Ағымнан жарылсам

Марат ОМАРОВ, әнші-сазгер: – Таланттарды жанарынан танимын

Марат ОМАРОВ, әнші-сазгер:  - Таланттарды жанарынан танимын

«Ағымнан жарылсам…»

Қазақ радиосы мен «Дидар» газетінің бірлескен жобасы
Авторы – Қазақ радиосының «Әдеби-сазды бағдарламалар» редакциясының редактор-жүргізушісі Мөлдір Жанбаева

Шәмші Қалдаяқовтың батасын алғанмын

– Марат Әбдіұлы, талай жылдан бері талантты балаларды тәрбиелеумен айналысып келесіз. Өнерлі жастарды қанатыңыздың астына алып, қашаннан бері қамқорлық танытып жүрсіз?

– Есімде мына оқиға қалыпты. Ол кезде жасым жетіде. Балалығым Созақ жерінде өтті. Бір күні ауылға Шәмші Қалдаяқов келетін болды. Сол қуанышты хабарды ести сала үлкендер жағы: «Марат, сен бір ән орындауың керек» дегенде, неге екенін білмеймін жүрегіме «Ана туралы жыр» ұялап кетпесі бар ма?! Әннің «Әлемнің жарығын, сыйладың сен маған» деген жолдары еріксіз тұла бойымды шымырлатты. Мен шырқаған кезде көрерменнің де жүрегі толқыса керек, Шәмші ағам өзі келіп, ақ батасын берді. Сол кезде «Арманым ауылдағы қара домалақ балалардың өнерін шыңдау үшін арнайы мектеп ашу» деп айтқаны есімде еді. Міне, Шәмшінің сол арманын іске асыру бақыты маған бұйырған сияқты. Шәмші ұстазымның батасынан кейін араға қаншама жылдар салып, шәкірт тәрбиелеу бақытына ие болдым. Сол тарихи кездесу талантты балалармен жұмыс істеуіме ерекше әсерін тигізді десем болады. Өздеріңіз білесіздер, 1997 жылы тұңғыш рет «Азия дауысы» халықаралық фестиваліне «Арман қала – Астана» әніммен қатысып, лауреат атандым. Осы жеңісім Арқа төсіндегі алып шаһар Астанаға қоныс аударуыма септігін тигізді. Ал Елордаға келудегі ең бірінші мақсатым – осындағы талантты балаларды тауып, қолдап, өнерлерін шыңдап, солар арқылы әлемге елімізді таныту еді. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп дана халқымыз текке айтпаса керек. Тума талантты қолдап, оның үлкен сахнаға шығуына ықпалымыз тисе, сауапты іс емес пе? Біз Шәмшідей тұлғаларға еліктеп, солардың әндерімен өстік. Сол сияқты мен де шәкірт тәрбиелеу ісіне үлкен жауапкершілікпен қарауға тырысып келемін.

– Осы жылдар ішінде жеткен жетістіктеріңіз аз емес. Жалпы, талантты қалай танисыз?

– Мен қандай жетістікке жетсем де, бәрі жалғыз өзімнің еңбегім деп айта алмаймын. Халық бар жерде, талант бар, халық бар жерде, өнер бар. Он саусақ бірдей емес қой. Сол сияқты көптің ішінен іріктелініп алынатын таланттар бар. Астанаға келгенде көптеген өнерлі жастардың бар екенін байқадым. Солардың ішінде бағы жанып тұратындары болады. Мәселен, көзі қарақты көрермен Ресейде ұйымдастырылған «Минута славы» бағдарламасында Еркеш Хасен атты шәкіртімнің талантына куә болды. Өзге елде өнер көрсетсе де қазақтың әнін шырқап, көпшілікті тәнті етті. Бұл бала Ақтөбе облысының шетіндегі ауылдардың бірінен келді. Ауылдың қарапайым қара домалақ баласы. Астанаға конкурсқа келіп, жарқырап көрінді. Соның нәтижесінде Мәскеуге аталмыш жобаға қатысуға жолдама алды. Сол арқылы ол алып шаһарға бірінші рет барып, ұшаққа бірінші рет мініп, халықаралық додаға да алғаш рет қатысты. Бәрі-бәрі Еркешке қызық көрінді, әрі осы сәттер оны шыңдады. Мінеки, сондықтан қайда бармасам да, таза дауысты, өнерлі, көзінде оты бар таланттарды іздеп тұрамын. Егер көзінде оты бар болса, ары қарай дұрыс жолға салып, тәрбиелеу, ұстаздармен бірігіп, сабақ беру – біздің парызымыз. Сондықтан шығармашылықтың бел ортасында жүрген азаматтардың бойында осындай тәжірибенің болғаны абзал. Адам ең әуелі өнерді жанымен сүйе білуі керек. Сонда ғана мақсаттарына жетпек. Мына сөздерді үнемі айтып отыраиын: «Өнерді сүйдің бе? Ендеше, маңдай теріңмен еңбек ет!». Егер тек теледидарға жылт етіп, бір көрінуді мақсат ететін болсаң, онда ұзаққа бармайсың.

Жаңа әуендерімді еліміздегі эстрада жұлдыздарына беріп жатырмын

– Білуімізше, сіз жетекшілік ететін «Талант» өнер орталығы 2011 жылы ашылды. Содан бері жас таланттарды шыңдау жолында табанды еңбек етіп келесіз. Бірақ таланттарды іздеймін деп өз шығармашылығыңызды әлсіретіп алған жоқсыз ба?

