаманы сарапқа салатын болады.

Газетіміздің өткен санында жарыстың ¼ финалына дейін жеткен алғашқы құрамалар туралы аз-кем сөз қозғағанбыз. Естеріңізге болса, бұл кезеңге бірінші болып, Нидерланд, Аргентина, Франция мен Англия құрамалары өткен болатын. Іле-шала олардың қатарына Хорватия, Бразилия, Марокко мен Португалия командалары қосылды. Осы ретте, плей-офтың алғашқы сатысында Бразилия мен Португалия құрамалары бірі Оңтүстік Кореяны (4:1), екіншісі Швейцарияны (6:1) талқандап, келесі кезеңге іркілмей өтсе, хорваттар мен марокколықтарға ширек финалдың жолдамасына ие болу үшін біраз тер төгуге тура келді. Екеуі де қарсыластарын тек ойынның негізгі және қосымша уақыттарының соңыңдағы пенальтилер сериясында ғана ұта білді. Атап айтсақ, Балқан түбегінің өкілдері топтық кезеңде талайдың таңдайын қақтырған Жапония құрамасынан басым түссе, Марокко аяқдопшылары жарыс фавориттерінің бірі саналған Испанияның жолын кесті.

Хорватия – Бразилия

Бұл ойында футбол мамандары да, чемпионат ойындарын үзбей қарап отырған жанкүйерлер де бірауыздан Пеленің отандастары жеңіске жетеді деген болжам айтуда. Бразилияның басымдығына осыған дейін екі құрама арасында өткен ойындардың статистикасына қарап-ақ көз жеткізуге болады. Жалпы, алдағы ойын екі құрама арасындағы бесінші кездесу болайын деп тұр екен. Бұған дейінгі матчтардың үшеуінде бразилиялықтардың мерейі үстем болса, тағы бір ойында тең нәтиже тіркелген. Ал небір мықтының жон терісін сыпырған хорваттардың Бразилия құрамасына әзірге тісі батпай тұр.

Жалпы, командалардың жасыл алаңда жеткен жетістіктері де екі бөлек. Өздерін «Селесао», яғни «үздіктердің үздігі» деп атайтын бразилиялықтар осыған дейін бес рет Әлем, тоғыз мәрте Оңтүстік Америка чемпионы атанса, хорваттардың жетістіктері 1998 жылғы Мундиальдағы қола және төрт жыл бұрын Ресейде өткен жаһан біріншілігінің күміс жүлдесімен шектелуде.

Ал енді қос құраманың екеуара ойындарының нәтижелеріне тоқталсақ, жоғарыда айтқанымыздай, Бразилия мен Хорватия құрамалары осыған дейін төрт рет кездесіп, оның үшеуінде сары жейделілер жеңіске жеткен. Бір қызығы, сол төрт кездесудің екеуі жолдастық матч болса, қалған екеуі Әлем біріншілігі аясында ойналған ойындар болыпты. Атап айтсақ, екі құраманың жолы 2006 және 2014 жылғы чемпионаттардың топтық кезеңінде түйіскен. Және бұл екі ойын да бразилиялықтардың пайдасына аяқталған (1:0 және 3:1). «Осының алдында Корея жеген таяқтың дәмін енді хорваттар татады» деген сыңай танытатындай тәкаппар Пентакампеондар.

Алайда, мұнымен келісе қоятын хорваттар жоқ. Тәжірибелі бапкер Златко Далич бастаған, Лука Модрич пен Иван Перишич сияқты сақа аяқдопшылар қостаған еуропалық ұжым жасыл алаңда «өліспей, беріспейміз» деп отыр.

Марокко – Португалия

Жартылай финалға берілетін екінші жолдамаға Марокко мен Португалия құрамалары таласпақ. Бұл ойын сенбі күні кешкі сағат 21.00-де басталады.

Әзірге Катардағы доп додасы екі құрама үшін де сәтті болып тұр деуге толық негіз бар. Себебі, бұған дейін өзге мықтылардың көлеңкесінде қалып келген марокколықтар мен португалдар биыл көп жылдан бері алғаш рет үздіктер қатарынан табылуға жақын. Ол үшін алдағы ойында сүрінбеу керек.

