Маралөсірудің қыр-сырын меңгерген
Болат Бұқатаев – 2000 жылы ол Лениногор орман техникумында оқып, білім алды. Жолдастарыммен бірге Катонқарағайға қыдырып келгенде, табиғаты тамылжыған өңірді ерекше ұнатады, бесінші түлік марал өсіруге деген құлшынысы осы кәсіпке әкеледі.
Орталық-Азия университетінің заң факультетінде білім алып жүргенде, жолы түсіп Оңтүстік Кореяға барған кезде экономикасы дамыған мемлекеттің марал мүйізінен дәрі-дәрмекті қалай дайындайтынын көреді. Адам ағзасына аса пайдалы марал пантысын жасауға деген ынтасы арта түседі. 1997 жылы Кореяда жұмыс істеп, тәжірибесін арттыра түсті.
Бұдан кейін Ресейдің Алтай өлкесіне барып, марал өсірушілермен бірге еңбек етеді. Ресейде жыл сайын сол кезде 25 тонна марал мүйізі экспортқа кетсе, қазір бұл көрсеткіш 60 тоннаға жетіпті. Ал Қазақстанда жыл сайын жеті жарым тонна панты мүйізі Кореяға жөнелтіледі. Бұл – бұдан жиырма жыл бұрынғы көрсеткіш.
-Нарыққа енген кезде марал өсірушілер өз өнімдерін қайда жіберерлерін білмей сан соқты. Тіпті, Корея мемлекеті біраз уақыт пантыны қабылдамай тастады. Міне, осы кезде Катонқарағайда марал саны күрт төмендеп кетті. Бір кездері марал мен теңбіл бұғы ауданда он мыңнан асатын. Қазір алты, мыңға жетер-жетпес. Бірнеше жылдан кейін екі мемлекет басшылары арасында келіссөз болып, марал мүйізі арзан бағамен қабылдана бастады. Мемлекеттен несие алып, туыстарым көмектесіп марал өсіре бастадым. Бастапқыда маралдарды Таулы Алтайдан, сосын Көкпекті ауданындағы Самардан сатып алдық, обалы қанша, олар тез жерсінді. Қазір 613 марал бар. 28 шақырым жерге қоршау салдық,-дейді Болат Көкенайұлы.
Жергілікті жұрт Таза су атап кеткен жер теліміне келдік. Биік тау етегіндегі шөптің қалыңдығы сондай, жүрудің өзі қиямет. Сай-саладағы, өзімізге тиісті шөпті жақында шаба бастаймыз. Қыста бұл жерде қардың қалыңдығы екі-екі жарым метрге жетеді. Маралдарға қысқы маусымда 900 тонна шөпті қыстақтың маңындағы қоршаудың ішінде беріп отырамыз. Түс мезгілінде бір уақыт жем береміз. Әйтпесе, қатты қыста марал қоңын жоғалтып алады. Мамырдың соңына таяу мүйіз кесу басталады. Ол тамыздың онына таман аяқталады. Осы уақытта бізге пантымен емделуге адамдар келе бастайды. Биыл науқан қызған кезде ораза айы дөп келіп, ем іздегендер азайды. Енді келе бастады. 40 орындық асхана, 6 тұрғын үй бар. Марал мүйізін қайнатып, оны қыста тоңазытқышта сақтап, қыс мезгілінде де алдағы уақытты қызмет көрсету ойда бар. Қожалықта 150 ірі қара, жылқы бар,-деді Бөкең.
«Абзал» шипажайы туризмге ерекше көңіл бөле бастапты. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен келетіндер атпен 12 шақырым серуендейді, Бұқтырмаға барып, қармақпен балық аулайды, таза ауада демалады. Марал мүйізінің сорпасына түседі, фитобөшкеде қақсаған аяқ-қолына ем-дом алады. Өскеменнен келген дипломды Байсара Қайһарова балмен сылап-сипайды, қан қысымын ретке түсіреді. Байсара екі жарым ай шипажайға келіп, демалушыларға қызмет көрсетеді. Ал Болат Көкенайұлының жұбайы Майра Дәуітханқызы есеп-қисап жұмыстарын жүргізеді, тағам әзірлейді. Бұқатаевтардың екі ұлы Абзал мен Әлішер де әкелеріне қолғабыс жасап, марал өсірудің құпиясын зерттей түсуде. Реті келгенде айта кету керек, екеуінің де жоғары білімі бар.
– Маусым кезінде ондаған адамды жұмыспен қамтамасыз етеміз. Ал қыста бес адам маралды күтеді. Жалақылары жаман емес, қызметіне қарай 60-90 мың теңгеге дейін табыс табады. Биыл маралдардың сортына қарай еркегіне 41 мың теңгеге дейін субсидия төленеді деп естідік. Бұл бізге көп көмек болар еді. Марал өсіру – бейнеті көп тірлік. Жылына бірнеше рет қанын тексертеміз, дәрі-дәрмегіне қыруар қаржы жұмсалады. Кесілген мүйізді бірнеше рет қайнату керек, корейліктер оны қабылдаған кезде сапасына мән береді. Сосын марал мүйізін түгел жинақтап, кеденде рәсімдеу қажет. Ұшақпен жөнелткен кезде де басы-қасында боламыз. Бір келі панты шамамен 300 АҚШ доллары тұрады. Ал кететін шығынды есептесек, одан да көп, – деп ағынан жарылды Болат Бұқатаев.
– Биыл көктемде «Айтуға оңай» хабарына қатысқан кезде маралшылардың бейнетті тірлігіне басшылардың назар аударып, оларға қаржылай көмек керек екені жайында ой толғадым. Бізде Нұрлан Тохтаров деген азамат маралшылардың республикалық палатасына басшы болды. Нұрлан да теңбіл бұғы өсіріп отыр, оның да пантымен емдейтін шипажайы бар. Ауданда 11 пантымен емдейтін шипажай бар. Туризм дамып келеді. Шетелдерден биылдың өзінде жүздеген адам келді, бюджетке қаржы түсті, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рахымғали Байгереев.
Оңдасын Елубай
Катонқарағай ауданы.