– Бұл сұрақ маған жиі қойылады. Халық жаңа әндерімді сұрап жатады. Ал менің әндерім күнделікті жазылып жатыр. Бірақ соны халыққа жеткізу, әншілерге әндерді өңдеп, тапсыру – үлкен жұмыс. Шығармашылықтың қайнаған ортасы «Талант» өнер орталығы бес қабатты ғимаратта орналасқан. Жұмыс қыруар. Оған жиі-жиі өтіп тұратын халықаралық фестивальдер мен конкурстарды, концерттерді қосыңыз. Әрине, бүгінде Қазақстан экономика жағынан дамыған ел ретінде әлемге танымал. Ал, мәдениетімізбен де азулы елдермен тереземіздің тең болуы маңызды емес пе? Өнерімізге барша жұрт тәнті болып, көк туымыз желбіріп жатса, еліміз үшін бұдан артық қандай мәртебе керек? Сондықтан, осындай игі істердің басы-қасында өнерге жанашыр әр азамат жүруге тиісті деп санаймын. Шетелдерде өткен қаншама конкурстарға қатысып қайттық. Сондай-ақ, Астанада «Ән Орда» фестивалін ұйымдастырып, топ жарып шыққан таланттарды Италия, Франция, Испания елдеріне апардық. Мұның бәрі – қазақтың һәм қазақ өнерінің мәртебесін асқақтатудағы игі істердің бір парасы ғана. Шамамның келгенінше өз шығармашылығыма да көңіл бөліп келемін. Жаңа әндерімді «МузАрт» тобы, Алтынай Жорабаева, Нұржан Керменбаев, Қарақат Әбілдина сияқты эстрада жұлдыздарына ұсынып, халыққа насихаттап жатырмын. Бұл туындыларым алдағы уақытта үлкен сахналарда орындалады деген ойдамын.

Шет елде қазақ әндерін ерекше сүйіп тыңдайды

– Бүгінде елімізде өнер орталықтары аз емес. «Талант» өзгелердер несімен ерекше?

– Баланың әнді дұрыс орындауы, резанатр, диафрагма сынды техникалық мүмкіндіктері мұғалімнің біліктілігіне байланысты. Сондықтан, бұл мәселеге үлкен мән береміз. Білікті ұстаздардың алдын көрген бала кез келген ортаны жарып шығады. Бұған мен кәміл сенемін. «Талант тас жарады, тас жармаса, бас жарады» демей ме?! Біз кез келген баланы қабылдамаймыз. Үлкен іріктеу болады. Қабылданған өнерпазға алты айдан кейін сертификат беріледі.

– Өнер орталығының есігі кез келген бала үшін ашық па? Жоқ, әлде, белгілеген ақысы бар ма?

– Әрине, ақылы. Біз білікті ұстаздарды жұмысқа тартып, әр пәнге оқытушы іріктегендіктен олардың да ақысын беруіміз керек. Бірақ, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан, жағдайы төмен немесе мұқтаж балаларға 50 пайыз жеңілдік белгілегенбіз. Сондай-ақ, екі-үш ай тегін оқытуға да мүмкіндігіміз бар. Бұл да жеңілдіктің бір түрі. Өз басымнан өткен мына жағдайды мысал ретінде айтайын. Тоғызыншы сыныпта оқып жүрген кезімде белорусь ағайдан гитарадан сабақ алғам. Төрт ай оқығаннан кейін әрі қарай дәріс алуға жағдайым болмады. Сосын ол кісіге «Мен оқуды тастайтын шығармын, өйткені, жағдайым жоқ» дегенімде: «Марат, сен таланттардың ішінде бірі емес, бірегейісің. Бес айдан соң мен еліме кетемін. Ал сен осы бес айда тәжірибе жинап, үйренетініңді үйреніп қал» дегені есімнен кеткен емес. Сондықтан, көзінде оты бар таланттарды көрсем, ақшасын былай қойып, тезірек өнерін шыңдап, тезірек үлкен сахнаға шығарсам екен деп талпынып тұрамын. Мүмкіндігім болса, ауылдағы таланттармен жұмыс істеп, оларға интернатпен дәріс беру мәселесін де қарастырғым келеді. Өйткені, Астана сияқты үлкен қалаға кез келген ата-ана баласын әкеліп, оқыта алмайды ғой.

– Марат Әбдіұлы, қазақ өнерін шетелге таныту мақсатында көптеген елдерде болып келдіңіз. Не түйдіңіз?

– Әрине, шет елдерде болғанда ерекше бір байқағаным, біздің тілімізге деген құрмет өте жоғары. Ана тілімізде ән орындасақ, өте жылы және қошеметпен қабылдайды. Сондықтан, дүниежүзін аралағанда ең әуелі тіл мәселесін бірінші орынға қою керек. Халықаралық дәрежеде қандай да іс-шара өткізгенде де тіл мәселесін ұмытпауымыз қажет. Ал екінші мәселе, шетелдіктердің біздің елге жиі келуге мүмкіндіктері жоқ қой. Сол үшін қазақтың салт – дәстүрін, тамыры терең өнерін кеңінен насихаттауға күш салуымыз керек. Үшінші, мәдениетімізге үлкен мән беруге тиіспіз. Құнды дүниелерімізді дүниежүзіне таныту жолында талмай еңбек етуіміз керек.

Осы айдарда

Back to top button