Рас, Португалия құрамасы (2012 және 2016 жылғы Еуропа біріншіліктеріндегі табысты өнерін есепке алмағанда) соңғы рет 2006 жылы Германияда жалауын желбіреткен Мундиальда жарқ етіп көрінсе (төртінші орын), марокколықтардың жетістігі тіптен ескі деуге болады. Сонау 1986 жылы Мексика жерінде ұйымдастырылған Әлем чемпионатында Марокко құрамасы өз тарихында бірінші рет жаһандық доданың плей-офф кезеңіне жолдама алған еді. Бір қызығы, сол жарыстың топтық кезеңінде «Атлас арыстандары» Португалия құрамасын 3:1 есебімен тізе бүктірген. Қарсыластар арасындағы екінші әрі әзірге соңғы кездесу 2018 жылғы Әлем біріншілігінің топтық кезеңінде өтіп, ол ойында Криштиану Роналдудың дәл соққысы португалдарға жеңіс сыйлаған болатын.

«Еропалық бразилиялықтар» алдағы ойында да сол төрт жыл бұрынғы жетістікті қайталауға әзір. Роналду, Пепе, Гонсалу Рамуш, Жоау Феликс, Бруну Фернандеш секілді серкелеріміз жарақаттан аман болса, онда жартылай финалға берілетін бір жолдама біздікі деп қос алақанын ысқылап отыр. Кім білсін, солай да болып қалуы мүмкін. Дегенмен, осыған дейін Бельгия мен Испания құрамаларын қапы қалдырған марокколықтар тағы бір сенсация жасауға кетары емес.

Сіздің болжам 

Құрметті футболсүйер қауым! Әне-міне дегенше, төрткүл дүние көз тіккен доп додасы да шарықтау шегіне жетіп қалды. Чемпионат жалауын желбірете салысымен футбол мамандары кімнің жеңіске жететінін, қай ойында қандай нәтиже тіркелетінін жарыса жаза бастаған болатын. Осы ретте, біз газетіміздің оқырмандары арасында да осындай байқау ұйымдастыруды жөн көрдік. «Сіздің болжам» деп аталатын бұл сайысқа қатысушылар біз ұсынған Әлем чемпионаты ойындарының есептерін дәл табуы тиіс (Мысалы, 3:2, 0:0, 1:3 дегендей). Әр дұрыс жауапқа үш ұпайдан берілетін болады. Есептерді дөп басып айтқан оқырмандарымыздың аты-жөндерін газетіміздің алдағы нөмірлерінде жариялап отырамыз. Доп додасының соңына дейін жалғасатын байқаудың қорытындылары бойынша ең көп ұпай жинаған қатысушыларға газетіміздің атынан сыйлықтар беріледі. Болжамдарыңызды 87759118232 телефон нөміріндегі ватсапқа жіберуіңізге болады. Бәс-бәйгенің бас бәйгесінен қапы қалмаңыз, футболсүйер ағайын!

Ескерту: Ұсынылған матчтарға қатысты жауаптар ойын басталмай тұрып жолдануы керек. Кездесу кезінде жіберілген жауаптар есепке алынбайды.

DIDAR газеті

 Газетіміздің өткен санында «Сіздің болжам» байқауында өзге қатысушылардан оқ бойы озып тұрған оқырманымыз туралы жазған болатынбыз. Ал бүгін сол бір үміткерімізді алысқа ұзатпауға тырысқан өзге қатысушыларымыз жайында сөз қозғамақпыз. Сондай оқырмандарымыздың бірі – катонқарағайлық әріптесіміз Тимур Смағұлов. Ол Нидерланд пен АҚШ арасындағы ойынның 3:1 есебімен аяқталатынын дәл тапқан. Сол сияқты, Айтмұхаммет Қайратұлы (Франция – Польша, 3:1) мен Дастан Қайдарұлы (Хорватия – Бельгия, 0:0) есімді жерлестеріміздің де еншісінде дәл болжамдар бар. Енді жанкүйер қауымнан ширекфиналдық кездесулерге қатысты болжамдарын күтеміз.

Осы айдарда

Back to top button