Қоғам

Маралдының балы бар ма?

«Маралды ауылы қай жақта? Балы бар ма, әкелді ме?». Облыс орталығына Күршім ауданының жәрмеңкесі келді.

Күршімдіктердің негізгі кәсібі – мал шаруашылығы, балықшылық, бағбаншылық. Халықтың негізгі бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Сондықтан да «Маралдының балы», «Күршімнің қарбызы» десе, Шығыс жұрты елеңдесіп қалады. Сондықтан да бұл ауданда жәрмеңке де көбірек болады. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі ұсынған ақпаратқа сенсек, аудан орталығында биыл 43 жәрмеңке ұйымдастырылып, 47 миллионнан астам теңгенің өнімі саудаланған.

Осы жолғы Өскеменге келген жәрмеңкеде жылқы еті – 2 300 теңге, сиыр еті – 2 100 теңге, қой еті 1 900 теңгеден бағаланды. Барлығы 8 300 келі ет әкелінді. Алайда жоғарыда аталған бренд өнімдердің бірі – Маралдының өз балы аз екен. Ал қарбыздың болмағаны айтпаса түсінікті.

– Бақша өнімдері тамыз айында тоқтап қалғандықтан алып келе алмадық. Балдың түсімі де биыл әдеттегіден төмен. Сол себепті қала маңайындағы аудандардың кәсіпкерлеріне көкөніс пен бал сатуға рұқсат бердік, – деді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қуанған Сәйпішұлы.

Маралды ауылынан келген шаруа қожалық иесі небары төрт бөтелке (әрқайсы 1,5 литрден) бал алып келген. Оның айтуынша, Маралдыда шөп екпейді. Бал Алтайдың табиғи шөбінен жиналады. Биылғы түсім аз болғаны құрғақшылық салдарынан. Омарташы 1,5 литрлік балды үш мың теңгеге сатуға қойған. «Жәрмеңке болған соң бағаны сәл түсіріп тұрған жайымыз бар» дейді өзі.

Біз сөз қылып отырған бренд балдың жәрмеңке бастала салысымен «пышақ үсті» өтіп кеткеніне куә болдық. «Маралды ауылы қай жақта? Балы бар ма, әкелді ме?» деген базаршының көбі оған жете алмай, басқа аймақтардың өнімін қанағат тұтты.

Қуанған Сәйпішұлы көктемде жаңбыр аз болуы ауыл шаруашылығына белгілі мөлшерде әсер еткенін айтады.

– Биыл қуаңшылық қой. Шөп шығымы нашарлау болды. Сарыөлең ауылдық округінде 29 мыңдай гектар суармалы жер бар. Сол жерді екі рет шауып алғанның пайдасы тиді. Көрші ауылдарға шөп сатылды. Шөптің бағасы былтырғыдан 10 мың теңге қымбаттады. Бұдан бөлек, тұрғындарға Алғабас, Игілік, Шеңгелді ауылдарының су қайтқан жерлерін де шауып алуға ұсыныс бердік, – деді Қуанған Сәйпішұлы.

Жалпы ауданда, 1 103 шаруа қожалығы тіркелген. Оның 1 073-і жұмыс істеп тұр. Ауданда 80,3 мың бас ірі қара, 29,8 мың жылқы, 177 мың қой-ешкі және 52 мың үй құсы бар. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі былтырғымен салыстырғанда арта түскен.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button