Қоғам

Марқаның майқанын қолға үйретіп жатыр

Азамат Темірбеков

Көпшілік ауызекі тілде «ускуч» деп кеткен майқан балығын Марқакөлге ғана балайтынымыз рас. Шынымен де, көп жағдайда бұл балықты Алтайдың осынау бір ғажайып түкпірінен ғана кездестіретініміз шындық. Дей тұрғанмен, соңғы жылдары қатаң қорғауға алынған майқан ғылыми-зерттеу бағдарламасының нысанына айналып, оны өңіріміздің басқа да су айдындарына жерсіндіру жайы жиі айтыла бастады. 

Жақында осы мәселе жайын егжей-тегжейлі білу мақсатында біз Өскемендегі балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының Алтай филиалында болып қайтқан едік. Оған себеп, биылғы көктемнен бастап аталмыш мекеме албырт тұқымдасына жататын майқанды қолға үйретуге бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастаған болатын. Көпшілік оның не қажеті бар деп сұрауы мүмкін. Мұндағы басты себеп, майқанның Шығысқа ғана тән эндемик түрін сақтап, көбейту.

Басты брендтің бірі

Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы Алтай филиалының директоры Бауыржан Әубәкіров пен аталмыш ұйымның жетекші ғылыми қызметкері Людмила Кушникованың айтуынша, бағалы балық түрінің болашағын бүгіннен бастап қамтамасыз еткеніміз жөн көрінеді. Осылайша, Марқада ғана кездесетін майқанның жабайы табиғаттағы санын сақтап, көбейтуге жол ашылмақ. Өйткені  майқан Шығыстағы марал, бал және панты өнімдері сияқты белгілі брендтердің бірі саналады. Сөйтіп, біз табиғат байлығын келешек ұрпаққа мұра ете аламыз.

– Бұл үшін бірінші кезекте біз сирек кездесетін балықтың ересек түрлері мен шабақтарын қазір өмір сүріп жатқан су айдындарынан табиғатқа қандай да бір зиян келтірмейтіндей етіп аулап алуымыз керек, – дейді мамандар. – Сонан соң еліміздің басқа аумақтарында қолда өсіріліп жатқан балықтар сияқты оның жасанды өсіп-өнуін қамтамасыз етуіміз қажет. Осылайша, қолда бар ресурсты тиімді әрі амалдап көбейту жолдарын жасамақпыз.

Бұл бір жағынан Шығыс Қазақстандағы балық түрлерінің табиғи популяциясының әлеуетін тиімді пайдалану арқылы қазірде іргелі проблемалардың біріне айналған генетикалық алуантүрлілікті сақтаудың бірден-бір жолы болып табылады. Егер аталмыш жоба сәтті жүзеге асса, бұл өңір халқын ақуызға бай өніммен қамтамасыз етуге бағытталған тауарлы балық өсірудегі үлкен жетістік болмақ. Сонымен қатар облысымыз осы арқылы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі саласында үлкен іс тындырмақ.

– Осы мақсатпен қазіргі уақытта балықты жасанды өсірудің биотехникалық әдістері әзірленіп жатыр, – дейді мамандар. – Сондай-ақ өндірістік жағдайда өсіруге келетін майқан балығы шығарылады. Түптеп келгенде ғылым мен экономика үшін пайдасы зор отандық биотехникалық материал алынады деп болжануда.

Таңдау Үйденеге түсті

Аталмыш ғылыми-зерттеу жұмыстары аясында зерттеу нысаны ретінде марқалық майқан балығы таңдап алынды. Өйткені албырт тұқымдастарына жататын балықтың бұл түрі облыс аумағында негізінен Марқакөлде кездеседі. Дегенмен, майқан аз ғана мөлшерде Зайсан ауданындағы су айдындарының бірінде де бар.

Атап айтсақ, ол Үйдене өзеніндегі жасанды су қоймада кездеседі. Ғалымдардың айтуынша, майқан балығы бұрынырақта бұл су қоймаға Марқакөлден тасымалданып әкелініп, жіберілген көрінеді. Нәтижесінде балық бұл жерде өздігінен көбейген. Зерттеулер барысында сырт келбеттерінде өзгешелік болғанымен, марқалық майқан мен үйденелік майқанның гендік негіздері бір екендігі дәлелденген.

Айта кетсек, қолдан жасалған су қойма қазіргі уақытта энергетикалық, рекреациялық және суармалы су сақтау сияқты бағыттарда қолданылып отыр. Ал балық шаруашылығына арналған су қойма бүгінде осы саланы зерттеп жүрген ғалымдарға қолдау көрсетіп отырған «Шығыс» шаруа қожалығының қарауына берілген.

Марқакөлдің ерекше қорғалған аумақта орналасуына байланысты, ғалымдар зерттеулер жүргізу мақсатында жеңіл әрі кедергісіз балық аулау мүмкіндігі бар Зайсандағы Үйдене су қоймасынан майқан балығын белгілі бір мөлшерде аулап алған.

– Балықтың зерттеуге қажетті минималды мөлшерін ауламас бұрын, біз үш жыл бойы таулы аумақта орналасқан Марқакөлдегі жағдайдың ерекшеліктері мен Үйдене өзеніндегі су қойманың ерекшеліктерін салыстырмалы түрде зерттеп-зерделедік. Оған қоса, су айдындарының химиялық құрамы мен қажетті азықтық қорын да зерттедік, – дейді Бауыржан Әубәкіров.

Оның айтуынша, үстіміздегі жылдың бірінші жартысында майқанды қолға үйрету жұмыстары басталып кеткен. Ол үшін Үйдене су қоймасынан түрлі жастағы майқан балығы ауланып алынады. Мамандар жабайы табиғатта өмір сүретін балықты аулау кезінде ерекше сақтық шараларын ескеріп, көл байлығына барынша зиян келтірмеуге тырысты. Бұл жерде тағы бір айта кетерлік жайт, облыс аумағында бұған дейін мұндай зерттеулер жүргізіліп көрмеген болатын.

Жайлы жағдай жасалды

Ауланған балықтар қажетті температурасы сақталып тұратын арнайы ыдыстарға салынып, облыс орталығына жеткізіледі. Міне, осы жерде зерттеулердің ең қиын бөлігі басталды.

– Майқанды қолға үйрету үшін судың химиялық құрамын бақылауға және қажетті температурасын сақтап тұруға мүмкіндік беретін жабық, сумен қамту  құрылғылары қажет болды, – дейді Людмила Кушникова. – Бұл жерде бізге Ерлан Сағидолдин басқаратын «OstFish» кәсіпорны мен ондағы балық өсіруші маман Азамат Ситахметовтің көмегі зор болды.

Бастапқы кезде майқанға қажетті азық түрлері зерделенді. Яғни, балыққа бүйіржүзгіш, масаның ұрығы, құнсыз балық сияқты тірі азық түрлері таңдап алынды.

– Тірі азықты біз шетелден тасымалданатын жасанды азықтармен араластырып отырдық, – дейді Людмила Кушникова. – Осылайша, тәулігіне тоғыз реттен тамақтандырып отырдық. Таңғы сағат алтыдан түнгі онға дейінгі аралықта тынбай жұмыс істедік. Осыдан-ақ бұл жұмыстың қаншалықты қиын екенін байқауға болады.

Мамандардың айтуынша, табиғатта өскен балықтың аквариумде өсіретін балықтан айырмашылығы – оның табиғи түйсікке бағынатындығында көрінеді.  Табиғи жағдайда тамақ тауып жеп, сақтану жолдарын білетін майқан мынадай жағдайда абдырап қалған.

– Бастапқыда жұмыс ауыр әрі баяу жылжыды. Кейбір кезде майқанның жаңа жағдайға бой үйретуін жеделдету мақсатында біз олардың жанына алабалық жіберген кездеріміз де болды. Өйткені жасанды тамақ жеп үйренген олар майқанға қауіп төндірмейді, – дейді Людмила Кушникова.

Қолдан тамақ жеп үйренген алабалық азықтандыру кезінде себілген тамақты жеуге ұмтылады. Міне, сол кезде майқан да оның артынан ілесіп, онымен бірге жасанды тамақ жеп үйренеді. Сонымен қатар табиғатта түрлі сыртқы факторларға төзімсіз келетін майқан өте қорқақ балық. Ғалымдар оларды белгілі бір режимге үйретумен қатар, шу мен дыбысқа да үйретіп, балықтың бойында стреске деген төзімділігін қалыптастырады.

– Жасанды азыққа қосымша аскорбин қышқылын, балық майы мен пробиотик араластырып отырдық. Жасанды азыққа толықтай көшу мүмкіндігі бір айдан кейін ғана мүмкін болды. Сөйтіп, қолға алған ісіміздің болашағы бар деген үміт пайда болды, – дейді Людмила Кушникова.

Біртіндеп балықтың талғамын білген мамандар олардың қандай азықты жеп, нені жемейтінін анықтайды. Әрине, аулап алынған балықтың барлығы дерлік бой үйретіп кетті деуге келмес. Бірнешеуі жасанды ортаға үйрене алмай өліп те қалған.

Бүгінде зерттеулердің басталғанына төрт ай толды. Айына бір рет балықтың салмағын өлшеп отыратын мамандар қазіргі уақытта олардың біртіндеп салмақ қоса бастағанын байқаған. Әсіресе бұл үрдіс жас балықтар арасында байқалуда. Ары қарай майқанды уылдырық шашатын жасқа дейін жеткізіп, жасанды жағдайда ұрығын алу жұмыстары жүргізілмек. Жұмыс өте ауыр. Дегенмен, мамандар діттеген мақсатқа жетпей тоқтамайтын сыңайлы.

Бауыржан Әубәкіровтің айтуынша, майқанды қолға үйрету бағдарламасының тағы бір мақсаты – оны жергілікті жерлердегі су айдындарына жерсіндіру болмақ. Шығыста бұл мақсатта суы таза, салқын әрі азықтық базасы мол өзен-көлдер жетіп артылады. Оның үстіне, Алтай тауларының аясында Шығыстың белгілі брендінің санын көбейту біздің тағы бір мақтанышымызға айналып, осы бағыттағы туристік тартымдылықты арттыра түспек. Оған қоса, бұл жұмыстар алдағы он жыл көлемінде іске асырылуы тиіс балық шаруашылығын дамыту бағдарламасының орындалуына да өз септігін тигізетіні сөзсіз.

Осы айдарда

Back to top button